Қарағандыдағы «Болашақ» университетінің ХХ ғасырдағы жаппай саяси қуғын-сүргін тарихын зерттейтін ғылыми-зерттеу және тарихи-ағарту орталығы бірнеше жылдан бері аймақтық әрі ғаламдық сипаттағы тарихи-құқықтық тақырыптарды кең ауқымда зерттеумен айналысып келеді.
Орталықтың қол жеткізген нәтижелері ретінде «Қарлаг тарихы» жобасы бойынша жоспарланған 15 томдық еңбектің 2010 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылып шыққан 5 кітабы жарық көргенін айтуға болады. Бұл еңбектердің алғашқы үш томында Қарлаг тұтқындарының естеліктері, төртінші томында Қарлаг тұтқындарының көркем шығармалары, бесінші томында 1954 жылы Кеңгірде орын алған тұтқындар көтерілісінің тарихы қамтылған.
Қарағанды облысында болған жапон әскери тұтқындары тарихының кешенді түрде зерттелуін және кең ауқымды мұрағаттық материалдарды алғаш рет ғылыми айналымға қосуды мақсат еткен бұл жолғы еңбек орталықтың жапон әскери тұтқындарының тарихына арналған тағы бір жобаның нәтижесі екенін айта кеткен жөн. Жапон әскери тұтқындарының кезінде Қарағанды облысына әкелінгені тарихтан мәлім. Олар мұнда әскери тұтқындарға арналған №37 (Балқаш), №39 (Жезқазған) және №99 (Қарағанды) лагерьлерде ұсталған. Олар аймақта кең қанат жайған өнеркәсіптік және азаматтық құрылыстарға жұмылдырылып, көмір өндіру, мыс қорыту өндірістерінде жұмыс істеді. Осы жағдайды ескерген орталық қызметкерлері Мәскеу, Қарағанды және Жезқазған қалаларындағы мұрағаттарда сақталған тарихи деректерді жинастыра келе, оларды алғаш рет ғылыми айналымға енгізе отырып, Қарағанды облысында болған әскери тұтқындар тарихының аз зерттелген тұсына баса назар аударды. Кітаптағы материалдар мен құжаттар тұтқындардың тұрмыстық жағдайларының шектен тыс қатал болғандығын көрсетеді.
Авторлардың ой-тұжырымдарын нақтылау мақсатында кітаптың соңында қосымша ретінде зерттеу тақырыбына байланысты танымдық материалдар да енгізілген. – Кітапта жапон тұтқындарының саны, оларды ұстау жағдайы, азық-түлікпен қамтамасыз етілуі, медициналық-санитарлық қызметтердің сапасы, тұтқындар арасындағы жұқпалы аурулардың түрлері мен өлім-жітім саны, істеген жұмыстарының негізгі сипаты мен ауқымы, репатриация үрдісі сынды өзекті тақырыптар қамтылды, – дейді жоба авторы, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Болашақ» университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков. Аталмыш еңбектің тұсаукесер рәсімінде Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Юдзо Харадаға осы кітаптың бір данасы сыйға тартылды. Бұл еңбек Жапониядағы алапат зілзала орын алған тұста жарыққа шыққан. Сондықтан «Болашақ» университеті сатылымнан түскен қаржыны табиғат апатынан зардап шеккен адамдарға көмек ретінде арнайы қорға аудармақ.
Майгүл СҰЛТАН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.