Экс-президенттің өзін де «сызып» тастады
Саяси жүйесі ерекше Иранда сайлау, оның ішінде төрт жылда бір өтетін президенттік сайлау өзгешелеу болып келеді. Ең басты өзгешелігі сол, бұл елде кандидаттарды тіркеу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде кез келген Иран азаматы Ішкі істер министрлігіндегі сайлау комиссиясына келіп, үміткер ретінде тіркеле алады. Бұл жолы сәуір айының 11-15-і аралығында президенттік сайлауға қатысуға өтініш берген адамдардың саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 1636 үміткерді құрады. Олардың 137-сі – әйел. Осының алдындағы президенттік сайлауда өтініш берген үміткерлердің қатары 676 адам болған еді. Президенттік сайлауға кандидаттарды тіркеуге қатысты ақпараттарға қарағанда, бірінші кезең бойынша тіркелгендердің жасы 18 бен 92-нің арасын қамтыған. Олардың ішінде кезінде әртүрлі себептермен сотталғандар да бар көрінеді.
Президенттік сайлауға кандидаттыққа тіркелудің екінші кезеңі үміткерлер үшін шешуші сынақ болып саналады. Себебі, Конституциялық қадағалау кеңесі бірінші кезеңде президенттікке кандидат болып тіркелген адамдардың біліктілік деңгейін жан-жақты тексеруден өткізеді, қарым-қабілетін анықтайды. Осындай үдерістер кезінде, кейде елге танымал тұлғалар мен белгілі сая-
саткерлердің өздері тізімге кірмей қалатын жағдайлар да кездеседі. Мысалы, 2013 жылғы президенттік сайлауда ірі саяси қайраткер Акбар Хашеми Рафсанджани Конституциялық қадағалау кеңесінің елеп-екшеуінен өте алмаған еді. Осы жақында аталған кеңес Иранның бұрынғы президенті Махмұд Ахмадинежадты да кандидаттар тізімінен «сызып» тастады.
Экс-президенттің тізімге енбей қалуы, оның айтқан сөзінде тұрмағанына байланысты болса керек. Сайлау науқаны басталар алдында аятолла Әли Хаменеи М.Ахмадинежадқа тұспалдап, оның сайлауға түсуі елдегі саяси жағдайды ушықтыратынын айтып, «сайлауға түспеуге» кеңес берген еді. Ол бұл кеңеске құлақ асқандай болған. Бірақ, оның президенттікке кандидаттыққа тіркелуге келуі және сайлау комиссиясында тіркелуі елдің қазіргі билігін де, М.Ахмадинежадтың қарсыластарын да кәдімгідей елең еткізді. Өйткені, елде Иран президенттігіне қатарынан екі рет сайланған оның қолдаушылары да, жақтастары да аз емес-тұғын. Өзінің тізімінен «сызылып» қалғанын естіген ол «алдағы сайлауда кандидаттардың ешқайсысына қолдау көрсетпейтінін» мәлімдеді.
Басты бәсекелестер – реформаторлар мен консерваторлар
Бұл президенттік сайлауда тартыс негізгі кандидаттар – елдің қазіргі президенті, реформатор Хасан Рухани мен оппозициялық консерватор Ибраһим Раисидің арасында өтетін сияқты. Екі кандидат та тіркелуге бір күнде келді және бір күнде тіркелді. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Х.Рухани өзінің ұраны еркіндік, қауіпсіздік, тыныштық екенін айта келіп, «ядролық клуб» елдерімен ядролық келісім негізінде жұмысты жалғастыра беретінін атап өткен-ді.
Рухани Иран президенті болып сайланғаннан кейін Батыс елдерімен, оның ішінде АҚШ-пен үзіліп қалған байланысты қайта қалпына келтіруге тырысты. Сөйтіп, ол халықаралық ұйымдардың араласуы нәтижесінде «алтылықпен» ядролық мәміле жасауға қол жеткізді. Өздерінің ядролық бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын тоқтатты. Бұл Иранға қарсы салынған бірқатар экономикалық санкциялардың алынуына мүмкіндік берді. Ядролық келісімдерді ирандықтардың кейбірі қолдады, мұны «сатқындыққа» балап, наразылық танытқандар да аз болмады. Бұдан Иран халқының ұтылмағанын елдің соңғы жылдардағы іс-әрекеті көрсетіп тұрғандай. Негізінен ол реформатор-президент Хасан Руханидің ұстанған саясатына тікелей байланысты екенін ирандықтар жақсы біледі. Президенттікке кандидат енді сол саясатын әрі қарай жалғастыруды мақсат етіп отыр.
Сарапшылар Х.Руханиға негізгі оппонент ретінде консерваторлар Ибраһим Раиси мен Мохаммад Бакер Калибафты атайды. Бұл оппозиционер кандидаттардың екеуі бірдей сайлауға түсіп отырғаны жайдан-жай емес. Оның түп негізінде реформатор кандидат Х. Руханиге дауысына «ортақтасу» арқылы сайлаудың екінші турын қамтамасыз ету жатыр. Дәл осындай «саясатты» реформаторлар да ұстанып отырған жайы бар. Президенттікке Х.Руханимен қатар, оның жақтастары Исхак Джахангири мен Мұстафа Хашеми Табаның да сайлауға түсуі соған нақты дәлел.
Қазіргі президенттікке ең негізгі бәсекелес ретінде атала бастаған Ибраһим Раисиге келетін болсақ, оның артында радикалды консерваторлық күштер тұр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, әскерилер арасында да оны қолдайтындар жеткілікті сияқты. Бірақ, оның билік органдарында саяси және басшылық қызметтер атқармағандығы, сондай-ақ, осы салаларда тәжірибесінің жоқтығы сайлауда тиісті дауыс жинауына кері әсер етуі мүмкін. Ол тек сот билігі органдарында ғана көбірек жұмыс істепті. Бұл кандидаттың қалың бұқараға онша таныс емес екенін білдіреді.
Сұрау салудың нәтижесі көрсеткендей, ел тұрғындарының 60 пайызға жуығы оны білмейді де екен, әсіресе жастар. Есесіне, Ислам революциясының бірінші және екінші ұрпағы Раисиді жақсы біледі, тіпті оны «қандықол аятолла» деп те атайтын көрінеді. Себебі, ол 1987-1988 жылдары сот комиссиясына басшылық жасапты. Солай бола тұрса да, Раиси имам Реза мавзолейінің жетекшісі ретінде діни қауым өкілдері арасында ықпалды тұлға саналады. Бүгінде Иранға АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп тарапынан қысым күшейіп тұрғаны жасырын емес. Осыны пайдаланып қалғысы келген Раисидің қолдаушылары «Иранда да президент ауысуы қажет» дегенді ашық айта бастады.
Президенттікке тағы бір кандидат – Тегеран қаласының мэрі Мохаммад Бакер Калибаф – кез келген саясаткерге бәсекелес бола алатын елге белгілі тұлға. Оның саясаттағы қызмет жолында да ақтаңдақтар кездеседі. Ол Хатамидің президенттігі кезінде Тегеранда полиция органдарына басшылық еткен және елдің саяси өмірін ырықтандыру үшін наразылық танытқан студенттердің толқуын күшпен басқан. Сондай-ақ, оған кезінде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айып та тағылған екен. Бірақ, Калибаф осыдан төрт жыл бұрынғы президенттік сайлауда Х.Руханидің негізгі бәсекелесі болып, сайлаушылардың 20 пайыз дауысын иеленді. Ал Рухани 52 пайыз дауыс жинаған еді.
Сайлау науқанының ең соңғы кезеңі жақындаған шақта күтпеген жағдайлар да орын алуы мүмкін. Мысалы, консерваторлар Раиси мен Калибаф бір-біріне жол беруі үшін екеуінің бірі саяси ойыннан бас тартуы ықтимал дегендей...
Науқан әлемдік БАҚ-тың да назарында
Енді санаулы күндерден кейін Иранда нағыз саяси күрес басталады. Кандидаттар мен олардың қолдаушылары елдегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, бір-бірінің көзқарастарын сын тезіне алады. Кейде жалған ақпараттар да жарияланып жатады. Ал дауыс беруге бір апта қалғанда кандидаттар телеарналар бойынша саяси пікірсайысқа шығады. Бұл пікірсайыстар әлі де өз таңдауын жасай алмай жүрген сайлаушылардың нақты шешім қабылдауына мұрындық болады. Сол себептен де, бүгінде Ирандағы президенттік сайлау әлемдік БАҚ-тардың негізгі тақырыптарының біріне айналып отыр.
Бұл елдегі өткен сайлауларға аз-кем шолу жасайтын болсақ, олардан исламдық демократияның нақты көріністері – халық пен мемлекеттің абырой-беделін, елдің күш-қуаты мен асқақ мерейін байқау қиын емес. Сондай-ақ, Иран сайлаушылардың сайлауға, оның ішінде президенттік сайлауға қатысу көрсеткіші жағынан әлем елдері арасында жоғары орында тұр десек, қателесе қоймаспыз. Ал Азия құрлығы бойынша екінші-үшінші орыннан төмендеген емес. Тіпті, ең қиын кезең – соғыс кездерінде де саяси науқан – сайлау өз уақытында өткізіліп келіпті. Осыған байланысты аятолла Хаменеи «Бүгінде халық сайлауды жалған іс санамайды. Халық үкіметтің де, сайлаудың да өздеріне тиесілі екенін жақсы біледі», – деп атап өтуі ежелгі Иранның кез келген сайлауға ерекше мән беретінін білдіріп тұрғандай.
19 мамыр, жұма күні президенттік сайлау-
мен қатар, ауылдық және қалалық басқару органдарының да сайлауы өтеді. Халық саны 80 миллионнан асатын Иранда шамамен 55 миллион адам сайлауға дауыс беру құқығына ие. Ал президент төрт жыл мерзімге сайланады. Бір адам екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»