Медицина • 05 Мамыр, 2017

Адами капиталды арттырудың алғышарты

315 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан­ның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы қазіргі әлемдегі алмағайып ахуалды, түбірлі өзгерістерді зерделеп барып жасалған маңызы зор тарихи құжат болып табылады. Онда Елбасымыз Үшінші жаңғырудың негізгі бес басымдығын айқындап берді.

Адами капиталды арттырудың алғышарты

Жолдаудағы негізгі басым­дық­­тардың бірі ретінде адами капитал сапасын жақсарту мәселесі атап көрсетілген. Бұл бағыт бойынша білім беру жүйесінің рөлін өзгерту арқылы экономикалық өсудің жаңа моделін жасақтауға, сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытып, IT-білімді, қаржылық сау­аттылықты қалыптастыруға ба­са көңіл бөлініп отыр. Сонымен қа­тар, Төртінші өнеркәсіптік рево­люция элементтеріне кіретін авто­маттандыру, роботтандыру, жа­санды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер назарға алынған.

Бүгінгі таңда Қазақстанның білімі мен ғылымы дүниежүзілік кеңістікке енуі үшін еліміздегі білім беруді демократияландыруға және оқыту жүйесіне жаңа талаптар қойылуда. Яғни, адамдар бір елден екінші елге барып оқып, еңбек етуде, ғылыми ұжымдар бірігіп, ортақ зерттеулер жүргізілуде.

Технологиялар біздің өмірі­міз­ге үлкен жылдамдықпен ену­де. Бұл үрдісті тоқтату енді мүм­к­ін емес. Ойлау мен жұмыс іс­теу тәсілімізді қайта құра отырып, технологиялар адамдарды то­лы­ғымен өзгертуде. Білім саласы да көп өзгерістерге ұшырап, көп жағ­­дайда технологиялық жа­ңа­шы­­­лдықтарға байланыста дамиды деп болжануда.

«Moodle» жобасы тегін және оқу­шылардың қауымдастық құ­ру­ына көмек береді. Ол 20 мыңнан ас­там сайттарды құрап, 820 мың оқыту курстарын ұсынады. Со­ны­мен қатар, орта білім саласын­да озық технологиялардың же­тіс­тігі болып табылатын Е-learning және Smart-learning жүйесі мұ­ғалім мен оқушы қарым-қа­ты­насының мүлдем жаңаша тү­рін қалыптастырады. Яғни, та­яу бо­лашақта сіздің балаңыз үй­де, ком­пьютердің алдында оты­рып-ақ, мұғалімнің жаңа са­бақты тү­­сіндірген бейнедәрісін тың­дап, тапсырмаларын орындап­, ғал­ам­тор арқылы жауабын жіберіп отыра­тын болады. E-learning – интернет пен мультимедиа кө­ме­гімен оқу деген сөз. Ағылшын ті­лінен аудармасы «электронды оқы­ту». Электронды оқытудың түп­кі нәтижесі – «ақпараттық қо­ғамды» қалыптастыру. 

Кез келген қажетті білімді қо­­­ғ­ам­ның кез келген мүшесіне әлем­нің кез келген нүктесінде, кез кел­ген уақытта алуына мүмкіндік жасалған болса, ондай қоғамды «ақпараттық қоғам» деп атауға болады. Өкінішке қарай, біздің елімізде ақпараттық қоғам толық қалыптасқан жоқ. Сондықтан, смарт оқытуға арналған мүлде жа­ңа форматтағы оқулықтарды, дә­лірек атасақ, мәтін, сурет, видео, анимация, т.б. қазіргі күнде біз білмейтін мүмкіндіктерді қам­­титын смарт техникаларға сү­йе­­нетін кітаптарды жасайтын пе­да­гогтердің қызметін күшейту керек.

Егер E-learning және SMART-learning үдерістері еліміздің мек­тептеріне енгізілетін болса, онда оны тез үйрену үшін дереу ла­тын графикасына көшу қа­жет­ті­лігі де туындайды. Өйткені, тек компьютер, смарт қана емес, әлем­де кеңінен таралып, одан әрі да­мып жатқан ғаламтор, мобильді телефон­дар, жерсеріктік теледидарлар және тағы басқа да әлемдік ақ­параттық кеңістіктегі тех­ноло­гияларда латын графикасы үстем­дік етуде. Оның үстіне латын гра­­фикасы қазіргі таңда дүние жү­­зі бойынша кең қолданылатын жазу жүйесі ретінде де танылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қа­зақ тілінің латын әліпбиіне кө­шуі бір жағынан, қазақ тілінің әлем­­дік ақпараттық кеңістікке ер­кін енуіне, екінші жағынан, Қазақстандағы ақпараттық және ком­муникативтік техно­ло­гия­лар­дың кең таралуына, дамуына мүмкіндік береді.

Білімнің негізгі іргетасы жаңа типті мектептерде қаланатыны бәрі­мізге белгілі. Сол себепті білім беру ошақтары балаға деген көз­қа­рас пен қарым-қатынаста баланы объект деп қарамай, оны дамушы тұлға ретінде қабылдап, оқу-тәрбие жұмысына осыған лайық өзгерістерге сай педагогикалық тех­нологияны енгізу қажет. Бі­лім беру мен білім алудағы жа­ңа тә­сілдер арқылы оқытуда оқу­шы­лар бұрынғыдай тек тыңдап жә­не көшіріп қана қоймай, бел­сен­ді әрекеттер атқарады. Жаңа тех­нология арқылы бала білім алумен қатар, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыланады. Жеке тұл­ғаның қалыптасуы – бұл үне­мі рухани толығу, даралықты, интел­лектілікті, ішкі және сыр­т-

қы  жалпы және кәсіби мә­де­ниетті меңгеру дегенді біл­ді­ре­ді. Білім саласындағы бұл жа­ңа­шылдық Еуропаның кейбір мек­­тептерінде басталып та кет­ті. Мәселен, Данияның орта бі­лім беру жүйесі, бірінші кезекте, тәуелсіз тұлға тәрбиелеп шы­ғаруға бағытталған. Және бұл бос сөз емес. Данияның білім за­ңын­­да бастауыш мектеп білімі не­­гіз­гі ілім мен әдеттерді үйретіп қана қоймай, оқушылардың жеке қабілеттерін дамытуы керек екені жазылған. Мектепке дейінгі білім ордаларының (балабақша мен дайындық сыныптары) алдында бірнеше мақсат тұрады: баланың сөздік қорын кеңейту, мектеп ережелерімен таныстыру, төзімді болуға үйрету және қоғамда то­лық­қанды өмір сүруге дайындау. Мектептерде оқушыларды өз бе­тінше ақпарат тапқаны үшін де­реккөздерді сараптағаны үшін мадақтайды. Оқушыларды пай­ым­дарға күмән келтіріп, өз бе­тін­ше пікір қалыптастыруға үй­ре­теді, осылайша оларды өзін сый­л­ауға және өзін тұлға ретінде се­з­інуге тәрбиелейді. Қоғам үшін рухани дамыған жаңа тұлғаны қалыптастырады.

Финдердің білім жүйесінде, логорифм немесе домна пешінің құрылымы балаға қажет деп саналмаса, ол оқытылмайды. Оның орнына балалар кішкентайынан бастап портфолионың, келісім-шарттың, банк картасының не екенін біліп өседі. Бала кү­ні­нен мұ­раға қалған дүние мен бо­ла­шақта таб­атын табы­сы­нан салықтық пайызын есептей біледі. Интернеттегі ви­­­зит­­ка-сайтты жасауды үйреніп, бір­­­неше рет арзандатылып қой­ы­л­­ған тауардың соңғы құнын шы­­ғара алады. Яғни, балаларды тұл­ға ретінде өз-өзін ерте кез­ден ба­с­тап қалыптастыруға м­­а­шы­қ­тан­дырады. Бұл да рухани қа­лып­тас­қан тұлғаның бір белгісі деп тү­сінемін. Финдердің пайымдау­ынша, мектепте бала ең басты нәр­се: өзінің жарқын болашағын қа­лыптастыру үшін дербес ойла­ну­ға, өміріне қажет білімді өз ең­бе­гімен жиюға үйренуі керек. 

Ал бізде ше? Білім саласы бойынша соңғы уақыттарда біршама жұмыстар атқарылуда. Бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру стандарттары, бастауыш жә­не негізгі мектеп үшін типтік оқу бағдарламалары жаңадан жасалды. Былтырғы жылдан бастап жаңартылған мазмұндағы бағ­дарламалар бойынша бастауыш сыныптар оқытыла бастады. Қазіргі кезеңде мектептік білім жүйесі базалық оқулықтарға кө­шу­де. сондай-ақ, оқулықтарды он­лайнға көшіру мүмкіндігі пайда болады. Алдағы уақытта мектепке дейінгі балалардың барлық әріптер мен сандарды біліп, 1-сыныпқа толық дайын болып баруы үшін қанатқақты мектептер мен балабақшаларда 0-сынып ашылады. Бүгінгі таңда әлемдік тіл­дерді жылдам оқытатын үл­гілер бойынша қазақ тілін ме­м­лекеттік тіл ретінде оқыту әдіс­темесі жаңартылды. Енді жаңа оқу жылынан бастап қазақ тілін деңгейлеп оқыту әдісі біртіндеп енгізіле бастайды, бұндай әдіс – қазақ тілін шын мәнінде терең білуге әкелуі тиіс. Ал ағылшын тілінде оқытуды айтатын болсақ, әрине, бірінші мамандар дайындап алу керек. Қазіргі уақытта пән мұғалімдері тілдік курстардан өтіп, өздерінің білімдерін тереңдетуде. Компьютер және ақпараттық технологиялар ар­қы­лы жасалып жатқан оқыту процесі оқушының жаңаша ойлау қабілетін қалыптастырып, оларды серіктестік әдіспен жобалар құру мен жаңалықтар ашуға ынталандырып, нәтижесінде өздерінің кәсіби әлеуеттерінің қалыптасуына жол ашу қажет. 

Алдағы уақытта болашақ білім­нің ажырамас бөлігі мыналардан тұрады: 3Д принтерлер мен 3Д модельдер, экрандалған цифрлы парталар, бүкіл қабырғаны алып тұратын проекторлық модельдер, сандық көзілдіріктер, голография, ней­роинформатика және тағы бас­қалар. Дәптерлер болса оқу үр­дісінен алынып тас­та­луы ғажап емес. Ал мек­теп­тер­дегі білімді осындай сапа­лы деңгейге көтеру үшін әлі де болса, мемлекет бейне-анимация, сарапшылармен сұхбат, ма­тематикалық моделдеуден тұ­ра­тын оқу бағдарламаларына грант­тарды көбірек бөліп, жаңа ма­мандықтардың да санының көбейтілуі тиіс деп ойлаймын.

Сонымен қатар, мектептегі бі­лім сапасын жоғарылатуда «оқу лагерьлері» зор рөл атқара ала­­ды. Яғни, болашақта таң­да­­ған мамандығы бойынша оқу­шы­лардан математика, әде­би­ет, тарих, тіл және тағы басқа да пән­дер­дің негізінде оқу лагерьлерін жа­сақтап, оған дуалды жүйе бой­­ынша тәрбиешілер ретінде сту­дент­терді жіберу керек.

Біз білім мен дағдыларды үнемі жаңартып отыратын кез­еңг­е аяқ басып отырмыз. Ал бұл дегеніміз адамдардың әр­дай­ым өз бетінше оқу қабілетін қа­лып­­тастыруды талап ету болып табы­лады.

Болашақта қашықтан білім бе­ру әдістері белсенді түрде қол­да­­нысқа еніп, тіпті мектепке ба­ру міндеттілігі жойылуы да ға­жап емес. Осыған байланыс­ты оқу­­шы­­лар­дың қашықтан оқы­туға қа­ты­суы­ның жүйесі жаса­лады. Мы­салы, Стэнфорд уни­верситетінің екі профес­соры Себастьян Трун мен Питер Норвиг өткен күзде жасанды интел­лект бойынша сабағын онла­йн

түрде өткізгенде, курсқа әлемнің 200 елінен 160 000 адам тір­келген. Трун мен Норвигтің т­ұ­жырымы бойынша, 2050 жылға дей­ін Жер бетінде бар-жоғы 10 университет қалуы мүмкін. Олар бір мезетте миллиондаған сту­дентті оқыта алатын болады. Қа­зірдің өзінде өз лекцияларын YouTube немесе iTunes-ке жария­лай­тын бі­лікті оқы­­тушылар мен про­фес­сор­лар­дың саны күннен күнге артуда.  

Бүгінгі оқушы, ертеңгі студент жан-жақты дамыған болуы керек. Сонда ғана ол еңбек нарығындағы сұранысты қанағаттандырады. Мектеп қабырғасынан бастап жас жеткіншекке еңбек нарығында табанды түрде бәсекеге түсе алатындай негіз жасалуы тиіс.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры,

ҰҒА корреспондент-мүшесі,

тарих ғылымдарының докторы, профессор


Соңғы жаңалықтар