Асқар Алатаудың сілемдерімен астасқан Суықтөбе тауының етегінде Қастек атты шағын ауыл бар. Сырт қарағанда, бұл еліміздегі көп елді мекендердің бірі ғана. Алайда оның өзгелерге ұқсамайтын көптеген ерекшелігі бар. Сол ерекшелігінің бірі – осынау шағын ауылдың бір өзінен 15-16 ғылым докторлары, 50-ге тарта ғылым кандидаттары шыққан. Және олардың бәрі де қандай ғалымдар десеңізші. Иә, еліміздің іргелі ғылымдарының әр саласына сол Қастектен шыққан ғалымдардың әрқайсысының қосқан үлесі өз алдына бір төбе деуге болады. Әрине, Қастек ауылының адамдары оларды әрдайым мақтаныш тұтады. Сол мақтауға лайық ағаларымыздың бірі, техника ғылымдарының докторы Тоқтасын Меңдебаев десем, бұл артық айтқандық емес.
Осы арада сәл шегініс жасасақ, еліміздің өзге өңірлері сияқты Суықтөбе бауырындағы Қастек ауылының азаматтары да басынан талай-талай жәйтті өткерген. Оның бәріне тоқталып жатуға дәл қазір мүмкіндік жоқ. Қысқа қайырғанда, сонау қазан төңкерісінен кейінгі ақ пен қызылдың қақтығысын, ұжымдастырудың нәубетін, одан кейінгі Ұлы Отан соғысының барлық ауыртпашылығын басынан өткерген бұл ауылды көп елді мекеннің бірі ғана емес, бірегейі деуге болады. Олай дейтініміз, осы Қастек ауылының адамдары 1934 жылға дейін Кеңес өкіметін мойындамай, Суықтөбе тауының жықпыл-жықпылына тығылып алып, ақ гвардияшылармен де, қызылдармен де атысып, олардың ырқына көнбегені өз алдына бір әңгіме. Кейін Кеңес өкіметі тарапынан сол қылықтарының зардабын қастектіктер әбден көрді де. Біраз адамның қырғыз асып, жан сақтауға мәжбүр болуы бұл сөзіміздің бір айғағы. Тоқтасын ағамыздың әкесі Меңдебай ақсақал да сондай алмағайып заманда Қырғызстан асып кеткен екен. Ол Ұлы Отан соғысы басталған шақта ғана ауылға қайта оралыпты. Бірақ тағдыр тауқыметі, аштық пен қуғын-сүргін, ауыр жұмыс денсаулығына көп зардабын тигізсе керек, ауылға оралысымен-ақ дүниеден озған көрінеді. Тоқтасын ағамыз бен Күләй апамыз, міне, осылайша жетім-жесір атаныпты. Бірақ олардың бағына көп ұзамай соғысқа кеткен Меңдебайдың бауыры Нүсіпқұл жараланып, елге оралыпты. Жетімі мен жесірін жылатпаған ел емеспіз бе, Нүсіпқұл аға бауырының отбасын қамқорлығына алып, Тоқтасын ағаның алаңсыз ер жетуіне, оқып білім алуына көп көмек көрсетті. Ол кезде қазіргідей емес, ағайын мен туғанның, абысын мен ажынның өте тату кезі. Қатықсыз қара шайды, қатқан нанды қақ бөліп жейтін ауыл адамдары тағдыр тауқыметін бірге көтеретін.
Тоқтасын ағаның құрдастары да ызғарлы соғыс жылдарының ауыр нәубетін арқалап өсті. Содан да олар қайыспайтын қара нардай берік болып қалыптасты. Ауылдағы Бұлантай атамыз ашқан бастауыш мектепте Әбуғали Монтаев, Тоқтасын Әбдіқалықов, Хамит Дөшкеев, Базарбай Спанов, Жамал Ысқақкеліні сияқты білікті ұстаздардан білім алған Тоқтасын Алматыдағы №12-ші қазақ орта мектебінде оқуын жалғастырды. Бұл мектепте де үздік оқыған ол 1958 жылы Мәскеудің Бауман атындағы жоғары техникалық училищесіне оқуға түсті. Біз онда 3-4 сыныпта оқитынбыз.
Көршілес тұратындықтан да болар, менің анам Сәлиха мен Тоқтасын ағаның шешесі Күләй апамыз өте тату болатын. Екеуі егіс алқабында да, қырман басында да темекі тізбесінде де бірге жүріп, бірге еңбек ететін. Таң бозынан кетіп, жұмыстан қас қарая оралатын екеуі үйдегі бір шәугім шайды да бірге іше отырып, шер тарқата сырласушы еді. Сондағы Күләй апамыздың көбіне айтатыны баласы Тоқтасынның жайы болатын. «Тоқтасыным оқуын бітірген соң келін аламын. Шіркін, сол күнге жетсем ғой», – деп армандап отыратын. Баласының жұрттың аяғы жете бермейтін Мәскеуде оқитынын мақтаныш көретін апамыз, тәубе, ол арманына жетті де. Алайда ол күнге дейін апамыздың талай қиналыстан өткені анық.
Әлі есімде, бірінші курсты бітірген соң Тоқтасын аға ауылға келді. Жаз бойы тыным көрмей, ұжымның шөбін шабысты, астығын орысты, темекісін жиысты. Бірақ күзді күні ақысын еңбеккүнмен алды. Онда колхозда ақша жоқ, еңбеккүн үшін әркімге мөлшерлеп арпа-бидай, шөп беретін. Қалтасында көк тиыны жоқ студент Мәскеуге қайтуға ақша таппай қатты қиналған. Біреуден ала тұруға да еш мүмкіндік жоқ. Себебі, елдің жағдайы бірдей. Сол кезде Күләй апамыз зыр жүгіріп, баласының қайтар жолына қажет тиын-тебенді жылап-сықтап жүріп, зорға жинап бергені әлі көз алдымда тұр. Нүсіпқұл ағаның үйіндегі Тоқтасын ағаның жеңгесі Анаркүл тәтеміз де бұл әулетке оңынан кездескен екен. Күләй апамыздың алдын қиып өтпейтін тамаша келін бола білді.
Сол бір сындарлы қиын шақта елдің ынтымағы мен бірлігі де кемел, пейілі де кең еді. Қазір ғой, заман кеңейіп, бақ-дәулетіміз артқанменен адамдардың пейілі тарылып бара жатқаны. Ол кезде қатықсыз қара көже ішіп жүрсе де жайраңдап, жарқылдап жүретін. Ең ғажабы, сол адамдар ең алдымен балаларының оқып, білім алғанын армандайтын.
Жалпы, сол қиын-қыстау кезеңнің өзінде қазіргідей қарақан басын емес, бүкіл елдің тілеуін тілеген, елдің ұйытқысы болған екі азамат менің есімде ерекше жақсы сақталып қалыпты. Оның бірі – Усабек атамыз болса, екіншісі мектебіміздің алғашқы директоры болған Әбуғали ағамыз еді.
Усабек ата бүкіл жетім мен жесірдің қамқоршысы еді. Жоқ-жітікке үнемі көмек қолын созып отыратын. Ауылда ол кісінің алдын ешкім кесіп өтпейтін, айтқанын екі етпейтін. Көктем шыға ол елді ұйымдастырып, арық-атыздарды қаздыратын, ауылға су әкелетін, көшенің бойына тал-терек ектіретін, бау-бақша отырғызатын. Тіпті 1960 жылдары өзі бас болып алма ағашының көшеттерін әкеліп, әр үйге таратып, оны отырғыздырғаны әлі есімде. Қастектегі бүгінгі жайқалып өсіп жатқан алма ағашы сол кісінің егіп кеткен жемісі.
Мектеп директоры болған Әбуғали Монтаев ағамыз да елді жинап, қамыс орғызып, ескі мектептің шатырын жаңалады. Әктеп-сырлап, қожыр-қожыр мектеп үйін жұнттай қылғаны да есте. Сабақтан бос уақытта ауылдың бар баласын жинап алып, оқу ордасының айналасындағы жерді дуалмен қоршатып, бау-бақша еккізген. Көше бойлатып тал, терек отырғыздырған Әбекеңнің ісін ауыл жұрты ұмытқан жоқ. Қайта олардың әрбір ісі кейінгі ұрпақ үшін үлгі- өнеге болды.
Бұл адамдар жайлы жазудағы мақсат та Тоқтасын ағаның шыққан ортасының, тал бесігінен алған тәрбиесінің өзегі қайда жатқанын айту еді. Айтса айтқандай, Тоқтасын аға да сол жоғарыдағы ағаларындай еліне шын жанашыр азамат болып қалыптасты. Мәскеудегі оқуын бітіріп келісімен Алматыдағы жабық әскери зауытқа өз мамандығы бойынша инженер болып орналасты. Жас маман ретінде ерекше қамқорлыққа бөленіп, екі бөлмелі үй алды. Тоқтасын аға мен Қапуза тәтенің сол шағын пәтеріне Қастектен бармаған адам кемде-кем шығар. Қашан көрсең сол үйдің төрінде ауылдағы ағайын-көрші терлеп-тепшіп шай ішіп отыратын. Ауылға “Ақ келін” атанған Қапуза тәтеміздің пейілінің кеңдігі сонша, ара-арасында жұмысына жүгіріп барып кеп, ерінбей-жалықпай сол кісілерге қазан көтеріп, тыным таппайтын.
“Ағаның үйі – ақ жайлау” деген ғой, әрі Күләй апамыз осында отырған соң біз сияқты студенттер де сол үйді жағалаймыз. Орта құрсақ болып жүргендіктен, осы үйге анда-санда бір соғып, тыңқиып тойып қайтамыз. Онымен қоймай, неше түрлі жиын-тойымызды да осы кісілердің үйінде өткіземіз. Неткен кеңдік, неткен қаймағы бұзылмаған қазақы мінез десеңізші. Қазір ондай тар үй түгіл, біреудің кең сарайдай көк ордасына басыңызды да сұға алмайсыз.
Сол қарапайым халықтың алғысын алғандығынан шығар, Тоқтасын аға мен Қапуза тәте жаман болған жоқ. Өндірістен кейін, ізденіп жүріп, ғылыми жұмысқа ауысты. Қазақтың Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университетінде ұстаздық етті. Кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғады. Бір айта кететін жәйт, Тоқтасын 2008 жылға дейін Қазақстанда мәшине жасау саласынан докторлық қорғаған жалғыз ғалым еді. Қазақтың инженерлік ғылымында ойып тұрып өз орнын анықтаған ол мәшине жасау саласының елімізде кенже қалғанын ескере отырып, шәкірт тәрбиелеуді де ұмытпады. Иә, оның жетекшілігімен 3 адам ғылым докторы, 11 адам техника ғылымдарының кандидаты атағын алды. Бұл арада Тоқаңның жүзге жуық ғылыми еңбектердің, жинақтардың авторы екендігін айта кетсек дейміз. Алайда ол еңбектерінің бәрінің атын атап, түсін түстеуге газет мүмкіндігі көтермейтінін ескере отырып, бірер еңбегіне ғана тоқталатын болсақ, оның қазақ тілінде мәшине жасау технологиясы туралы оқулық жазған алғашқы ғалым екендігі де біраз жәйтті айтып тұрған жоқ па. Сондай-ақ 2000 жылы «Рауан» баспасынан шыққан мәшине жасау технологиясы жөніндегі алғашқы сөздіктің авторы да осы біздің Тоқаң.
Тоқаң өнегелі отбасының бас иесі. Ұл-қыз өсірген әке. Немере сүйіп отырған ата. Солардың бәрі Тоқтасын ағаның қамқорлығына, жылуына бөленіп, бақытты тұрмыс кешіп жатыр десем, туған әкесінің орнын жоқтатпай, қамқор бола білген Нүсіпқұл ағасынан қалған ұл-қыздарына да ол әке орнына әке бола білді. Бәрінің жоғары білім алуына жәрдемдесті. Артынан ерген Тоқтамысты – техника ғылымдарының докторы дәрежесіне жеткізді. Аға алдындағы парызын адал орындады. Ауылдың оқимын деген бар баласына да көмек қолын созудан жалыққан емес. Жанам деген жүрекке шоқ тастаған ғалымды шәкірттері де ерекше жақсы көреді. Тоқаңның әріптестері де оның білім-білігін, адамдық қасиетін жоғары бағалайтынын көз көріп жүр. Өз басым осындай қадір-қасиетке ие азаматты ең бақытты адам деп санаймын. Иә, Тоқтасын аға шын мәнінде бақытты адам.
Серік БАЙБАТЫРОВ, Қазақстан Республикасы Жоғары әскери сотының төрағасы.