27 Мамыр, 2011

Ядролық қаруды таратпау – баршаға ортақ мәселе

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Сауда­баев­тың төрағалық етуімен Қа­зақ­стан Республикасының Президенті жанындағы Жаппай қы­рып-жою қаруын таратпау мә­се­лелері жөніндегі комис­сия­ның кезекті отырысы өтті. Оты­рыста комиссияның бұдан бұ­рынғы шешімдерінің орын­далу барысы, сондай-ақ қару­ды таратпау саласында Қазақ­станның халықаралық ынты­мақ­тастағы өзекті мәселелері қарастырылды. Мемлекеттік хатшы, комис­сия­ның төрағасы Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығына орай, ағымдағы жыл дүние жүзінде апатты қару-жарақ таратпау үдерісі үшін маңызды еке­нін атап өтті. Бұл оақиға Қа­зақ­станның және Президент Н.На­зарбаевтың ядролық қауіп-қа­терді қысқарту мен таратпаудың жаһандық үдерісіндегі мойын­дал­ған көшбасшылығын тағы да терең танытуға мүмкіндік береді, деді Қанат Саудабаев осы тура­лы. 29 тамыз – Семей поли­го­нының жабылу күнін Яд­ро­лық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-әрекеттер күні ретінде жария еткен БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары осы істердің нақты ай­ғағы болып табылады. Мемлекеттік хатшының оты­рыс­та атап өткеніндей, комиссия мемлекеттің қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етудегі Елбасының саяса­тын іске асыру, Қазақстанның келешекте жаппай қырып-жою қа­руын таратпау жаһандық үде­рі­сіне белсенді қатысу және бұл саладағы Қазақстан Прези­денті­нің белгілі халықаралық бас­та­маларын ілгері жылжыту құ­ралы болып отыр. Комиссия отыры­сының күн тәртібі осы мә­се­лелерді шешуге бағыт­тал­ған. Комиссия отырысының қоры­тындысы бойынша экспорттық бақылауды одан әрі жетілдіру, таратпау режімін нығайту, сон­дай-ақ Семей ядролық полигоны жа­бы­луының 20 жылдығына арнал­ған іс-шараларды жан-жақты және жоғары деңгейде ұйым­дас­тыру жөнінде мемлекеттік орган­дарға тиісті тапсыр­малар берілді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.