Мектептегі басты тұлға мұғалім екендігі белгілі. Тіпті қазіргі технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалім рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтындығын халықаралық тәжірибелер көрсетіп отыр. Демек, мұғалім біліктілігі, бұл еліміздің бүкіл білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғышарты, басты кепілдігі болып табылады. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білімді мұғалімдер, жан-жақты кемел ұстаздар ғана тәрбиелеп шыға алады. Сондықтан да біздің бүгінгі жылдан-жылға алға басқан қоғамымыздың ең көкейкесті мұраттарының бірі болып отырған білімді педогог кадрларды әзірлеу және қалыптастыру мәселелері, соның ішінде ұстаздар біліктілігін жүйелі арттырып отыру жолдары осы аптада өткен Үкімет отырысында жан-жақты талқыланды. Осы талқылаулар барысында ендігі уақытта осы істің жаңа жүйесі енгізіліп, қалыптастырылатындығы белгілі болды. Ал бұл дегеніңіз, ұзақ жылдардан бері бірте-бірте жүргізіліп келе жатқан еліміздің білім саласындағы реформалық шараларды одан әрі тереңдете түсу деген сөз.
Аталған мәселе жөнінде баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов пен «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» АҚ басқарма төраймы Күләш Шамшиденова министрлік пен акционерлік қоғам бірлесе отырып әзірлеген мұғалімдер біліктілігін арттырудың тұжырымдамалық жобасын ортаға салды.
Бұл тұжырымдама жобасы педагог кадрларды әзірлеу ісіне қатысы бар мектептен бастап, педагогикалық жоғары оқу орындарының бакалаврлық, магистрлік сатыларын және жоғары оқу орнынан кейінгі білімін көтеру, біліктілікті арттыру жүйелерін, сонымен қатар жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамының сапалық деңгейін тегіс қамтымақ. Яғни жобаны әзірлеушілер бүкіл білім беру жүйесін тиісті сатыларға бөле отырып, ұстаздар сапасын арттыру мәселесіне сан түрлі бағыттар бойынша кешенді түрде келген. Мұны тұжырымдама жобасын әзірлеудің жүйелі де тиімді қыры деп атап көрсетуге әбден болатындай.
Жобаны әзірлемес бұрын педагог кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруда жоғары нәтижеге жеткен Финляндия, Ұлыбритания, Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея және АҚШ секілді елдердің тәжірибелері жан-жақты зерттелінген. Сонымен қатар, тұжырымдаманы әзірлеу ісіне бірқатар білікті шетелдік сарапшы мамандар да тартылған. Осының негізінде еліміздегі педагог кадрларды әзірлеу және олардың біліктілігін арттыру жүйелерінің кемшіліктері шынайы түрде талданып, оларды дұрыс жолға қоюдың әдіс-тәсілдері мен бағыттары айқындалған. Мұның бәрі тұжырымдама жобасына енгізілген. Енді біз осы мәселелерге жеке-жеке тоқталып көрейік.
ПЕДАГОГ КАДРЛАРДЫ ӘЗІРЛЕУ
Қазіргі күні еліміздегі мұғалімдерді әзірлеу ісімен 23 мамандық түрі бойынша 85 жоғары оқу орны шұғылданады. Олардың 7-еуі ұлттық, 23-і мемлекеттік, 55-і жекеменшік жоғары оқу орындары.
Осылардың барлығында еліміз бойынша жылына 34 мыңға жуық мүғалім әзірленеді. Жалпы оқып жатқандардың саны 106 мың адам. Ал білім беру мекемелері ең әрі кеткенде жылына 10 мыңға жуық кадрды жұмысқа қабылдайды. Соның ішінде елуден астам же-кеменшік жоғары оқу орнының 35-і ең әрі кеткенде 10 пән бойынша ғана мұғалімдер әзірлейді. Міне, рынокта сұраныс жоқ басы артық мамандардың қалай пайда болатындығын осы талдаудан-ақ көруге болады.
Бакалавр деңгейіндегі оқытушыларды әзірлеуге берілетін мемлекеттік тапсырыстың көлемі 8 375 адамды, ал магистранттарды әзірлеудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 720 адамды құрайды. (Яғни магистрлар әзірлеу ісіне көп көңіл бөлінбей келгендігі байқалады). Оларды әзірлейтін педагогикалық жоғары оқу орындарындағы мұғалімдердің саны – 9 175. Олардың 1 643-і немесе 18 пайызы ғана шет тілінде сөйлей алады.
Педагогикалық оқу орындарындағы профессорлық-оқытушылар құрамының 29,9 пайызында ғана ғылым докторы және кандидаты ғылыми атақтары бар. Педагогикалық оқу орындарының қазіргі жағдайы халықаралық талаптармен сәйкес келмейді.
Сонымен, қорыта айтқанда, педагогикалық оқу орындары шығаратын түлектердің білім жөніндегі әзірлігі еліміздің қазіргі экономикалық даму қарқынына, сонымен қатар, ең бастысы, Қазақстан мектептері қажет етіп отырған білім беру сапасына сәйкес емес.
Міне, осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірқатар жүйелі шараларды енгізу жөнінде ұсыныс жасалып отыр. Бұл қандай шаралар?
Бірінші. Педагогикалық жоғары оқу орнының абитуриентіне оқуға түсер алдында оның әзірлігі жөнінде қойылатын талапты, сонымен қатар осы оқу орнының студентіне қойылатын стандарттық талапты айқындау. Абитуриенттің осы білім саласына психологиялық әзірлігін, педагогикалық білімге деген дағдысы мен ыңғайын айқындайтын емтихандарды енгізу.
Екінші. Үздік студенттерді тарту үшін педагогикалық мамандық бойынша берілетін гранттардың қаржылық құнын 30 пайызға, ал студенттер стипендиясын екі есе ұлғайту.
Үшінші. Студенттердің әзірлену бағытын практикамен ұштастыру үшін «педагогикалық жоғары оқу орны – инновациялық мектеп» кешенін қалыптастыру.
Төртінші. «Назарбаев университетінде» Кембридж университетінің қатысуымен «Білім беру» факультетін ашу. Мұнда педагогикалық жоғары оқу орындарының біліктілігін көтеру курсы халықаралық стандартқа сәйкес ұйымдастырылатын болады.
Бесінші. «Болашақ» бағдарламасы бойынша педагогикалық мамандықтар жөнінен магистранттар әзірлеу. Бұл іс биылдан бастап қолға алынады.
Алтыншы. Ұзақ мерзімді болашақта педагогикалық интернатураны енгізу, оның алдына педагогикалық жоғары оқу орындары түлектерінің теориялық білімі мен практикалық дағдыларын тереңдету, өздері қалаған мамандығы бойынша дербес кәсіптік қызметке әзірлігін көтеру талабы қойылады.
Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде мұғалімдерді әзірлеуге берілетін мемлекеттік тапсырыстың арасалмағында бакалаврлар үлесін азайту есебінен магистрлар әзірлеуге мән беру қажеттігін айтып, осыған орай олардың санын жылына 4 мыңға дейін жеткізуді ұсынды.
Сондай-ақ, даярлық сапасы төмен және еңбек рыногында басы артық мұғалімдердің пайда болуына әсер етіп отырған жоғары оқу орындарының санын қысқарту жайында да әңгіме болды.
Міне, осы белгіленіп отырған шаралар алдағы уақытта педагог кадрлардың әзірлігін арттыруға елеулі әсер етеді деп күтілуде.
ПЕДАГОГ КАДРЛАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІН КӨТЕРУ
Қазіргі күні елімізде мұғалімдердің біліктілігін көтеру ісімен Білім беру жүйесіндегі басшы кадрлардың біліктілігін көтеру жөніндегі республикалық институт пен облыстардағы 16 мұғалім біліктілігін көтеру институттары, педагогикалық жоғары оқу орындарының қасындағы 5 орталық шұғылданады. Бұл жүйеде 1606 маман жұмыс істейді. Олардың 20-сының ғылым докторы, 123-інің ғылым кандидаттары атақтары бар.
Осы оқу базасында жылына 80 мың мұғалім өз біліктіліктерін көтеріп келеді. Бір тыңдаушы үшін курстың өзіндік құны 27 мың теңгені құрайды. Соның ішінде өңірлердегі олардың құны 17 мың теңгеден 56 мың теңгеге дейінгі аралықта қалыптасып отыр.
Ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан мұғалімдер біліктілігін арттырудың бұл жүйесі көптен бері өзгеріске түскен жоқ. Яғни, жаңа талаптардан артта қалғандығы сезіледі. Олардың материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базасы төмен. Инновацияны алдын-ала, яғни уақыттан оза отырып қалыптастыру жөніндегі жұмыс мүлдем жоқ десе де болады. Сонымен қоса онда жұмыс істейтін әдіскерлердің жалақылары төмен. Білім беру саласындағы басшы кадрлардың біліктілігін көтеру ісімен айналысатын жоғары деңгейдегі институт пен мұғалім біліктігі ісімен айналысатын өңірлердегі институттар арасында өзара іскерлік байланыстар нашар. Былайша айтқанда, педагог кадрлардың біліктілігін көтерудің қазіргі жүйесі артта қалғандығы, оның күннен-күнге өзгеріп отырған заман талабына жауап бере алмайтындығы және өзгеруге икемсіз екендігі әбден айқындалып отыр.
Осыған орай бұл жүйені уақыт талабына сәйкес қайтадан құру, оған өзгеріске бейімділік сипатын дарыту қажет болуда. Осы үшін Білім және ғылым министрлігі басқа да тиісті қызметтермен және сарапшылармен бірлесе отырып, бірқатар шаралар кешенін әзірледі. Ол қандай шаралар?
Бірінші. Назарбаев интеллектуалдық мектептері базасында педагогикалық шеберлік орталықтарын құру ұсынылады.
Екінші. Жоғарыда сөз болып отырған педагог кадрлар біліктілігін арттыру институттарын төменнен жоғары қарай тікелей бағыныста болып келетін акционерлік қоғамға біріктіру ісі жүзеге асырылады. Педагогикалық институттардың қасындағы орталықтар одан әрі жетілдіріледі.
Бұл жаңа жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі ретінде мұғалімдер біліктілігін арттыру жөнінде ендігі кезекте бірыңғай тұжырымдамалық әдіс қолданылатындығын айтуымыз керек. Осы үшін әлемдік тәжірибе мен қазіргі заманғы мектептердің талаптары ескеріле отырып деңгейлік курстардың тақырыптары жеті модуль бойынша анықталатын болады. Олар: білім берудегі жаңа педагогикалық технологиялар; сыни ойлау жүйесі; оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау өлшемдері; орта білімдегі менеджмент және 12 жылдық оқытуға көшу жағдайындағы құзыреттілік негізде оқыту; ІСТ, «e-learning» оқытуды пайдалану; дарынды балалармен жұмыс істеудің қазіргі заманғы технологиялары.
Курстық әзірліктен өтіп, біліктілік емтиханын тапсырған мұғалімге тиісті сертификат тапсырылады. Біліктілік емтиханын тапсыра алмаған мұғалімге оны қайта тапсыру мүмкіндігі ұсынылады.
Таяудағы 5 жылдың ішінде жалпы білім беретін мектептердегі мұғалімдердің 50 пайызға жуығы осындай деңгейлік курстардан өтетін болады.
Мұнан кейін «Білім беру туралы» қазіргі заңда белгіленген біліктілікті бес жылда бір рет көтеріп отырудың орнына Ұлыбритания, Жапония және басқа да дамыған елдердің тәжірибелеріне негізделген мұғалімдердің жыл сайынғы міндетті түрдегі екі апталық әзірлік курстарын енгізу жоспарланып отыр.
ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ МЕКТЕПТЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕЛЕРІН ТАРАТУ
Осы мақсатта оқушыларға арналған жылына 136 сағаттық «Интерактивті online дәрістер» жобасы әзірленіп жасалған. Осы үшін электронды оқытудың халықаралық тәжірибелері зерттелінді. Осының нәтижесінде ELP (sabak.kz) порталы әзірленді. Бұл портал дәрістер беру үшін пайдаланылады. Осының негізінде интеллектуалдық мектептердің оқыту тәжірибелері таратылатын болады.
Сонымен қатар жылына 48 семинардан тұратын мұғалімдерге арналған «Интерактивті online семинарлар» жобасы әзірленді. Семинарларды көрсету www.sabak.kz білім беру сайты базасында жүзеге асырылатын болады. Семинарлардың тақырыптары «Сыни бағалау», «Сыни ойлау» және басқа да өлшемдер негізінде жүргізіледі.
Осы шаралардың барлығы қосыла келіп, ұстаздар біліктілігін арттырып, орта білім беру жүйесінің жағдайы мен тиімділігін жақсартады, білім саласында өзгерістерді енгізуге мүмкіндік береді, ақырында осылардың нәтижесінде оқушылардың білім сапасы едәуір дәрежеде арта түседі деп күтілуде.
«Білікті ұстаз – сапалы білім негізі» деп аталатын осы тұжырымдама жобасын жүзеге асыру үшін алдағы 5 жылға 339,3 миллиард теңге қажет болмақ. Оның 137 миллиард теңгесі еңбекке, ақы төлеудің жаңа жүйесі бойынша мұғалімдердің жалақыларын арттыруға бағытталса, 168,8 миллиард теңгесі олардың біліктілігін арттыруға жұмсалмақ.
Тұжырымдама жобасы алғашқы қарауында Үкімет мүшелерінің мақұлдауына ие болды. Әрине оны толықтай қабылдап, қолданысқа енгізу үшін әлі де бірқатар шараларды ұйымдастыру қажет болатындығы түсінікті.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.