Қазақтың солдат болу құқы
Алаш ұлының жөні бөлек. Хан Кене шәйіт болғаннан кейін қазақ баласы қалың жасақ болудан қалған-ды. Сондықтан, байтақ даланы қусырған Ресей патшасы билігіне қарсы шыққан, әр жерде бір тұтанған отты ошақтар болмаса, жалпы жұрттың ат құлағында ойнағанымен, атты әскер болуға да, қару ұстауға да құқы жоқ болатын. Қара ормандай қаптаған қарашекпенділер қазақты құнарлы жерінен қуып қана қоймай, қақысын да алып қойды. Тіпті, гуманист Л.Толстойдың жерге тоймаған орыс мұжығын келеке қылып жазуы да империялық пиғылға шыбын шаққан құрлы болмады.
Мұндай кері кеткен заманда бұратанаға айналған ұлттың қорғаушысы да, қолдаушысы да – оқығандар еді. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ оқығандары түрлі амал-шарғылармен қазақтың қақысын алып беруге амал қылды. Соның бірі қазақты әскер қатарына алдыру болатын. Орыс және өзге де славян жұрттарымен, казактармен қатар атты әскер сапына алынар болса, онда қазақ патша жарлығымен қазына жеріне айналған өз жеріне деген құқына ие бола ма деген үлбіреген үміт бар еді...
Бұл мәселені Әлекең Мемлекеттік Думада көтерді.
Дегенмен, ХХ ғасыр басында Ресейдің ішкі және сыртқы саясатында қалыптасқан күрделі ахуалға орай Ресей әскери қолбасшылары бұл жайтты терең сараптап, өз қортындысын шығарған болатын. 1914 жылы Ресей империясы екінші дүниежүзілік соғысқа кіргені мәлім. Осы ретте әскер қатарын жаңа күштермен толықтырып отыру туралы мәселе көтеріліп, Мемлекеттік Думада мұсылман депутаттарының фракциясы Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай облыстары мен Түркістан өлкесінен солдат алу туралы ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныс екінші разрядты әскер жасақтарын құру туралы заң жобасы аясында қарастырылды. Алайда, заң талқыланбай тұрып, істің мәнісімен танысуға тапсырма алған әскери министр Сухомлинов қазақтан әскер алуға үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Ол көшпелілік пен мемлекеттіліктің арасы алшақ екенін айтып, қазақтың орысша білмейтінін, жазу танымайтынын, әскер қызметіне шыдамайтынын, сондай-ақ, панисламизм рухында тәрбиеленіп отырғандығын айтады (М.Қойгелді, "Алаш қозғалысы", І том, 241-б, "Мектеп" , 2008).
Осы мәселені сол кезде ең қаузап жазған "Қазақ" газеті еді ("Қазақ", 1915, №153). Редакция қазақтан солдат алу мәселесіне орай "Русское слово", "Биржевые новости", "Утро России", "Новое время" сынды Ресей газеттеріне шолу жасап, аталған басылымдардан материалдар алып жариялайды. Мұнда Сухомлиновтан кейінгі әскери министр Поливановтың, бас штабтың бастығы генерал Михневичтің, Омбы және Торғай генерал-губернаторларының өз кеңселерінде қазақты патша армиясы қатарына тартудың жан-жақты талқылағанын көреміз. Осы кеңесулердің құпия шешімі 1917 жылы Петерборда шығатын "Известия Всероссийского Мусульманского Совета" газетінің №15, 16 сандарында жарияланады. Осындағы Торғай және Омбы кеңестерінің тұжырымдары бойынша және орталық үкіметтің патша мен Мемлекеттік Думаға дайындаған баяндамасында қазақтардың саяси тұрғыдан әлі де сенімсіз екендігі сөз болады. Оған себеп, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ даласының Ресейге жаулық пиғылда болып, Кенесары Қасымұлының қазақ даласын өз алдына бөліп әкету үшін әскер жиып, дүрбелең туғызғаны, барар жер, басар тауы қалмаған соң басылғаны, тек Орта Азия хандықтары Ресейге бағынған соң ғана тынышталғаны баяндалады. Сонымен бірге, қазақтың Ресейге жаулық пиғылдағы Орта Азия, Хиуа, Бұқар мемлекеттерімен, Қытай мұсылмандарымен көршілігі қазақтарға қару ұстатудың саяси қателік болатындығын байқататын еді. Оның үстіне, қазақтың жері қарашекпенділерге алынып жатқандықтан, халықтың орыс өкіметін жаратпай отырғандығын мәлімдейді. Міне, осы іспетті мінәйі себептер "патшалық пайдасы мен сақтық үшін" әскер алуды кешеуілдете тұруға қаулы қылады (Сонда. 242-243-бет).
Бұл жылдарда қазақ оқығандары "қазақтың жаяу әскерге шақырылғаны дұрыс па, әлде атты әскер қатарына алынғаны дұрыс па?" деген тақырыпта пікірталас ұйымдастырып, қызу талқыға көшкен. Мысалы, А.Байтұрсынұлының "А.Б." лақап атымен жазған "Петроград хаттарына" қайтарған жауабында Әлекең қазақ ұлтының казактар сынды атты әскерге шақырылуын қолдап, оны талдап тұрып түсіндіреді: "18 жасқа келген казак 3 жыл 21 жасқа шейін даярланған казак болады, 21 жастан басталып 12 жыл анық қызметке саналады. Бұл 12 жылды казак ел аманда үйде өткізіп, жыл сайын жаз уақыттарында 3-4 ай ғана ел ортасына жиылып әскер ғылымын үйренетін учебни сборда болады. Сонда қызмет жылының есебі 12 болғанымен, шын қызметте болуы 3-4 жылға ғана болады. Өйткені бұл 3-4 айлар 12 жылда ғана 3-4 жылға толады. 12 жылдық қызметін атқарған казак 38 жасқа толғанша запаста болады... Казак законда право жолында мұжықтан ілгері, бұған себеп болған тарих жолы: мұжық құл болған, казак бостандық, құрдастық жолында болған, анық қызметті 12 жыл қыламыз деп, казак жер жағынан мұжықтан ілгері, ерке. Бізге мұны бермес, берсе, ұтылмаспыз" (Ә.Бөкейхан шығармаларының толық жинағы, І-том, 37-38-беттер, "Сарыарқа", Астана, 2009).
Міне, осылайша қазақтың жер жағынан орыс мұжығынан, әскер жағынан казактардан да күні төмен болып, халықтық қайраты күн санап еңкіш тарта түсті...
Қазақтан солдат алуға кедергі болған тағы бір жайт қазақ арасында паспорттандыру жүйесінің жоқтығы болатын. Зиялылар Ресейдің қазақ жерін қосып алған екі жүз жылға жақын заманда метрике мәселесін шешпегенін ащы әжуалады. 1916 жылдың 25-маусымындағы патша Жарлығының орындалу жүйесінің өрескел жүруінің бір ұшы осы метрикенің жоқтығынан да болар деген ой санамызда қылаң береді. Яғни, сібірліктермен тең құқылы жарақ асынып соғыспай, көртышқаншылап шұңқыр қазуға үрімін жіберуге арланған тағы да қазақ еді. Орыс ұлығына жарамсақ-жәреукелікке бой алдырған қазақ даласының жергілікті билеушілері қиын-қыстау сәтте қара жұмысқа алынатын қазақтарды тізімдеуде әділетсіздікке барды. Бұл қоламтаны үрлеп жіберген желдей болды, от гулеп ала жөнелді. Ел наразылығы қарулы қақтығыспен жалғасты. М.Тынышбаев көрсеткендей, осы қысылтаяң сәтте ұлт зиялылары екі оттың ортасында қалды. Күштің тең еместігі, қарулы қарсылық қан төгумен аяқталатыны Әлихан Бөкейхан бастаған зиялыларға мәлім еді. Олар жедел шешім қабылдап, қинала отырып, халықпен кеңесу іспетті сөздерін газетке жариялап, атқа қонған, ереуілдеткен елді тоқтамға келуге шақырды. "Қазақ" газетінде басу айтқан "Алаш азаматтарына" атты үндеу жариялады. Ол нәтижесіз болған жоқ. Жақып Ақбаев айтқандай: "Басқа жерлерде қан төгілген, асылған, атылған көп. Қарқаралы қазағы бұл пәледен оқығандардың арқасында аман болды". Шынында, бір ғана Жетісу қазақтарының көтерілісін басуға 8750 штыктан тұратын 95 рота, 3900 қылыштан тұратын 24 жүздік, 16 зеңбірек пен 47 пулемет жіберілді. Осыдан-ақ қазақ оқығандары қадамының есебін, ел есендігін ойлаған сұңғылалығын байқайсыз. Елді патша жарлығына мойынұсынуға шақырып, жазалаушы отрядтың құрығынан құтқаруға үлес қосқандар қатарында Әлекеңнен бастап, Ахмет, Міржақып, Тұрағұл, Халел, Отыншы, Мұхамеджан, т.б. Алаш азаматтары бар еді.
Майдандағы жұмысқа алынған қазақ жігіттерінің тіл білмейтіндігін, оның мұң-мұқтажын тиісті орынға жеткізу, басқа да білместіктерінің орнын толтыруға тағы да қазақ зиялылары бас болып, бүкілресейлік Земск одағы арқылы олардың арасына білімі бар қазақ азаматтарын жөнелтіп, басқа да оқыған жастарды жұмылуға шақырады. Қара жұмысқа жөнелтілген қазақтар мен оларға бас-көз болатын азаматтардың бағдарын, бар мәселесін Мәскеуде жүрген Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай түрлі билік орындарына кіріп, сөйлесу арқылы шешіп отырды. Білгір тарихшы М.Қойгелдінің еңбектеріне сүйенсек, тіпті, олардың ас-сулары мен жылы киімдеріне дейін тауып беруге тырысқаны байқалады.
Алаш әскерін жасақтау идеясы қалай басталды?
Жоғарыдағы әңгімелерді үзік-үзік келтіргеніміз, Алаш зиялыларының жаны қазақтың өзінде болғанын, барынша қазақты қорғауға тырысқанын, қал-қадерінше қол ұшын беріп, қай қиындық болса-дағы дем беріп, жеңіп шығуға күш-жігерін арнағанын, о бастан қазақпен жаны бірге болғанын, қазақтың әскер болу құқына жете алмағанын аңдату еді. Алаш әскерінің құрылуына да осы жәйт себеп болды. Яғни, аумалы-төкпелі дүниеде қазаққа екі тізгін, бір шылбыр болып дүниеге келген Алаш Орда үкіметінің бір тірегі әскер күші болатын.
Ақпан төңкерісінен соң патшалық Ресейдің құлауымен қатар келген адуынды саяси һәм әскери үкіметтердің құрылуымен, сол қым-қуыт уақытта, алды тұман жағдайда қазақ елінің үмітін шырақ етіп жаққан жалпы қазақ сиезінің қарарында "мемлекет ішінде бассыздық, талан-тараж, қарбалас, талас болып жатқанын ескеріп, қырғыз-қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін ешбір тоқтаусыз милиция түзуге кірісу қажеттігі" айтылып, нақты шаралар белгіленді.
Алаш Орда әскерінің жасақталуын жеделткен жәйт Алаш партиясы мен оның үкіметінің құрылуы болды. Мұны сол кездегі үлкен саяси оқиғалар шеңберінде қарау қажет. Ресейге кіріптар болғаннан соңғы тұңғыш құрылтай 1917 жылдың 21 – 26-шілде аралығында Орынборда өткені белгілі. Қазақ зиялыларының бұл сиезді өткізудегі басты мақсатының бірі Петербордағы учредительное собраниеге топ жазбай бару болған екен. Қазақтың алғашқы құрылтайында ең маңызды екі шешім қабылданды: 1. Қазақтың жері ілкідегідей Ресей қазынасының емес, қазақтың өз меншігі деп танылды. 2. "Алаш" деп аталған ұлттық саяси партия құрылды.
Әлімхан Ермеков жазғандай, "Отансыз жұрт отанды болған" ("Сарыарқа" газеті, 22-қаңтар, 1918 жыл) ІІ жалпықазақ құрылтайы 1917 жылдың 5 – 13-желтоқсаны аралығында өтті. Аласапыран жағдайға байланысты 1917 жылдың 14-қарашасында шыққан "Қазақ" газетінің 250 санында аталған құрылтайға шақыру жөніндегі жеделхат түрінде берілген үндеуде Ресейдегі саяси тұрақсыздық жағдайында қазақтың елдігі мен жерін қорғау үшін "қазақ милициясын құру" және тағы басқа өзекті мәселелер қаралатыны айтылады. "Егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүліншілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда қазақ халқы құрбан болады" делінген болатын телеграммада. Осы жиында Алаш автономиясы және оның "Алаш Орда" деп аталатын ұлт кеңесі құрылады. Дегенмен, ішкі Ресейдегі саяси ахуалдарды ескерген ұлт зиялылары автономияны жариялауды бір айға кешеуілдете тұруды ұйғарады. Мұның бір мәні, Түркістан губернияларындағы қазақтардың қосылуын күту болса, екіншісі, Алаш Орданың Ұлт кеңесін үкімет ретінде Ресейдің жалпы құрылтайында ресми түрде таныту болатын. Бұл аралықта "Қазақ" газетінің бас жарияланымдарына айналған "Саяси хал", "Демагогия" мақалаларынан Әлихан бастаған ұлт көсемдерінің елдегі большевиктік анархияны жіті сараптап отырғанын байқар едік. Олар әсіресе, соғыстан қарумен қайтқан орыс мұжықтарының көптігі мен олардың тасырлығынан қазаққа бейқам қалуға болмайтынын ашып айтты. Бұл жәйт Алаштың әскерін даярлай беруге бірнеше қадамдар жасатты. Соның бірі Орынбордағы юнкер школының бастығымен жасаған келісімдер десе болады. "Қазақта" жарияланған "Офицерлер даярлау" атты мақалада (1918, №259) бұл келісімде аталған мектептің атты казактарға қоятын талабы қазақ баларынан алынып тасталғаны, тек сауатты, орыс тіліне жетік болса болғаны деп ұйғарылып, оқуға бірінші кезекте 24 бала алынып, 1-ақпанда сабақ басталатындығы жазылған. Дегенмен, Алаш зиялылары үміт еткен Петербордағы Бүкілресейлік құрылтайды Ленин бастаған большевиктер күшпен таратып жібергенін тарихтан білеміз. Осылайша, 1918 жылдың 5-қаңтарында 500-ден аса депутат жиылған, Әлекеңнің жазуында: "Николай түскеннен бері жүрттың сүйенген, таянғаны – құдайдан соңғы құрылтай еді. Құрылтай басына бұтын көтеріп, большевик сарыды" (Ә.Бөкейханов. Шығармалар. Алматы, 1994).
Автономия жарияланбай қалды.
Алаш әскері қай қалада тұрды?
Осыдан кейін 18-қаңтарда Орынборды большевиктер басып алды. Уфа отрядын басқарған Ә.Жангелдин жанына қосшылыққа М.Тұнғаншинді алып Орынборда большевиктердің билігін орнатуға кірісті. Қазақ жеріндегі қоғамдық-саяси өмірдің өзгеруіне, кеңестік тарихта "азаматтық соғыс" атанған өрттің қаулауына байланысты Алаш Орда әскерін жасақтау жедел қолға алынды және бұл елдің әр түкпірінде әрқалай жүргізілді.
Ең алдымен, Алаш зиялылары 1918 жылға таман Семей қаласына ойысты. ІІ жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулысымен Семей Алаштың уақытша тұратын орны болып белгіленген. Сәкен Сейфуллин "Тар жол, тайғақ кешуінде" Алаш Орда бастықтарының осы кезде Ақмола уезін басып, Семейге өткенін жазады. Әлихан тап басып айтқандай, большевиктердің Орынбордағы тонаушылық, бейбастақ әрекеттері орын алғанын "Қазақ" газеті жазып отырды. Ал Семейдегі жайды Жүсіпбек Аймауытов былай деп білдіреді: "Алаш қаласында қазақ басшылары жиналып, Алаш Ордасын көтеріп, қызметке кірісе бастады. Алаш Орданың қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу. Осы жолда Алаш Орда милициясын жасап, қазынасын толықтыруға кірісіп жатыр" ("Абай", 1918, 19-маусым, №6).
Міржақып Дулатұлы "Қазақ" газетінің №265 (1918, 16-қыркүйек) санында: "11-июньде Алаш Орда іске кірісті һәм сиез қаулысы бойынша автономия жарияланғанша қазақ-қырғыз мәдени ұлт жұмыстарын өзі билейді деп жарлық шығарды. Мұның мәнісі автономияны жариялауды кейінге қалдыра тұрып, мәдени-ұлт автономиясын жарыққа шығарған еді" деді.
Осы кезде Самарада Бүкілресейлік құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (Комуч) құрылды. Аталған үкіметтің Алаш Орданы ресми тануынан кейін алашордалықтар автономияны ресми жариялауды жөн көріп, кейінге қалдырған еді. Алаштанушы Кеңес Нұрпейісов өз еңбектерінде 1918 жылдың 8-қыркүйегінде Уфада Ресейдің мемлекеттік құрылтайы ашылғанын айтады. Осы жиын үстінде, 11-қыркүйекте Ресей құрылтайы Алаш автономиясын ұлттық республика ретінде таниды. Бұл – көптен күткен сәт болатын. Жиыннан Әлихан Бөкейхан сүйінші сұрап жеделхат жолдайды: "Құрылтай уәкілдігінің комитеті Алашты автономиялы жұрт деп таныды ...Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар. Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкіне не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қаншама болсын, қарыздануға қорғанбаңдар. Жетік, білікті қару алсын. Алаш отрядының Орал, Торғай бөлімдерінде әскер жасау жұмысы жалғассын. Оралда қазақ офицерлерін шығармаңыз. Алаш Орда бастығы Бөкейханов" ("Абай", 1918, 25-қыркүйек, №10).
Әрине, бұған дейін Алаш көсемдері Семейге орналасып, әскер жасақтау жұмыстарымен қал-қадерінше тыңғылықты айналысты.
Тарихшы Ерлан Сайлаубайдың "Абай" журналында (2000, №1) жарияланған "Алашорда әскері" мақаласында Семей облысындағы Алаш әскерінің 1918 жылдың қаңтар мен мамыр айлары аралығында жасақтала бастағаны жазылған. Алаш Орда үкіметінің Орталық комитеті Семей қаласының Заречная Слободка атты бөлігіне 1918 жылдың қаңтарында келіп орналасады. Бұл жер сол кезде Семей жұртшылығы арасында Алаш қаласы атауымен белгілі бола бастаған екен. "Алаш слободкасы" немесе "Жаңасемей" деп те аталады. Осы Алаш қаласы маңындағы қырда І Алаш атты әскер полкі жасақтала бастайды. Алаш жасағының алғашқы құрамына Семейдегі семинария студенттері мен түрлі орындарда жұмыс істеп жүрген жастар өз еріктерімен енді. Бұл жөнінде "Қазақ" газетінде (№262, 30-маусым, 1918) жарияланған Жанұзақ Жәнібековтің "Алаш құрбандары" мақаласында біраз ақпарат бар. Яғни, Міржақып әйгілі "Тұңғыш құрбан" өлеңін арнаған жас шәкірт Қазы Нұрмұхамедұлының қарусыз әскер ойынында қапыда қаза тапқаны мен Қытай шекарасында, неміс шебінде болып соғыс өнерін жетік меңгерген, большевик лаңы шыққанда Алаш офицерлерінің қатарынан табылған штабс-капитан Нұғман Сарбөпұлын Кашпиринский отрядының большевиктерге болысқан әскерінің алдап қолға түсіріп, айуандықпен өлтіргені һәм жаңа босанған әйелінің лыпасынан басқа барлығын тонап алғаны туралы суреттеледі.
"Алтыншы мартта таңертең сағат тоғыз шамасында Алаш қаласында мылтықсыз ойнап жатқан атты қорғаушылардың жанына 10-15 солдат келіп, еш себепсіз мылтықты бір-екі басып қалады. Ешкімге оқ тимейді. Мылтық дауысы шыққан соң бірлі-жарымды жігіт қашуға айналғанда милиция бастығы, учительский семинария шәкірті Қазы Нұрмұхамедұлы жігіттерге айғайлап: «Қайда барасыңдар? Жазықсыз өлсек өлейік, бәрімізді қырмас!» деп тоқтау айтып, өзі орнында тұрады. Сол арада мылтық үсті-үстіне атылып, Қазының өзіне де, атына да оқ тиеді. Оқ жүректен тиген. Есіл жас сол арада жан тапсырды" делінген Ж.Жәнібековтің бұл мақаласында Шәкәрім бастап, Міржақып қостап, семинарияда бірге оқыған Жүсіпбек және тағы басқа адамдардың сөзі келтіріледі.
Қазидың өліміне сұрау салған жайы да жазылған осы жазбаға қарасақ, бұл уақытта қаладағы билік большевиктер мен алаштықтар һәм ақтарда жарым-жартылай екенін аңдауға болады.
Өзге өңірлерде де Алаш әскері құрылып жатты. Семейдегі атты әскердің жаттығу жұмыстарын өткізгеніне қарап, онда кәсіби әскердің құрылғанын тануға болады. Алғашқы рет қаңтар-ақпан айларында Верныйда ұлттық қарулы күш құрылды. "Қазақстан тарихы" энциклопедиясының 4-томында бұл туралы мағлұматтар кең-молынан берілген ("Атамұра", 2010). Көп кешікпей наурызда Жетісуда Кеңес өкіметі орнағандықтан бұл бөлім қарусыздандырылып, таратылды.
Алаш Орданың Торғай бөлімшесіне 1918 жылы қыркүйекте 300 берденке, 20 мың патрон және көп мөлшерде киім-кешек бөлінді. Қостанай мен Ырғыз уездерінде екі атты полк құруға атаман Дутов көмек қолын созды. Алаш әскерінің Қостанайдағы бөлімшесіне 1919 жылға дейін милләтшілдер қатарынан табылған Бейімбет Майлин де өз еркімен кірген болатын. Тіпті осы тарапта "Еліме" деген өлеңі "Сарыарқа" газетінде басылған. Алайда, бұл әскерлер уақытында қаруланып үлгермегендіктен қызылдарға қарсы ұрыстарға кеңінен қатыса алмай да жатқан жайы болды.
1918 жылдың мамыр айында Семейден Алаш Орда үкіметінің атынан шыққан Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсекұлы және Садық Аманжоловтардың Ақсуат, Бақты жері арқылы шекара асып, Қытайдағы Шәуешекке барған сапарының да бір қыры шеттегі қазақтарды Алаш туының астына біріктіру болса, екінші тұрғыдан Шәуешектегі Ресей консульдығы арқылы большевиктерге қарсы күрес жүргізу үшін қытай өкіметінен қару-жарақ алу туралы келіссөз жүргізуге барған болуы мүмкін деген пікірлер де айтылады.
"Жетісу" энциклопедиясына ("Арыс", 2004, Алматы) Ш.Аманжолова мен М.Әбдешовтің енгізген мәліметі бойынша Садық Аманжолов Жетісу мен Шәуешек қаласында Алаш Орда жасақтарын құруға басшылық жасаған екен. Алаш қайраткерлерінің бел ортасынан табылған оның кеңес әскерлерімен болған шайқастарға қатысып, ауыр жараланғаны да сол уақыттағы басылым беттерінде айтылған.
Күнбатыс Алаштың да әскері болғанын, оның бастықтарын (прапорщиктерін) даярлайтын школы болғанын С.Сейфуллин 1923 жылғы іссапары барысындағы "Жымпиты уезі – Алашорда ойнағы" атты мақаласында (С.Сейфуллин, 5-том, 1988) әжуалап жазады. Алашорданың батыс бөлімшесінің басшылары Жанша мен Халел Досмұхамедовтер Самарадан Құрылтай жиналысынын комитеті арқылы 600 винтовка мен пулемет алды және жақын уақытта 2000 адамнан тұратын қазақ әскерін ұйымдастыруға уәде етті. Орал өңіріндегі Алаш әскерінің іс-қимылын А.Ипмағамбетов өз естелігінде жазып қалдырған. Оның жазуынша, Алаш Орда Әскери үкіметпен одақтасқаннан соң далада большевизм тамырын жоюды қолға алады. 1918 жылдың жазында жазалаушы жасақтар құрып, әскери-далалық соттар ұйымдастырады. Мәселен, осындай соттың үкімімен Орал облысынан 30 қазақ большевикті ату жазасына кескен. Тағы да түрлі жазалар қолданған. Күнбатыс Алаш Орданың әскери-далалық сотының төрағасы Ескендір Көпжасаров, мүшелері Алпан Кенжеалиев, Қуат Төтебаев болғаны айтылады.
Дәл осы әскердің туы Ақмешітте өткен Советтің 5-сиезінде сахнаға ілінгені туралы деректер бар. С.Сейфуллиннің 1925 жылы ВКП (б) Орталық комитетіне жазған хатында бұл тудың сахнаға ілінуіне Елдес Омаровтың қатысы барлығы туралы айтады. Яғни, ұстанымына адал Алаш азаматтарының кейінгі кеңес өкіметінің кезеңіндегі ішкі саяси қарсылығын байқауға болады. Мұны Сәбең "Алаш туының жыртылуы" деген тақырыппен өзінің мемуарына арқау еткен ("Өмір мектебі", "Жазушы", ІІІ-том, 1970). Осы кеңес өкіметінің бесжылдық сиезінде "Лә иләһа илла-алла, Мұхамәдүн Рәсул алла", "Алаштың Ойылдағы атты полкі", "Жасасын Алаш автономоиясы!" деген жазулар кестеленген, шұғадан тігілген жасыл туды сахнадан жұлып алып, аяғының астына басып дал-дұл жыртқан большевик Угар (Мұқатай) Жәнібековтің көп ұзамай қайтыс болуы да жұмбақ дүние. Қанша айтқанымен, байрақтың да бәсіресі, киесі болады емес пе?!..
Әскер болуға халық қалай қарады?
1916 жылғы дүрбелеңнен кейін қазақ халқы солдат деген сөзден үркіп қалғаны белгілі. Сондықтан да болар, ұлт зиялыларының "Алаш әскері" атауын "милиция" сөзімен алмастырып қолдануы.
Сәбит Мұқановтың "Өмір мектебі" шығармасы ұлтымыздың шын зиялыларын сын тезіне салғанымен, дәуірдің көңіл-күйі мен кейбір деректерді дәл беруімен тартымды. Мәселен, осы шығарманың алғашқы томының (Алматы, "Жазушы", 1970) "Алашордашылар" атты тарауында Алаш милициясына адам жинау ісі өте көрнекі жазылған. Аққусақ болысы, миллионер Әлтидің Садуақасы ауылында 1918 жылдың маусым айының соңында өткен жиында құрамы жүздей болатын Алаш азаматтарының қандай үлкен, биік құрметке ие болғандығы, оқыған азаматтарға деген елдің ықыласы, олардың әлденеше күн кеңес құрып, 200-дей әскерді сапқа тұрғызып, "Алаш маршын" шырқап, бүкіл халыққа айтар сөзін дөңнің басындағы арбаның үстінде сөйлегені, екі ояздан екі мың милицияға адам сұрай келгені, алдын-ала кеңесте сөз сөйлеуге белгіленген Құртайдың Мұқышын қара халық ұрлап әкетіп, әскерге адам бермеуге үзілді-кесілді бел байлағаны Алаш Орда әскерінің оңай жасақталмағанын көрсетсе керек.
"Көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болады". Оқығандардың сөзі халыққа бірде жетіп, бірде жетпей жатты.
Маусым айына дейін алғашқыда шағын жасақ болған Алаштың І атты әскер полкы жасақталып болған еді. Алаш Орда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан Семей уездік земство басқармасының төрағасы Ахметжан Қозыбағаровқа жіберген қатынас құжатында Алаш милициясына уездің әр болысынан 30 адамды алу, оларды Семейге жедел жеткізу жөнінде айтылған. Бұл бұйрыққа қарасақ, Алаш көсемінің әскер тарапында нақты қадамдар жасап, іске кіріскенін аңдайсыз. Яғни, әскері бар үкіметпен бәрі санасады. Соғыс жағдайы да қорғану қажеттігін ұқтырған. Ғалым Ерлан Сайлаубайдың ШҚО мұрағаттарынан келтірген деректеріне сүйенсек, ("Абай", 2000, №1) Алашорда әскері құрамына шақырылуға тиіс 30 адамды кейбір болыстар жібермеген. Мұнда Айғыржал болысының жігіттері қосымша шақыруды 1919 жылдың ақпан айына дейін күтсе, Бесқарағай, Кеңтүбек, Сейтен, Свободный, Малыбай, Қайыңды болыстарынан әскерге ешқандай жігіт алынбағаны жазылады. Оның түрлі себептері болған. Мәселен, біреулерінде тиф ауруының таралуына байланысты кейінірек шақыруды сұраса, біреулері әскерге жігіттер беруге ашық қарсы болады. Аққұм, Делбегетей, Уақ болыстарында ішінара түрлі арандатушылық әрекеттер де орын алған. Оған большевиктің пиғылдағы адамдардың дем бергені анықталған және бұған Алаш үкіметі дер кезінде тиісті шаралар қолданып, алдын алып отырған. Дегенмен, түрлі қитұрқы бөгеттерге қарамастан, Алаш әскерінің саны аз болған жоқ. Бұл туралы нақты деректер толық емес. ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының қызметкері Лаура Қадырованың айтуынша, I Алаш атты әскер полкі қатарына 18 болыстан шақырылған 430-дан астам жауынгер жастардың аты-жөні жазылған тізім бар. Тізім ішінде М.Әуезов, Ә.Бөкейхан, Х.Ғаббасов, А.Қозбағаров, М.Тұрғанбаев, Ы.Мұстамбаев, Абайдың баласы Тұрағұл да бар. Алаш полкін жасақтауда Семей мен Қарқаралы уездерінің айрықша қызмет атқарғанын байқауға болады. Тіпті, кей болыстарда өз еркімен жазылушылардың көптігінен Ә.Бөкейхан белгілеген 30 адамнан артық әскер саны жеткізілген.
Алаш Орда әскерінің командирі – Хамит Тоқтамышев
Алаш Орда әскері туралы сөз болғанда атты әскерді ұйымдастыруда өзін жақсы қырынан көрсеткен Хамит Тоқтамышевті ерекше айтуға болады. Әрине, негізгі стратегиялық басқару тетігі Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлының қолында болды. Ал, капитан Хамит Тоқтамышев әскердің жасақталуына, сарбаздардың әскери тәртіпке бой үйретуіне жауапты еді.
1918 жылдың мамыр айынан бастап большевиктерге қарсы күрес жүргізіп жатқан ресейлік саяси күштер бірігіп, чех-словак әскерінің қолдауына арқа сүйей отырып, Орал, Сібір өлкелерін, Қазақстанның батыс, солтүстік, шығыс аймақтарын қызылдардан тазалауға кірісті. Қаулаған өрттің қазақ жеріндегі жалынында от кешуге Алаш Орда әскерін одақтас көрген олар, қазақ әскерінің нығаюына қол ұшын соза бастады. Бұл туралы Семейде шығатын кадеттік "Свободная речь" газеті (1918, 15-маусым) Алаш Орда әскерін дайындықтан өткізу үшін 35 орыс офицері-нұсқаушыларының жіберілгенін, әскер құрамында 300-ге жуық қазақ милиционерлері бар екенін жазады. Газет бұл деректі жергілікті қазақ комитетінен алғанын айтады. Келесі кезекті санында 1918 жылдың 18-маусымында талтүсте Алашорда басшылары мен әскери отрядының Алаш қаласына келіп кіргенін, әскери жасақтың саны 500 адам және олармен бірге орыс офицер-инструкторлары бар екенін жазады. "Свободная речтің" жазуынша, келесі күні кешкі сағат 6-да Никольский шіркеуі маңындағы алаңға Алаш Орда әскері сапқа тұрғызылады. Уақытша Сібір үкіметінің Алаш Ордамен одақтастығы негізінде әскерге болысуға келген әскери штаб бастығының көмекшісі полковник Папин, штаб адъютанты капитан Виноградов және Уақытша Сібір үкіметі өкілі Давыдов тарапынан сәлемдесу рәсімі өткізіледі. Бұл кездесуге Әлихан Бөкейханның келуіне орай, ұлттық қозғалыс көсеміне Х.Тоқтамышевтың бұйрығымен атты әскер "Алла" деп ұран салады. Алаш атты әскерінің ақ түсті желбіреген туында "Жасасын Бүкілресейлік және Сібірлік құрылтай жиналысы", "Жасасын Отанның адал ұлдары" деген жазу кестеленген екен.
Тарихи деректерде бұл әскер күн санап молая түскені байқалады. Осы шамада Алаш әскерінің жалпы саны 1,5 мыңға жеткенін байқауға болады. Капитан Х.Тоқтамышевтің Уақытша Сібір үкіметінің соғыс министрі атына жазған хатында Семейде құрамында 750 жауынгер мен 38 офицер бар Алаш полкінің құрылып, Зайсанда қазақ милициясының 200, Павлодарда – 150, Қарқаралыда – 250, Өскеменде – 250 адамнан тұратын бөлімдері жасақталғанын, бірақ, оларға қажетті қару-жарақ пен киім-кешек жоқ екенін, ақша тапшылығы да орын алып отырғанын хабарлайды (К.Нұрпейісов, "Алаш һәм Алашорда", Алматы, 1995).
Жалпы, Хамит Тоқтамышев туралы Сәкеннің "Тар жол, тайғақ кешуінде" де жазылған. Ол – Омбының қазағы (ноғай деп те айтылады). Капитан шенін патша заманында алған екен. "Свободная речь" басылымы оның шенін подполковник деп көрсетеді. Әйелі орыс, одан туған бір қызы болған.
Алаш әскерінің командирі болған Х.Тоқтамышевтің сүйегі қазіргі ШҚО Көкпекті ауылының маңында. Бұл туралы айтыскер, зерттеуші Қалихан Алтынбаевтың "Қалбатау" (Алматы, "Мерей", 1997, 148-156-беттер) кітабында біршама деректер бар.
"1920 жылдың жазында Көкпектінің қызыл партизандары бүгінгі Ақсуат ауданының "Кіндікті" жерінде Қытай шекарасына беттеп бара жатқан көп арбалы керуенді қолға түсіреді. Тоқтамысов пен оның семьясы солардың ішінде. Керуенде орысы, қазағы, татары, башқұрты, қытайы аралас. Барлығын Көкпектіге әкеліп қамауда ұстайды. Партизан штабының тосқаны – Семейден жіберілген телеграмма. Бірақ қаланың жауабы бір жұмадай кешіккен. Қолға түскені 45 адам. Сонша топты ауқаттандыру да қиын, әрі оқыс әрекет жасай ма деп тұтқындардан қауіптенген. Сол себепті партизан штабы өздігінен үкім шығарып, 45 тұтқынды Көкпекті селосынан оңтүстік-батысқа қарай 3 шақырым "Қара кезеңге" апарып атып тастаған. Әуелі ұзынша орды тұтқындардың өздеріне қаздырыпты. Хамиттің жолдасы бір орыс офицері. Ол да әйелімен қолға түскен екен. Сөйтіп, барлығын қазылып болған орға түсіреді. Хамиттің әйелі мен орыс офицерінің әйелі күйеулерімен орға бірге түседі. Партизандар аяп, бұл екі әйелдің өмірін сақтап, өздеріне азаттық берген-ді.
Үкім оқылды. Енді соны орындайтын сәт туды. Партизандар әлгі екі әйелге кұйеулерімен қоштасудың уақыты біткенін хабарлады. Бірақ бейшара әйелдер күйеулерінің мойындарынан құшақтарын жазар емес. Көздерінен жас парлауда. Кенет, партизандар мылтықтарының шаппаларын сарт-сұрт еткізіп, үкімді орындауға кіріспек. Сүйген жар тәтті, шыбын жан тіпті тәтті. Хамиттың әйелі кішкентай қызымен ордың жиегіне секіріп шығады. Өкінішке орай үкім орындалған күннің ертеңінде Семейден телеграмма келген. Онда "Барлығын Семейге жөнелту керек" деп жазылыпты..."
Алаш әскерінің соғыс қимылдары туралы не білеміз?
Әрине, Х.Тоқтамышевтің өлімі кейінірек болды. Оған дейін Алаш Орда әскері өзінің тарихтағы миссиясын атқарып жатқан еді. 1918 жылдың басында большевиктер Батыс Сібірде жеңіске жетіп, Колчак үкіметінің әскерлері қазақ даласына қарай ығысты. Олардың жол-жөнекей шаруаларды қырып салу дерегін біліп отырған Алаш Орда жетекшілері әскердің бейбіт халықты қырғыннан қорғап қалу мүмкіндігін ескеріп, милиция жасағын нығайта түсті.
Алаш әскері мен Уақытша Сібір үкіметі армиясының қарым-қатынасы Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, Х.Тоқтамышев және Уақытша Сібір үкіметі мүшелерінің 1918 жылы 29 – 30-шілде және 2 – 3-тамыз күндеріндегі екіжақты кездесуінен соң шешіліп, тараптар бірлескен комиссия құрып, саяси әрі әскери байланыстар орнатты. Тарихшылар Алаштың атты әскерін Сібір армиясының бір бөлімі ретінде қарастырады. Алайда, Алаш әскерінің ақтармен майданда бірігуіне қызылдарға қарсы күрес себеп болғанымен, мақсат-міндетінің өзіндік ерекшеліктері бар еді. Екі жақтың да өз ұпайын түгендеткен бұл одақтастықтың уақыты келте болғанымен, тараптар бірқатар шайқастарда бір-бірінің бағасын да, кемшілігін де танып-білді.
"Абай" журналында "Тарбағатайдан аттанған Алаш полкі" атты мақалада (2010, сәуір, 32 – 34-б) Үржар ауданының Көктерек ауылының тарих мұғалімі Рамазан Нүсіпов ел арасындағы естелік әңгімелерді баяндайды. Мұғалімнің жазуынша, Алаш полкінің сарбаздары аттың түсіне қарай сапқа тұрады екен. Яғни, көк аттылар бір қатар, жирен аттылар бір қатар деген сияқты. Олардың атпен сүйреп жүрген үш доңғалақты 14 зеңбірегі болған. Көшпелі асхананы да атпен тартып жүрген. Андреевка түбіндегі шайқаста Алаш полкі қатты шығынға ұшырапты. Атаман Анненковтың тың әскері жетіп, шабуылдағы қызылдарды қырып өтеді. Бұл соғыста Алаш әскерінің шығынға батуы жергілікті переселен мұжықтардың большевиктерге көмектесуінде болса керек. Сарбаздар Алаш гимнін шырқағанда Әлихан мен Анненковтың есімін де әнге қатар қосқан көрінеді.
Оның қайырмасының мәтіні:
Анненков – атаман,
Қолдай гөр жасаған.
Алашпыз жауынгер,
Қорықпаймыз жауыңнан, – деп келсе, әрі қарай:
Біз Қали Арыстан,
Долданса қоймайтын.
Алға ұмтыл, ер алаш,
Елің бар қорғайтын!
Әлихан, Әлихан -
Алаштың серкесі
Ел қамын ойлайтын!, – делінеді.
1919 жылы кескілескен ұрыстан соң Черкасскіні қызылдардан алған Анненков осы жеңістің құрметіне сарбаздар арасында палуандар күресін өткізген екен. Сонда белдесуге шыққан бүкіл балуанды жыққан Аягөздің жігітіне "Сенде тоғыз аттың күші бар екен. Мұнда бір оққа ұшып кетесің" деп әскери киімін шешкізіп, қазақы киімін киіндіріп үйіне қайтарып жіберген көрінеді.
Атаман Анненковтің "Сарыарқа" (1919, 14-қаңтар, №65) газетіне басылған жарлығында Семейде артиллерия капитаны Тоқтамышевты ер көңілді қазақ полкін жасақтауға қосу туралы және туған жерін қорғау үшін майданға өзі барып, атысып, үлгі боларлықтай ерлік көрсетіп, Жетісудағы көпшілдерді (большевиктерді) жоймақ болып жүрген қазақтарға разылығы білінеді. Осы басылымның 1919 жылдың 6-ақпанында шыққан санындағы "Үржардан" деген мақалада Атаман Анненковтың елдің он екі болысынан бес кісі келген жиынында қазақтарға Әлиханның, Мұхамеджанның, Ахметжанның аттарын айтып, олардың көңіліне жаққаны суреттеледі. "Автономия алмаққа жармасады" деп Жетісу казактарының атаманы Афоновтың Алаш қайраткерлерін жек көретінін айтады. Осы арқылы казак атамандарының да Алашқа көзқарасы тым оң болмағанын аңғарамыз. Дегенмен, "Орынборда атамандардың ақсақалы Дутов пен "Алашорданың" ақсақалы кездескенде, қазақтың қарияларынша құшақтасып амандасады! Ал атаманның жігіттері аулақта ел қазағымен кез болса, қазақты нысана қылып атады" деп Сәкен Сейфуллин жазғандай, атамандардың бейбіт ауылды жазым қылғаны да жасырын емес. Тіпті, кей ауылдарда жарлық айтамыз деп жинап алып, пулеметпен баудай түсіргені де айтылады. Бұған өз кезінде Алаш Орда басшылары да наразы болғанымен, дәрменсіз еді. Алаш Орданың "Сарыарқа" газеті 1919 жылы 26-наурыздағы нөмірінде бұл туралы "Жүгенсіздік" атты мақала жариялап, онда ел ішінің атаман әскерінен көрген зәбір-жапасы тізбеленеді. Ішінде әйелге зорлық қылған, отбасымен сабап, дүние-мүкәмал, ақша тартып алғаны, "Атақты Мәшһүр Көпейұлы деген молданы сабаған" деген жол да бар.
Жан-жақты дайындықтардан өткен Алаш орданың атты әскерлері Жетісу майданындағы шайқастарға енгізілді. Алаштың алғашқы әскері Алтай губерниясында Рубцовск майданында большевиктерді қудалауға қатысады. Олардың қатарында Алаштың ерікті ақ гвардияшыл атты әскер полкының бас қолбасшысының көмекшісі әрі ұйымдастырушысы қызметін атқарған Халел Ғаббасов та бар еді. Оған полковник Қараевпен қатар алғыс та білдірілген-тін. "Степная правда" газеті жариялаған "ұйымдастырушы ақ бандылар" ретінде көрсетілген Алаш әскерінің жетекшілері тізімінен Қаражан Үкібаев, Биахмет Сәрсенов, Ике Әділов, Халел Ғаббасов, Мәннан Тұрғанбаев, Мұстақым Малдыбаев, Ахметжан Қозыбағаров, Әнияр Молдабаев, Жұмжұма Үкібаев және тағы басқа азаматтарды көреміз. Сонымен қатар кейінгі жасақталған әскер 1918 жылдың тамыз айынан бастап Жетісудағы қан майданға кіреді. "Свободная речь" газетінің жазуына қарағанда, Алаш әскері орыс офицерлерінің басқаруымен Андреевка, Үржар, Ново-Покровка, Лепсі, Сарқан және Покотиловка сынды жерлерде қызылдармен қызу шайқасады.
Алаш сарбаздарының шайқастағы ерліктері туралы "Сарыарқа" газетінің 1919 жылы 26-наурыздағы нөмірінде "Қазақ қалай соғысады?" деген мақала жарық көрген. Онда жекелеген жауынгерлердің әскери тапсырманы мүлтіксіз орындағаны, ерлікке, тапқырлыққа толы болмыстары баяндалады.
Осы алқапта жүрген ұрыстарда Анненковтың әскерінен бөлініп қасындағы бі