Қазақстан • 03 Мамыр, 2017

«KazSat-3»-ке – үш жыл

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2014 жылғы 28 сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «KazSat-3» ұлттық байланыс және хабар тарату спутнигі ұшырылған болатын. Аталған Жер серігін пайдалануға беру Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды сәт болды, деп хабарлады Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

«KazSat-3»-ке – үш жыл

Өзіміздің ұлттық байланыс және хабар тарататын спутнигіміздің болуы тіркелген спутниктік байланыс арналарында еліміздің қажеттіліктерін қанағаттандыруға, еліміздің ақ­па­раттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, шет елдерге кететін ақшалай қа­­ражат ағымын азайтуға мүмкіндік береді.

«KazSat-3» ұлттық спутнигінің ресурстарын қолданысқа берген үш жыл ішінде оны 9 мемлекеттік орган мен коммерциялық ұйым пайдалануда. Өткен жылы шетелдік байланыс және хабар тарататын ғарыш аппаратын Қазақстан Респуб­ликасының ұлттық телеоператорларына көшіру толығымен аяқталған болатын.

Бүгінде «KazSat-3» спутнигінің негізінде Қазақстанның барлық аумақ­тары бойынша SD, HD, UHD форматында сандық телерадиохабар қамтамасыз етілді. «Қазтелерадио» АҚ телерадио­хабар саласындағы ұлттық оператор қазіргі уақытта «OTAU TV» спутниктік телерадиохабар бағдарламаларының пакетін трансляциялайды.

Спутник қызметінің HD-фор­матын­дағы телеарналар пакетін респуб­ликамыздың барлық аумағы бойынша трансляцияланатын Caspio HD операторы, сондай-ақ, HVEC форматында хабар тарататын «Алма ТВ» компаниясы пайдаланады. Бұл формат арналардың санын және олардың сапасын арттыруға, HD және Ultra HD (4K) арнасын трансляциялауға мүмкіндік береді.

«KazSat-3» спутнигін жасау ке­зінде аппараттың сипаттамасын және сенімділіктің қажетті деңгейін қам­тамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи техникалық шешімдер қол­данылған болатын. Бүгінде спутник­тің қамту аймағы Қазақстанның, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжік­станның, Түрікменстанның, сонымен қатар, Ресейдің орталық бөлігінің аумақ­тарына таралған.

Ғарыш аппаратын басқаруды Ақмола облысының Ақкөл қаласындағы Ғарыш аппараттарын жер үсті бас­қару кешенінің және Алматыдағы «Көктерек» Ғарыш аппараттарын басқару резервтік кешенінің жаңа техникалық құралдарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-тың («РҒБО» АҚ) жоғары білікті мамандары жүзеге асырады.

«РҒБО» АҚ ұжымы еліміздің тәуелсіз телекоммуникациялық нары­ғын одан әрі дамыту үшін «KazSat» байланыс және хабар тарату спутниктерінің қазақстандық ұлттық топтамаларын дамыту бойынша жұмысты белсенді жалғастырып келеді.