Осыдан 20 жыл бұрын егемен ел атанып, тәуелсіздікке қол жеткізіп жатқан шақта Семейде айтыс ақындарының мектебі ашылған-тын. Ол есімі елге белгілі айтыскер ақын Дәмеш Омарбаеваның зор қажыр- қайраты нәтижесінде мүмкін болған еді. Д.Омарбаева оған күні бүгінге дейін біліктілікпен басшылық жасап келеді. Жергілікті басшылық та айтыскер ақындар мектебін бюджет есебінен қаржыландырып, қолдан келгендерінше қамқорлық танытуда.
Осындай екі жақты қамқорлық нәтижесінде өткен жиырма жыл ішінде аталған мектептен бүгінде есімдері айтыс жанашырларына кеңінен танымал Сара Тоқтамысова, Ринат Зайтов, Қарлығаш Әубәкірова, Нұржан Өмірбаев сынды небір аламан жарыста топ жарған айтыскер ақындар өсіп шықты.
Мұнда «Наурыз нақыштары» деген тақырыппен жыл сайын қалалық жас ақындар айтысын өткізу дәстүрге айналған. Биылғы мерекелі жылы қайта жөндеуден өтіп қатарға қосылған қалалық мәдениет сарайында өткен сол дәстүрлі айтыс бұл жолы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Жас ақындар сайысын кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыстық ішкі саясат департаментінің бастығы Омар Жақсылық пен Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Құсмилия Жырғалұлы оларға жыр додасында сәттілік тіледі. Бұдан кейін жас ақындар тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жердегі ел жетістіктерін, кеше ғана өткен президенттік сайлаудағы ел ұйымшылдығын жырлаумен бірге, наурыз, мәңгі жастық, көктем тақырыбын да ұмыт қалдырмады.
Сайыс қорытындысында бас жүлдені Семей мемлекеттік педагогика институтының студенті Ардабек Ақбалаұлы иеленсе, бірінші орынды қаладағы №26 орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрлан Бектібаев жеңіп алды.
Д.Омарбаева енді облыс оқушылары арасында айтыс өткіземін деп отыр. Онда да басты тақырып ел тәуелсіздігі болмақ.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.