Ұлттық академиялық кітапханада мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелерін заң жолымен жетілдіруге қатысты дөңгелек үстел болып өтті, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.
Дөңгелек үстелді Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті, «Нұр Отан» ХДП-ның Парламент Мәжілісі фракциясы жанындағы Қоғамдық ұйымдармен байланыс жөніндегі кеңесі, Мәдениет министрлігі, «Қазақстанның азаматтық Альянсы» ЗТБ ұйымдастырды. Бұл басқосуда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыға түсті. Осы шара Парламент Мәжілісінің негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілді.
Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» ХДП-ның Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Қоғамдық ұйымдармен байланыс жөніндегі кеңестің мүшелері, заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері, Мәжіліс Аппаратының өкілдері, заң жобасын әзірлеушілер – Мәдениет және Қаржы министрліктерінің жауапты қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдері қатысты.
Басқосуды жүргізген Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева кіріспе сөз сөйледі.
– Қазақстан Президентінің 2006 жылғы 25 шілдедегі Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасында «Yкіметтік емес ұйымдар сегментінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру тетігін жетілдіру мен оның ашықтығын қамтамасыз ету, оны іске асыру тетігі мен рәсімдерін жақсарту, YEҰ-ның басым әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды айқындауға қатысуы мәселелерін көздеу және Мемлекет пен YЕҰ-ның өзара іс-қимыл үдерісін тұтастай тереңдету, әсіресе, өңірлер мен ауылдық жерлерде YEҰ бөлігін дамытуды қолдаудың институттық және ұйымдық базасын нығайту қажет» деп атап көрсетілген, – деді Динар Нөкетаева. – Бүгінгі таңда жалпы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелеріне қатысты жиналып қалған бірқатар проблемалар бар.
Оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырудың қолданыстағы тетіктерінің жетілмегендігі, оны жүзеге асыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастар субъектілерінің қажеттіліктері мен олардың іс-әрекеттерін регламенттеу мәселелері, оның ішінде құқықтары мен міндеттерін айқындауы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орталық және жергілікті деңгейлердегі бөлу тәжірибесін кешенді зерттеу қорытындылары мен аталған мәселе бойынша қоғамдық пікірлерін айтуға болады. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет тарапынан қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік тапсырысты іске асыруға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді игеруге қоғамдық қатынастар субъектілерінің жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бөлуде мемлекеттік саясаттың басымдықтары мен республикадағы және жекелеген өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық даму қажеттіліктерін ескеру керек екендігі сөзсіз.
Келесі кезекте Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева баяндама жасады. Парламент Мәжілісінің депутаты аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Гүлнар Сейітмағанбетова атқарылған жұмыстар мен талқылау барысы туралы айтып берді. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстанның азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Айгүл Соловьева өз ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ «АРГО» азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы» ЗТБ директоры Жәмила Асанова өз пікірін білдірді.
Қатысушылар пікірі дұрыс заң қабылдасақ, ол бәрімізге абырой әкеледі деген бір арнада тоғысты.