Туризм және спорт министрлігінде Дүниежүзі қазақтары құрылтайының аясында шетелдегі қандастарымызбен кездесу өтті.
Кездесуде Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Қарлығаш Кәкен мен Спорт істері жөніндегі комитет төрағасы Елсияр Қанағатов бұқаралық спортты дамыту, елімізге туристерді көптеп тартуда істеліп жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы мәлімет берді.
Содан кейін Ұлыбританиядағы қазақ қоғамының басшысы Кессижи Исмаил сөз алды. Ол құрылтайдың барлық дүние жүзі қазақтарын бір мақсатқа жетелеу үшін біріктіретін үлкен күш екенін айтып, солардың бірі футболдан ұйымдастырылатын жарыс екенін тілге тиек етті. Сондықтан ол Еуропа қазақтарының арасынан шыққан талантты жастар Қазақстанның ішкі чемпионаттарына, жарыстарына қатыстыру үшін таңдап алынса, олар болашақта ұлттық құрамада өнер көрсетсе деген тілегін жеткізді.
Кездесуде екінші болып сөз алған Қытайдан келген қандасымыз Хайза Тәбәрікқызы қазір екі ел арасында барыс-келістің жыл сайын қиындап бара жатқанына, Алтайдың арғы жағындағы ағайындардың атамекенге келу ниеті зор екеніне, осы күндері виза алу мәселесі айлар бойы сағызша созылып, шешілмейтін мәселеге айналып отырғанына өкінішін білдірді. Ол Қытайдан атамекенге келемін деп буынып-түйініп отырған қандастарымызды Қазақстанға әкелу үшін басқа да жолдарды қарастыру керектігін айтты. Қазақстанның туристік фирмалары Қытайдағы қандастарымызға жеңілдікпен 10-15 күнге сапар жасайтын жолдамалар берсе деген тілегін жеткізді. Сонда Қазақстанға келген қандастарымыз осы уақыт ішінде алдағы кезде атамекенге келемін бе, келмеймін бе деген мәселелерін шешіп алуға да мүмкіндік алар еді.
Келесі кезекте сөз алған Омбы облысының «Мөлдір» мәдени орталығының жетекшісі Алтынай Жүнісова министрлікке өз ұсынысын көлденең тартты. Ол әуелі Ресейде қазақтардан құрылған «Намыс» командасына Қазақстанның ішкі жарыстарына қатыстыру мүмкіндігі берілсе, осы күзде Қажымұқанның 140 жыл толуына орай Омбыда қазақ күресінен халықаралық турнир өтсе деген тілегін білдірді.
Шеттегі қандастарымыз тілді сақтау, салт-дәстүрді дәріптеу сияқты мәселелер өздерін қалай толғандырса, адамның ұлттық сана-сезімін қалыптастыратын салалардың бірі туризм және спорт саласында да шетел қазақтарын алаңдатып, мазалайтын проблемалардың бар екенін жасырмады. Кездесу соңында Туризм және спорт министрлігінің өкілдері олардың барлық ұсыныстары қарастырылатынына сендірді.
Дастан КЕНЖАЛИН.