Аймақтар • 08 Мамыр, 2017

11 мамырда Астанада кеме жүзу маусымы басталады

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маршрут бұрынғыдай: Сарыарқа көпірінен бастап «Ақорда» резиденциясына дейін. Осы тоғыз шақырымды теплоход шамамен 50 минуттың ішінде бағындырады.

11 мамырда Астанада кеме жүзу маусымы басталады

Кемелердің жүру кестесі – сағат 12:00-ден 21:00-ге дейін. Бағасы да өзгерген жоқ: ересектер үшін 1000 теңге, жеті жастан асқан балалар үшін – 500 теңге.

Былтырғы маусымда кәсіпорын 20 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсеткен. «Есіл-Астана» ҚКҚК кеме қызметінің басшысы Бейбіт Жуминнің айтуынша, түлектер кеші мен елорда күнін мерекелеу кезінде жолаушылар саны артады.

Үстіміздегі жылы қалаға туристер көп келетіндіктен алты жолаушылар кемесі мен қосымша екі катер тартылады.

«Қазіргі кезде әкімдікпен бірлесіп өзеннің арнасын тазалау бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Су тасқынына орай өзендегі су көбейді, сондықтан оның деңгейін бақылап отырамыз. Бүгінде техника дайындалуда – баяп, тазалаудамыз. Навигация маусымын бастар алдында міндетті түрде техникалық тексеруден өтіп, жүзуге рұқсат аламыз. Бұл да өзіндік техникалық байқау», – деді Бейбіт Жумин.

Су көліктері құбылмалы ауа райы кезінде және қатты желде өзенде жүзуді тоқтатады.

Кеме қызметінің басшысы қауіпсіздік шараларына тоқталды. Айлақта жолаушыларды мінуі мен түсуін бақылайтын инспекторлар кезекшілік етеді. Кемеде тәртіпті капитан мен екі моторист-механик бақылайды. Сонымен қатар елорданың құтқару қызметі де жұмыс істейді.

Кемелерде құтқару дөңгелектері бар, сұраған жолаушыларға құтқару жилеттері беріледі.

Навигация маусымы қазан айына дейін жалғасады.