Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Депутаттар күн тәрібіне шығарылған он екі мәселені қарады.
Еліміз бен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы заң жобасын депутаттарға Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов таныстырды. Келісімге 2010 жылдың 24 қарашасында қол қойылған. Ал жобаның өзі үш құрамдас бөліктен тұрады. Алғашқысы ұлттық және салалық біліктілік шектерін құру мен 147 мамандық бойынша кәсіптік стандарттарын жақсартуды көздейді. Ұлттық, 14 салалық және 16 өңірлік кеңестерге жұмыс берушілерді қатыстыруды қамтамасыз ету қарастырылған. Осы ретте оқу орындары басшыларының менеджментін жаңарту технологиясына оқыту да қолға алынары белгілі болып отыр.
Техникалық кәсіптік білім беру оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 350 мың АҚШ доллары болатын 68 грант бөлінбек. Сонымен қатар, 147 кәсіптік білім беру стандарттары мен 940 оқу бағдарламаларын жаңарту назардан тыс қалмаған. Жобаны толық жүзеге асыру құны 33,2 миллион АҚШ долларына (4,9 миллиард теңге) бағаланса, сыртқы қарыз есебінен 24 миллион АҚШ доллары (4,4 миллиард теңге) және республикалық бюджеттен 4,2 миллион доллар (597,8 миллион теңге) қарастырылыпты. Жобаны жүзеге асыру 3 жылға жоспарланса, қарызды өтеу 4 жылдық жеңілдікпен 15 жылға беріліпті. Қарыздың үстемесі жылдық есеппен 1,5 пайызды құрайды. Министрдің пайымынша, аталған жобаны жүзеге асыру еңбек пен білім салаларын тығыз байланыстыруға мүмкіндік береді. Жоба кадрлар даярлаудың тиімді жүйесін құрып қана қоймай, экономикаға қажетті білікті мамандарға деген сұранысты қамтамасыз етеді. Депутаттар аталған заң жобасын бірауыздан мақұлдады.
Халықтың көші-қоны туралы заң жобасы және оған ілеспе заңдық құжат екінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы елімізге тұрақты тұру үшін келген этностық қазақтар мен олардың отбасылары, шетелдерден келген отандастарымыз бен олардың отбасыларын, сондай-ақ экономикалық болашағы жоқ және экологиялық қолайсыз өңірлерде тұратын азаматтарды өзге жерлерге ұтымды қоныстандыруды, жайғасуға жәрдемдесуді және әлеуметтік қолдауды қарастырады. Депутаттар Б.Тілеухан, Н.Өнербай, А.Смайыл, У.Қалижан және Н.Сабильянов ұсынған оралмандар мен олардың отбасылары құқықтарына қатысты түзетулерге Үкімет оң қорытындысын бергені белгілі болды. Депутаттар заң жобасын бірауыздан мақұлдады.
Сондай-ақ кешегі отырыста Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы да қаралып, қолдау тапты. Егер солтүстік көршіміздің ғарыш айлағы персоналдары, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік билік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері «Байқоңырдан» тыс жерде әскери қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасаса, оларға Ресейдің заңы негізінде жаза қолдану қарастырылған.
Кешегі жалпы отырысқа шығарылған жұмыспен қамту, қылмыстық іс жүргізу, рұқсат беру жүйесін жетілдіру және өзге де мәселелерге құрылған заң жобаларының барлығы да қолдау тауып, мақұлданғанын айта кету керек.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.