01 Маусым, 2011

Қазақтың жері – байлығым

729 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Дүниежүзі қазақтары ІV құрылтайы аясында «Жырым саған, атажұрт» атты мүшәйра өткені жайлы біз оқырманға хабарла­ғанбыз. Енді бүгін осы мүшәйрада жүлделі орын алған ақындардың өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Қазақ Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ (Бас жүлде) Алпыс екі тамырымда ой балқып, Өлең аңқып өзегім. Кешегімнің күлгін сәулелі іздерін, Бүгінгімнің күрсінісінен іздедім. Көкірегімде ақ раушан бүр жарып, Бір Аллаға жүгіндім. Сайтан билеген санаға іштей дұға оқып, Күнәлі ісіне үгілдім. Тұманнан тұнған тамшыдай мөлдір болса да, Кірпікке ауыр мұң ілдім. Кеше… Кеудемде Күн тұтылып; Жанарымда Ай қорғалап; Көмейімде үнім тұншығып; Самайымнан сорым сорғалап; Таңдайымда Тілім бұралып; Жылт-жылт еткен жылтыр сөзбен мақталып; Ішімнен шыққан сасықтың сыбырымен сотталып; Арсыз саясат арлы жанымды шайнаған; Әдет-ғұрпым әміріне тапталып, Аңғалдығымды айласына байлаған; Түйсігімді түрмесіне қамаған; Күліп тұрып, күңірентіп, Қасиетімді қанаған – Ей, тоталитарлық тор – қоғам, Иманды жұртты арбаған... Қызғаныштың жирен демінен жаралып, Менің Ұлттық Ар-намысымды қорлаған; Сенің сайқал саясатыңның кесірі – Обалымның бет-ауызын қанатқан, Боздақтарымды талатқан. Көз алдымда көзін уқалап жетім мұң, Өткенімде өшім кетіп, Өкіндім! …Бақ тілеп мына нұрлы да сырлы ғаламға, Баталы байтақ даламда, Арман-үмітпен ғана дос болып, Сабырым тұнған санамда – Мен – Қазақ деген ақынмын – Сегіз қырлы өткір сөзіммен Адырнасын тартып ақылдың, Адыра қалғыр арам пиғылға ақ жебе болып атылдым! «…Азаттық!», – деп аппақ тілекпен, Ұлы далалық жүрекпен; Абақтыдан айқайлаған арыммен; Желтоқсанның қар-мұзындай ызғарлы – Қан сасыған мың ғасырдың табымен; Көкшіл түнде көкке ұмсынған Тәңірлі – Көк бөрінің зарымен; Жан дүниемнің жасынды жаңбырын селдетіп… Соқыр заман мен ақырзаманның арасын, Өлеңімнің өр қуатымен тербетіп, Жалап жазып жүрегімнің жарасын, Елім деген есті үмітке елжіреп, Көк байрағым желге қарсы желбіреп, Ауызымда аласұрып қызыл тіл, Тәуелсіздігіме сүйініп, Таңдайыммен таңданып, Маңдайыммен иіліп, Қан майданда қаным сіңген топырағымда тебіреніп, Уай, Әділет, алдыңда, Теңіздей толқып, теңіздей толқып, сөйледім! Атамекенге хат   Қуаныш ДӘЛЕЙҰЛЫ (Бірінші орын) Атамекен – армандаймын аңырап, Сағынышым желдей есер жамырап. Алты алаштың ат байлайтын қазығы, Қазақстан – алып қара шаңырақ. Бодандығым көп боздатқан болдыртып, Көзім жасы – көдеңдегі мөлдір шық. Асан қайғы – арманымды артып ап, Жетсем бе екен желмаямды желдіртіп. Отарлықтың уысында тұншыққан, Қайран қазақ, қанды жасын ыршытқан. Кею жылдар кетті жүйткіп, шағың бұл Таңың атқан, тамылжып бір күн шыққан. Қазақ елі – қасірет еміп, қан жұтқан, Таңың атты, О, бұл таңың – алғыс таң. Қуаныштан жыла, ақ қаз ұрпағы, Ақ айдының азат бүгін қарғыстан. Ойың азат – Ділің азат, Тіл азат. Жерің азат – Елің азат, Құл азат! Еңселісің, Еңсең сенің – бостандық, Бақыттысың, Бағың сенің – тұл азап! Қайран халқым, құдайынан бақ тапқан, Жолын тапқан ескі сүрлеу соқпақтан. Түскен саған тәңірінің шуағын, «Азаттықтың алтын таңы» деп мақтан. Беу, Астанам – алтын ордам, ақ ордам, Алты алаштың аңсары сен – ақ арман. Азияның ақ айдыны бесігің, Аққу қала ақ сезімге оранған. Көктем елім – Күреңіткен күз емес, Асқақ елім – Өгейсінер біз емес. Жатқа ұстатпа тізгініңді, ағайын, Бір ұранға басыңды іи: «тізе қос!». Жанарыңнан жас моншағын аршып қой, Қазақстан...  Жамалыңды таң сүрткей! Көкбөрі елім, күллі әлемді тамсантып, Көктуыңды күнге апарып шаншып қой! Жылқылар   Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ (Екінші орын) Олар шұрқырап сұп-сұр тұманнан шығатын, Қайтадан кіретін сұп-сұр тұманға. Дүбірден дүниенің жүрегі дүрсілдеп тұратын, Жаңғырып бейуақ кіл аңғар… Қолымызға құрық ап құла  дүзден іздейміз, Іздейміз оларды – Көшпенді жылқысын. Құла ма, қоңыр ма, қылаң ба… білмейміз, Біз үшін беймәлім түр-түсі. Бізді де солардай барады жеміріп, Уақыт пен қара жол – Ирелеңдеген қос жылан! Жалы мен құйрығы сусылдап, төгіліп, Бұл күнде олар тек түсімде осқырар. …Іңірде жатқан бір жандайын есінеп, Тарихым ұмытқан олардың тұяғын. Мен оны мінемін далалар төсінде, Иә, бұл кәдімгі ақынның қиялы. …Енді үнсіз отырмын Сағыныш сарғалдақтарын бүрлетіп санада, Жусаны бұрқырап көктем ғой бұл мезгіл құлпырар. Құлазу кейпіндегі Мендік бұл қасіретті білмейді тағы олар, Кісінегім келеді бейуақ… Шұрқырап… …Қайда сол үйірлі жылқылар?! Алыстаєы ағайынға   Талапбек ТЫНЫСБЕК (Арнаулы диплом) Сөйлесем кетем көсіліп, Керуенін ойдың көшіріп. Кептелді сөзім көмейге, Кектенді көзім кереңге, Көкбөрі шабыт кешігіп. Қайдасың қолда киелім, Ағытам ойдың тиегін, Ақиқат айтам шешіліп. Отаным, ордам, өз жерім, Құт мекен іздеп келмедім, Қорқыттың күйін кешіріп... Көремін бақыт бағымды, Беремін бойда барымды. Қазақтың жері байлығым, Азат бұл елім айбыным, Асқақтай шырқа әнімді. Тәңірім жалғыз көктегі, Нұрыңмен қолдап өп мені, Таптатпа жатқа арымды. Кіндікті ұлмын, ерекпін, Жөргекке сәби бөлеттің, Сүйдірдің адал жарымды. Тірегім тілім, дінімде, Тексізге тартып бүлінбе. Қолыма найза алдырма, Тұлпарға тоқым салдырма, Жолыңда қиям жанымды. Отыңа жанған түспесем, Ұлтым деп уды ішпесем, Ит жесін сасық тәнімді. Қиырда жүрген бауырлар, Еліңді жалғыз табыңдар, Шақырам жылап бәріңді. Тозбасын десең тұлымдың, Азбасын десең бұрымдың, Бүгіннен жаса қамыңды! Бөрі – жыр   Жарас КЕМЕЛЖАН (Арнаулы диплом) Өлеңді көптен жаза алмай жүрмін, Көңілім бей-жай, күрсініп. Ғұмырын қиған ғазалы-ай, жырдың, Бөрісі едім тіршілік. Бөрісі едім... Ұлыдым үрей түн бұзып, Өмір сүремін – Өлеңдей өршіл тым биік. Айсыз аспаннан жарық шашамын, Алып асқарды бұзды үміт. Нұр күтіп сосын Қап-қара түнмен қауышам, Аппақ таң қосын Жайғанда келіп мен, Бөрі кейіптен Ақын кейіпке ауысам. Ауысам бірден, Ақын боп шығам ақиық. Қауышам нұрмен, Аспаннан түскен ағылып. Тамырда тулап, Тағылық мінез менде енді, Сыздатып тұрат, Бөрілік жүрек кеудемді. Шындығы солай, Күндіз ақынмын да, түнде Бөрімін. Адамға айтқаным адыра қалғасын, Ақын жүректен жерідім. Бөрі жүрек қой жерігім. Cүлейлер салған сұлу ырғақты, Абыздың асыл жырымын. Түндіктей түрген бойынан құндақты, Бөрілі жырдың пірімін...