Қазақстан • 04 Мамыр, 2017

Маңғыстаудың инвестициялық мүмкіндігі мол

637 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өңірде өндіріс және өнер­кәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс және өзге де салалар бойынша инвестициялық қызығушылық тудыратын мүм­кіндік мол. Істің тетігін, яғни жасалар жұмыс пен жасайтын тарап­ты тауып, үйлестіре алса, халық игілігіне қызмет етер талай жо­балар жолға түсетіні анық.

Маңғыстаудың инвестициялық мүмкіндігі мол

Осы мақсатта Ақтауда Маң­ғыс­тау облысы әкімдігі және «Атамекен» ҰКП қолдауымен «Маң­ғыстау облысының ин­вести­циялық әлеуетін дамыту» тақырыбында инвестициялық кездесу өтті. 60-тан астам қа­зақстандық бизнес өкілдері, бан­кирлер, әлеуетті инвесторлар, халықаралық және қазақстандық мұнай компанияларының басшылары, құрал-жабдықтар өндірушілер, қызмет көр­сету ком­панияларының, инвес­ти­циялық қорлардың өкілдері, биз­нестің негізін салушылар мен иелері қатысқан еркін фор­маттағы басқосуда Маң­­ғыстау облысының ин­вестициялық әлеуетін дамыту, жаңа инновациялық, озық өндіріс орындары мен жо­ба­лар жасақтау, сондай-ақ ай­мақ экономикасының ба­сқа сек­торларындағы жаңа инвес­ти­циялық мүмкіндіктерді анық­тау негізгі ұстаным болды. 

Жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ай­маққа жұмыс сапарымен келіп, облыс алдына нақты міндеттер, ең алдымен аймақ экономикасының оң өсімін қамтамасыз ету мәсе­лесін қойғанын атап көрсетті Маң­ғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

– Ол үшін бізде барлық жағдай бар. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында бірнеше артықшылықтар мен жеңілдіктер қарастырылған. Осы жылдан бастап қажетті инфра­құрылымдарымен қамтамасыз етілген Индустриялық аймақ құ­рылды. Аймақтық индус­трия­ландыру картасының жо­­балары мен жалпы сомасы 432,3 млрд теңгеден астам «Нұр­лы жол» бағдарламасының инфра­құрылымдық жобалары жүзеге асырылуда, – деді ол.

Маңғыстау өңірі – қуатты транзиттік әлеуетке ие. Бұл облыс аумағында көліктік-логис­тикалық хабты дамытуды бас­­ты басымдық етуге мүм­кін­дік береді. «Арқалық-Шұ­бар­көл», «Жезқазған-Бейнеу» жә­не «Боржақты-Ерсай» темір жол желілерін пайдалануға бе­ру, «Қорғас-Шығыс қақпа­ла­ры» және «Ақтау теңіз порты» АЭА өзара тығыз іс-әре­ке­тінің арқасында Еуропа, Иран және Парсы шығанағы ел­дері бағытында Маңғыстау арқы­лы Қытайдан Қазақстанға жүк­терді тасымалдаудың жа­ңа ло­гистикалық тізбегі жасақталуда.

Маңғыстауда су мәселесі – көне мәселе. Оны шешудің бір­ден-бір жолы теңіз суын тұшы­тып пайдалану болмақ. Жыл сайынғы халық санының өсуі, индустрия­лы, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы жылдан-жылға су тапшылығының арта түсуіне соқтыруда. Аймақтың даму қар­қынын есепке алып болжам жасағанда су қажеттілігі 2020 жылға қарай шамамен тәулігіне 70 мың текше метрге жетеді делінеді. Қазіргі таңда мәселені шешу үшін шет ел инвесторларынан теңіз суын тұшыту бойын­ша жобаны жүзеге асырудың анықталған мерзімі көрсетілген нақты ұсы­ныстар бар. Егер аймақта су мәселесі шешілсе, бұл талай игі­ліктің жүзеге асуына жол ашпақ. Мысалы, су көлемін арттыра отырып, аймақта агро­өнеркәсіп кешенін дамыту алдыңғы кезекте айтылады. Ай­мақта бүгінде агроөнеркәсіп кешені бойынша 34 млрд теңге сомасына 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, ал туристік сала бойын­ша әзірге негізгі үш бағыт басымдыққа ие. Біріншісі ішкі туризм, демалыс орындары мен теңіз жағалауы инфрақұрылымының құрылысы, соның ішінде Ақтау қаласының жағалауын дамыту болса, екін­шісі – Каспий жа­ға­лауындағы мем­­лекеттер арасындағы ха­лық­аралық қа­тынастар мүмкіндіктерімен теңіз жаға­лауындағы яхт-клубтарды дамыту. Бұл мақсатта Ақтаудың солтүстік жағалау аймағын зерттеу шаралары жүргізіліп, Ақтау қаласының бас жоспары аясында осы аумақта жер бөлу мәселесі қарастырылуда. Ал үшінші бағыт – «Кендірлі» және «Ащы­сор» терең сулы шыға­нағы секілді ірі жобалар арқылы халықаралық ту­ризмді дамыту.

Каспий теңізінде қолға алынып жатқан ірі жобалар Маң­ғыстаудың мүмкіндігін аша түседі. Теңізден көмірсутегі ши­кізатын өндіруге қатысты теңіз операциялары үшін мұ­най-сер­вистік қызмет көрсету Маң­ғыстау даласынан жүзеге асырылады. Сол себепті теңіз порттарын кеңейту мен дамыту жұмыстары барынша маңызды.

– Каспий арқылы жүргізілетін барлық транзиттік және сауда операциялары және теңіз мұнай-газ жобаларына қызмет көрсету Ақтау халықаралық теңіз порты, Баутино порты және Құрық портындағы паромдық кешен арқылы жүзеге асырылатын болады. Сондықтан, мен сіздерді бұл жобаларға қатысушы ғана емес, стратегиялық инвесторлар тартуға көмектесуге және қол­дауға шақырамын, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Инвестициялық шара аясында қонақтарға Маңғыстау облысының өндірістік алаңдары таныстырылды. Аймақтың ин­вес­тициялық әлеуеті негізін­де 11 қазақстандық биз­нес-қо­ғамдастық өкілдері Маңғыстау облысы үшін нақты инвестициялық ұсыныстарын жеткізді. Олардың арасында Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуетін дамыту, инвестициялық және ин­новациялық даму «Жаңғыру 3.0» жаңа бағдарламасын жү­зеге асыру аясында Астана қаласының жобасы үлгісіндегі «Smart City-Ақылды қала» жобасы, Маңғыстау облысының кәсіп­орындарында энергияның жұм­салуын тө­мендету және өнер­кәсіптік қауіп­сіздікті арттыру, инженерлік жүйені автоматтандыру мен диспетчерлендіру ар­қы­лы ғимараттың энер­го­тиім­ді­лігін көтеру, ақпасуды био­ло­гия­лық тазалау бойынша ин­новациялық шешім мен технология, Маңғыстау облысында элек­трон­ды коммерция­ны дамыту, Ас­тана қаласындағы «SchoolBus» ком­паниясының үлгісінде балаларды қауіпсіз тасымалдау, жоғары жә­не жоғары білімнен кейінгі ай­мақаралық даму тақырыптары болды.

Нақты жұмыс алаңына ай­налып, мазмұнды жобалар мен ұсыныстар айтылған ке­ңес нәтижесінде аймақтың эко­но­микалық даму бағыттарын ай­қындайтын жаңа идеялар ор­талығына айналуы тиіс «Каспий» технологиялық даму орталығы» құрылатын болды. Сондай-ақ, жүлде қоры қомақты «Үздік ин­новациялық жоба», «Үздік отбасы бизнесі», «Үздік жасыл аймақ», «Технологияны дамыту бойынша үздік меценат», «Үздік тағам» және тағы басқа сайыс­тар ұйымдастырылмақ. Өңірде теңіз, құрылыс, агроөнеркәсіп, туризм және технологиялық салаларда мамандар тапшы. Е.Тоғжанов тиісті қызметкерлерге аймаққа қажетті мамандықтар бойынша Қазақстанның және ТМД елдерінің үздік жоғары оқу орындарына жас­тар мен дарынды түлектерге 50 грант тағайындау туралы тапсырма берді.

Инвестиция тартуға арналған жиын ірі қазақстандық компаниялар мен қауымдастықтар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен түйінделді. Ол өз кезегінде Маң­ғыстау аймағының экономикасына отандық инвесторларды тартуға, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.


Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы



Соңғы жаңалықтар