«Жеңіс» жобасы 2015 жылдан жүргізіледі. Жобаның операторы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларын дамыту қоры. Еріктілер жасақтары келесі қалаларда жұмыс істейді: Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Рудный, Семей, Тараз, Талдықорған, Текелі, Теміртау, Орал, Өскемен, Шымкент, Екібастұз.
2016 жылдың қорытындысы бойынша жоба шеңберінде Қазақстанда тұратын 2911 ардагерге, сома мөлшері 291,1 млн теңгені құрайтын көмек көрсетілді. Еріктілер жасақтары жыл сайын ҰОС ардагерлерінің шаруашылығына жәрдем береді, оларға дәрі-дәрмек, азық-түлік, сондай-ақ бірінші қажеттілік бойынша қолдау көрсетеді.
2017 жылдан бастап ҰОС ардагерлері ғана емес, оларға теңестірілген тыл еңбеккерлеріне де көмек көрсетілетін болады. Жобаның «Жеңісті жүрегіңде сақта!» ұранына сәйкес, еріктілер рейдтері бүкіл ел бойынша, тіпті үстіміздегі жылдың желтоқсан айының аяғына дейін жалғасады.
2016 жылы «Жеңіс» жобасы аясында «Қазпошта» АҚ тарапынан, сондай-ақ «Далалық пошта» акциясы іске қосылып, оның шеңберінде әрбір «мейірімді жан» ардагерге хат жазып, арнайы қорапшалар арқылы жіберген еді. Акция үстіміздегі жылы да жалғасатын болады.
Бұдан басқа, жоба аясында «Жолаушылар тасымалы» АҚ 1-31 мамыр аралығында ҰОС ардагерлеріне арналған купе вагондарында олардың тегін жол жүрулерін қамтамасыз етеді.
«Егемен-ақпарат»