Кездесу аясында тараптар Ауғанстан аумағындағы шиеленістерді тоқтату мен аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, аталған елге экономикалық тұрғыда ықпал етудің де баламалары сөз болды.
Алдымен Қ.Әбдірахманов Қазақстан Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың сақталуына мүдделілік танытатындығын атап өтті. Ол ішкі шиеленісті тек ұлттық үнқатысулар ғана төмендетуі мүмкін екендігіне тоқталды.
Бүгінде Қазақстан жыл сайын бұл елге азық-түлік өнімдері мен жанар-жағармай, құрал-жабдықтар сынды түрлі гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар, біздің ел ауған жастарын қазақстандық ЖОО-ларда оқыту мен Ауғанстан жолдары мен мектеп құрылысын жүргізуге де қомақты үлес қосуда. Сондай-ақ, Қазақстан басымдықтарының бірі – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі міндетін атқару барысында халықаралық қоғамдастықтың назарын ауған мәселесіне барынша аудару болып табылатындығын да айта кетейік. Оған қоса, Қазақстан мұндай басымдықтар Ауғанстанның дамуына тың серпін беріп, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етеді деп санайды.
Ал өз кезегінде Т.Ямамото Ауғанстандағы жағдайдың тұрақталуына Қазақстанның қосып жатқан үлесін жоғары бағалады.
«Қазақстан өзінің еуразиялық кеңістіктегі белсенді ойыншы екендігін көрсете білді. Сондықтан да, біз сіздердің жаһандық және өңірлік мәселелердің шешілуіне қатысты бастамаларыңызды әркез қолдаймыз», – деді БҰҰ Бас хатшысының арнайы уәкілі.