Білім • 03 Мамыр, 2017

Бүгінгі ұрпақ – ертеңге еккен жеміс

347 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилеріміз ата-анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген іс-әрекеттерінен үлгі алуға тырысады. Бала бойына елдік қасиеттерді, салт-дәстүрлерді, ойын мен жұмбақтарды, тіпті, тәлімі терең өтірік өлеңдер арқылы да сіңіру ата-ана мен тәрбиешілердің басты міндеті.

Бүгінгі ұрпақ – ертеңге еккен жеміс

Ертегінің баланың ой әлемін кеңітуде мәні зор. Ол ұрпақтың қиялына қанат бітіріп, бойындағы игі қасиеттердің ашылуына себеп болады. Бір ертегіден бүлдіршін қамқорлық жасауды, ата-анаға кө­мек көрсетуді үйренсе, енді бірінен тату болуды ұғады, жұ­мы­ла көтерген жүк жеңіл еке­нін де бойларына дарытады.

Мұра болып келе жатқан қа­зыналарымыздың бірі – мақал-мә­телдер, бесік жырлары. Бау­ыр­жан Момышұлы бесіктің асыл қа­сиеттерін баса айтқаны мәлім. Ту­ғанынан «Бесік жырын» тың­дап, ананың әлдиімен өскен сә­би қай кезде де жаны жайсаң, мей­ірі­мі мол болып қалыптасады. Ана тілінің әуенінен нәр алып ержеткен ұл мен қыз жаңылыс баспайды. Сол секілді, мақал мен мәтелдердегі ақыл кенін айта отырып, баланы қайырымды бо­луға, әркез төңірегіне шар­а­пат тигізіп жүруге үйретсек ұтыл­­май­мыз. «Отан – отбасынан бас­та­лады» деген мақалдың астарында үлкен мән-мағына жатыр. 

Балабақшада баланы ха­лық­тық қағидалармен су­сын­датсақ, сол арқылы еңбек­сүйгіштікке, мей­ірімді болуға, өз қалауымен жұ­мыс жасауға бағыттасақ, сол дағ­ды олардың бойында өмір бойы сақталады.

Балалар балабақшада жасы­на қарай бірнеше топқа бө­лі­неді. Тапсырма мен тәрбие де сол бойынша үйлестіріледі. Қа­бі­леттеріне қарай бағыт-бағдар бер­сең балалар бірте-бірте берген тапсырмаңа сай жұмыс жасауға бейімделеді. Кіші топтағы балалар тәрбиеші көмегімен киініп, жуынады. Оларға көмектесе отырып балапандай баулыған жөн. Ал тұрмыстық жағынан алғанда, топ­­тағы тазалықты сақтау, ойы­н­­шықтарды бүлдірмей кү­тіп ұстау, рет-ретімен орнына қою сияқты әрекеттерді бойла­ры­на сіңіруге болады. Тіпті, мұндай жұмыстардан баланың болашақта қандай іске бейім екенін де аңғару қиын емес. Ата-ана мен тәрбиеші осыған сай бір­лікте жұмыс істесе, өсе келе сол баладан мықты маман иесі шы­ғуы мүмкін. 

Табиғатымызды аялап, қорғау да балабақша табалдырығынан басталатыны рас. Серуен ке­зін­де гүлдердің топырағын қоп­сытуды, арамшөптерін отау­ды, ойын алаңдарына қоқыс тас­та­мауды үйрету баланың ер­теңгі өмір жолына өнеге болады. Қоршаған ортадағы алуан түрлі құбылыстарды білуге, өсім­дік түрлерін ажыратуға үй­рету ой-санасын кеңітеді. Сәби ке­зі­нен үлкенді құрметтеу, ананы сый­л­ау сынды асыл қасиеттерді қа­лыптастыруға баса көңіл бө­лу міндет. Бұл тұрғыда ондай игілікті қадамға ата-аналардың да көмегі қажет. Үнемі балаға жылы сөйлеп, істеген ісіне мән бе­ріп, арасында мақтау сөз­де­рін де жеткізіп тұрған абзал. Бү­гінгі ұрпақ ертеңге еккен жемі­сі­міз екені сөзсіз. Абай атамыз айт­қан­дай, «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады, бірінші – ата-ана, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан». Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер десек, оның қайнар көзі – халықта, отбасында, өрелі өнерде, әдет-ғұрыпта. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, қоршаған табиғаттан сіңіреді.

Қазақ халқы ұрпағын жастайынан жақсы әдеттерге баулыған. Баланың бойына кішіпейілділік, сыпайылық, сыйластық сияқты қа­сиеттерді сіңіре білген. Тәр­бие­ге ерекше мән берген. 

Отбасынан кейінгі тәрбиенің алтын бесігі балабақша екені анық. Ұрпақты адам баласына тән асыл қасиеттерге сай тәр­бие­леуден жалықпасақ екен дей­мін. Осы арада ойыма жыр дүл­дүлі Мағжан Жұмабаевтың «Ба­ланы тәрбиешінің өзіндей қы­лып шығармай, келешек заманына лайықтап дайындау керек», деген қанатты сөзі ойыма оралып отыр. Біз осы сөздерге адалдық танытып, ұлттық қасиеттерімізді ұр­пақтың санасына сіңірсек, ол елдің жасы жалынды да, қа­рым­ды да, ойлы болып өсері хақ.


Ұлмира ДОСБЕРГЕНОВА,

№62 «Ботақан» балабақшасының тәлімгері

ШЫМКЕНТ