Бизнес • 03 Мамыр, 2017

Мұнай нарығы: Жартыжылдық қорытындысы және екінші жартыжылдыққа болжам

216 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

​Қысқа мерзімді толқулар болмаса, өткен апта басынан бері мұнай бағасының үздіксіз төмендеп келе жатқанын кей сарапшылар АҚШ энергетиктерінің ісімен байланыстырса, енді бірі Сауд Арабиясының саясатымен түсіндіреді. 51 долларға дейін арзандаған «брент» маркалы қара алтын соңғы бір айдағы ең төменгі көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр.

Мұнай нарығы: Жартыжылдық қорытындысы және екінші жартыжылдыққа болжам

Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында ОПЕК-ке мүше мемлекеттер мен оған кірмейтін мұнай экспорттаушы елдер бірлесіп, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап жыл ортасына дейін өндірісті тәулігіне 1,8 млн баррельге азайту туралы келісім жасасқан еді. Нәтижесінде, 45 долларға саудаланған қара алтын бір айдың ішінде 50 доллардан асып кеткен еді. 

Дей тұрғанмен, мамандар бұл көрсеткіштің де көңіл көншітерлік емес екенін айтқан. Жоспар бойынша, өндірісті азайтқаннан кейін, жыл ортасына қарай баға 55-60 доллар болады деп күтілген еді. Ал қазіргі таңда баға 52-56 аралығында құбылуда. 

Бағаның көтерілмей қойғанын инвесторлар АҚШ энергетиктерінен көреді. Мәліметтерге қарағанд, америкалық компаниялар өндіріске қарқын беріп, нарықтағы ұсынысты тағы да ұлғайтып жіберген. Онымен қоймай, АҚШ президенті Дональд Трамптың осы аптада АҚШ жағалауындағы аумақтарда мұнай мен газ шығару туралы қаулығы қол қойылатыны айтылды. Жергілікті ақпарат көздерінің мәліметінше, Трамп мұнай-газ саласында 32 қаулыға қол қоймақшы. Олардың бірі ел жағалауындағы аймақтарда газ бен мұнай үшін оңтайлы жерлерді шолуға арналады. Қаулыларға қол қойылса, бұл қайраңда мұнай мен газ ұңғымаларын бұрғылаудың бірінші қадамы болады. Әрине, бұл бағаға кері әсер етпек. 

Бағаның арзандығына АҚШ компанияларын ғана кінәлап қою әбестік болар. Бір кездері мұнай өндірісін азайту туралы бірінші болып бастама көтергендердің бірі Сауд Арабиясы енді жылдың екінші жартысынан бастап сол келісімшартты ұзартуға асығар емес. Сонымен қатар, елдің ұлттық мұнай компаниясы Saudi Aramco Иран мен Ирак компанияларын Азия нарығынан ысыру үшін бағаны әдейі төмендетіп сатып жатқаны айтылуда. 

Сонымен қатар Саудия экспорт көлемін де ұлғайтуда. Келер жылы Қызыл теңіздегі Муаджиз порты жөнделгеннен кейін экспорт тіпті көбеймек. 

Парсыларға келер болсақ, Иранның да, Ирактың да энергетика ведомство өкілдері ОПЕК+ келісімшартын ұзартуды қолдап отыр. Дегенмен, Ирактың қоятын өзіндік шарты бар. Елдегі саяси тұрақсыздықтан өндірістің төмендеп кеткеніне ОПЕК мүшелерінің түсіністікпен қарап, өндіріске қойылатын шектеуді азайтуды сұрайды.

Өз кезегінде Ресей әлі де бірінші жартыжылдықта мойынына жүктелген өндірісті тәулігіне 600 мың баррельге азайту міндеттемесін орындамаған. Дегенмен, алдағы бір айда жоспарды толығымен жабамыз деп отыр. 

ОПЕК+ келісімі аясында тәулігіне 20 мың баррель азайту туралы міндеттеме алған Қазақстан керісінше, осы уақыт аралығында өндіріске қарқын берген. Таяуда ОПЕК комитетінің отырысында осы мәселе сөз болып, кейін оған Қазақстанның Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жауап берген еді. Оның айтуынша, жыл басындағы екі айда Қазақстанда жоспарға сай жұмыс істесе, одан кейінгі екі айда өндірісті көбейткені рас. Өйткені, Қашаған мен Қарашығанақ жоспарлы қуатына өткен. Дегенмен, мемлекет ОПЕК елдері алдында өз міндеттемесін толық орындамақ. Ол үшін алдағы мамыр-маусым айларында мұнайды аз шығаратын болады. 

Жалпы, екінші жартыжылдықта ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімі өз күшінде қала ма?  Инвесторлар ұйымға қатысушы елдердің мәлімдемелерін алға тарта отырып, жыл соңына дейін аталған мемлекеттер сол шартты сақтайды дейді. Жыл басынан бері 10 долларға қымбаттаған шикізат алдағы жарты жылда тағы осыншалықты қымбаттауы мүмкін екені де айтылуда. Оған себеп, бүгінге дейін нарықтағы ұсыныстың сұраныстан артықтығы жойылып, баланс орнаса, енді ұсыныстың тапшылығы тумақ. Бұл өз кезегінде бағаның айтарлықтай қымбаттауына түрткі болуы тиіс.

Мұнай бағасына тікелей байланысты теңге бағамы туралы отандық сарапшылар да кесіп ештеңе айта алмай отыр. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені, бәрі 25 мамырға белгіленген ОПЕК отырысын күтуде. Онда әлгі келісімді ұзарту немесе күшін жою туралы шешім қабылданбақ. 

Бауыржан Мұқанов

"Егемен Қазақстан"