“Джиро д’ Италия” – велошабандоздар көпкүндігі Еуропадағы атақты “Тур де Франс” және “Тур де Вуэльте” сияқты жарыстардан бір де кем соқпайды. Италияда жыл сайын мамыр-маусым айларында өтетін бұл жарыс 1909 жылдан бастау алған. Қызық үшін айта кетейік, бір ғасырдан астам уақыт велошабандоздардың көзқұрты болған жарысты ұйымдастыруға ұйытқы болған спорт функционерлері немесе айдай әлемге атын шығаруды мақсат еткен миллиардер біреу емес, қарапайым журналист.
Газет үшін басылымның таралымын өсіру, оқырмандар қатарын көбейту – өзекті мәселелердің бірі әрі табыс көзі. Бас редактор айтты бітті, тапсырма орындалу керек.
Спорт газетінің велоспорт бөлімінің бас редакторы Арманда Кунс деген қасқа бір күні кәлласын шайқап-шайқап отырып, тосын шешімге келеді. Басылымға оқырман тарту үшін газет бастамасымен велошабандоздар бәйгесін өткізуді ойға алады да, 1908 жылдың 7 тамызда Спорт газетінің бірінші бетіне 1909 жылдан бастап “Джиро д’ Италия” көпкүндігінің басталатындығы жөнінде хабарландыру беріп жібереді.
Ұрыста тұрыс жоқ. Хабарланды, жарыс өткізілуі керек.
Сонымен, Спорт газеті Италиядағы велошабандоздар жарысын ұйымдастырған бірінші басылым болып тарих парағына жазылған. Жеңімпаздар жүлдесін жалғыз басылым көтере алмайтындығы белгілі. Жақсы идеяны Италияның велоспорт одағы іліп әкетеді.
“Джиро д’ Италия” 1909 жылдың 13 мамырында жергілікті уақытпен 14:53-те Лорето қаласынан басталып, Миланда тізгін тартады.
Тарих үшін айта кетейік, ең алғашқы жеңімпаз Луиджи Ганна. Сегіз кезеңнен тұратын, ұзақтығы 2488 шақырымдық жарысқа қатысқан 127 велошабандоздың мәреге тек 49-ы ғана келгендігі, сол уақыттың өзінде жарыс тәртібі аса қатал болғандығын байқатады.
Биылғы жарысқа Қазақстан да “Астана” командасын үкілеп қосқан. 2008 жылы “Астана” командасының құрамында болған испандық Альберто Контадор осы жарыста бас бәйгені жеңіп алған еді. Бүгінде Контадорсыз қалған “Астана” “Джирода” үмітті чехтың жас велошабандозы Роман Кройцигерге артып отыр. Бұған дейін “Джиро д’ Трентино” кезеңінде бірінші болған Кройцигер Льеж-Бостан-Льеж жарысында төртінші болып мәреге келген.
Кройцигер алғашқыда қарсыластарына есе жібергенімен соңғы кезеңдерде тұрақты келе жатыр. Ал, көпкүндіктерде үнемі бас бәйгеге үйреніп қалған Альберто Контадор үшін бұл жарыс аса маңызды. Өйткені, допинг қолданды деп айыпты бола жаздағаны бар, оның үстіне жаңа командасы “Saxo Банктің” беделін көтеруі керек. Ондай жағдайда Контадорға байланысты алып-қашпа сөздердің ыстығы басылады. Өзі де әлемдік рейтингтегі биік орнын сақтап қалады.
Осының бәрін ой елегінен өткізген Контадорыңыз бас бәйгенің жалын өзінен басқаға ұстатуға бекінген сыңайлы.
“Джиро д’Италия” көпкүндігі мидай жазық далада өтіп жатқан жоқ. Жарыстың 13-ші кезеңі Альпі тауында өтті. Гросглонер асуының биіктігі теңіз денгейінен 2137 метр болған. Соңғы асуда Контадор бар күшін қос аяғына жиып, қатарынан суырылған. Оны бағып келе жатқан венесуалық Хосе Рухано да соңынан қосарға қос ат алып қуған. Мәреге қос жүйрік үзеңгі қағыстырып келді. Әйтсе де сәттілік венесуалдықтың жағында екен. Сынық сүйем озды. Үшінші болып 11-ші кезеңде бірінші болған Джон Гадре келді.
14-ші кезең Австрияның Лиенц қаласынан Монте Дзонколанға дейінгі 190 шақырымға созылған. Бастапқы жобадағы Монте Кростис еңісі велошабандоздар өмірі үшін аса қауіпті болғандықтан, сарапшылар ұйғарымымен алынып тасталды. Соның өзінде таулы аймақ спортшыларға ауыр соқты. Мәреге алты шақырым қалғанда көпкүндікте көш бастап келе жатқан Альберто Контадор тағы да сынаптай сырғыды. Михаэл Скарпони мен испандық Игорь Антон соңынан салды. Олардың екпініне “Астаналық” чех Роман Кройцигер ілесе алмады. Сонда да мамандарымыз Кройцигердің мүмкіндігін жоғары бағалап отыр.
16-шы кезеңнен кейін де жалпы есепте өзгеріс болған жоқ. Топ басында қой бастаған серкедей жұлқынып Альберто Контадор жеке-дара келеді. Сегізінші орындағы Роман Кройцигер одан 9 минөт 47 секөнт ұтылуда. Екінші, үшінші орындағы қос италиялық Михаэл Скарпони мен Виченцо Нибалиге 4 минөттен астам уақыт қана ұтылып келе жатқанын ескерсек, оншалық қауіпті де емес.
“Астана” командасының спорттық директоры Дмитрий Седун “Контадорсыз-ақ топ бастап, той тойлаймыз” дегенді жарыс алдында айтып еді.
Оның бір білгені бар шығар. Жарыс көрігі мәредегі қарақшы таяқ көрінген сайын қызып келеді...
Бақтияр ТАЙЖАН, “Егемен Қазақстан” – Италиядан.