Сонау 30-жылдардағы алапат қиындықтарға қарамастан, қазақ халқы корейлер, немістер, түріктер, чешендер мен күрдтерді бауырына басып, бір үзім нанын бөліп беріп, оларды ажалдан аман алып қалғаны – өмір шындығы. Міне, осы өмір шындығын «Қазақфильм» студиясы кино тілінде сөйлетіп, қазақ даласына мәжбүрлеп қоныс аударылған жандардың жан азабы, көз жасы, көнбіс тірлігі желі боп тартылған «Жерұйық» фильмінің алғашқы көрсетілімін жұртшылыққа ұсынды. Бұл туындыны бейнелеп айтқанда, жоғарыда аталған ұлттар мен басқа халықтардың өздерін ықыласпен қарсы алған қазақтарға деген шынайы алғысынан туған фильм десе де болады.
Режиссер Сламбек Тәуекелдің осынау аталмыш фильмі осыдан бірнеше жыл бұрын ұлттық киностудияға Елбасы арнайы келген кезде алда түсірілетін ауқымды картиналар қатарында ұсынылған болса, Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен жобаланған «Жерұйық» фильмін түсіруге бақандай бір жыл кетіпті. Өйткені, зобалаң жылдарды бейнелейтін көркем фильмді түсіру 2009 жылдың қарашасы мен 2010 жылдың қарашасы аралығында жүрген. Себебі, фильмде қыстың қақаған аязы, жаздың аптап ыстығы, көктемгі егін, күздік егін орағы сынды жылдың төрт мезгілі қамтылуы қажет болыпты.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дейтін Абайдың ұлы сөзімен басталатын картина өз мақсатын орындайды.
Фильм: «Егер Орынбай аға болмағанда, сол жылдар мен үшін ит-құс құтырған жыл ретінде ғана есімде қалған болар еді» деген корей ақсақалының естелігімен басталады. Сонау бір кезеңдегі сан ұлттың жігерін жасытып, белін қайыстырған қатал жылдарда балалық шағы өткен қария өткен жылдар жайлы осылай толғанады. Айтқандай, фильмнің сценарийін сол жылдардың зардабын тартқан қандастарының естелігіне сүйене отырып жазған Лаврентий Сон. Бұл жерде сол баланың прототипі де Лаврентий Сон деп айтуға да негіз бар.
Фильмнің басты идеясы — Қазақстандағы көпұлттылықтың пайда болуын, бұл үрдістердің себептерін көрсету. Қазақстандағы 1937 жылдан бастап Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейінгі уақыт аралығындағы өзге ұлттарды күштеп депортациялау кезеңін корейлердің тағдыры арқылы жеткізу. Иә, басқа ұлттардың қазақ жеріне қалай қоныс тепкені баяндалатын осынау фильмде тонның ішкі бауындай араласып, күнде қатар жүрген корей, чешен, неміс достардың қазақ топырағына әу баста қалай келгені нақты көрсетілген.
Осы тұстан сөз өрбітетін болсақ, «Жерұйық» жас көрерменге ой салады, көзіңе жас тұндырып, тарихтың түкпіріне жетелейді. Сталиндік жеке басқа табыну дәуірінің құрбандары – туған жерлерінен күштеп жер аударылған ұлттардың ауыр тағдыры ертегі де, аңыз да емес, кешегі күннің ақиқаты екені көрсетіледі.
«Жерұйық» көркем фильмінің режиссері Сламбек Тәуекелдің айтуынша, бас кейіпкер Орынбай – өмірде болған адамның прототипі. Ел басқарып, береке-бірліктің ұйытқысы болған нар тұлғалы азамат бейнесін кинода сомдауға ниеттенген режиссер кинодраматург Лаврентий Сонға қолқа салып, олар бірлесе отырып сценарийді жазып шыққан.
– Кейін фильм өндіріске жіберілер сәтте Орынбай рөлін орындауға дарынды актер Болат Әбділмановты қолай көрдім. Бұрын да бірге жұмыс істеп, сыралғы болған актердің осынау күрделі образды толық ашуға мүмкіндігі мол екеніне шүбәм болған жоқ. Сол сенімім ақталды. Адамдардың қилы тағдыры арқылы тарихи кезең шындығын мейлінше тереңдей ашуға тырыстық. Белгілеген үдеден табылдық па, жоқ па, оған жалпы көрермен қауым, кинотанушылар төреші, – дейді Сламбек Тәуекел.
Фильмнен Нұрқанат Жақыпбай (Жылқыбай), Мұхитжан Ізімов (Икрамжан), Эдуард Пак (Петр), Яков Ломега (Тейтельбаум), Сергей Петров (Потапыч), Әнуар Нұрпейісов (Теміржан), Бағлан Әбдірайымов (Уәлижан) және т.б. таланттардың да ойынын көреміз.
Талдықорған жақта, Матай ауылында, Үштөбеде түсірілген картина дәл сол халықтар жер аударылған жерлерде түсірілген. Картина барысында көрермен қауым мынадай бір қызықты тарихи дерекпен де қауышады. Сан мыңдаған жандарды ажал құштырған атақты Калашников автоматын Калашников сол Матайда жасаған екен. Білетіндердің айтуынша, сол автоматты жасаған станок жергілікті депода әлі сақтаулы тұрған көрінеді. Қоныс аударылып келген неміс ғалымы Тейтельбаумға сол қаруды көрсетуге алып келетін тұс та тарих осылай жасалынатынын көрсетеді.
Фильмнің көрсетілімінен кейін журналистермен өткізілген баспасөз мәслихатында Лаврентий Сон:
– Көркем фильм болса да «Жерұйық» – тарихтың шындығы. Тіпті мұнан да қиын оқиғалар болған. Ал фильм барысындағы жәйттер 1937 жылы өтеді. Мен осының бәрін өз басымнан кешірмесем де (1941 жылы туылдым ғой), ақсақалдардың айтуымен естеліктерді қалпына келтірдім. Сол зұлматты көрген кейбір көзі тірі жандар оқиғалардың соншалықты дәл келтірілгеніне таң қалып жатыр.
Соғыстан кейінгі жоқ-жітік жылдары күрд баласы Хасан екеуміз мектепте бірге оқыдық. Сол досым да «ойпырым-ай, қалай айнытпай жасағансыңдар» деді. Ал фильмдегі кейіпкер Орынбай деген ақсақал өмірде болған адам. Фамилиясы есімде қалмапты. Қаншама адамдарға жақсылық жасап, шарапатын тигізсе де, өзі өмірде өте көп қиыншылық көрді. Бір қасіреттен кейін бір қасіретке душар болды. Өкінішке қарай, ол кісінің тағдыры қалай ақталғанынан хабарсызбын, – дейді.
Солай. Фильм Орынбайдай мәрт қазақтың Сібірге айдалуымен бітеді. Саясат адамдарға не істемеген?! Алайда, қаншама қиын күндер болса да жақсы адам өз қасиетімен қала беретінін, сатқындарды уақыт жазалайтынын осы фильм тағы да паш етеді.
Ең бастысы, фильмнің аты айтып тұрғандай, қазақтар бауырына басқан бауырлас халықтармен бірге – Отанымыз Қазақстанның жерұйыққа айналғанына бүгінде куә боп отырмыз.
Бір айта кететін жайт, бұл фильм Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Алматы, Астана жұртшылығына қатар көрсетілді.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.