ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
_________________________________________
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деп аталатын Жолдауында бизнеске түсетін әкімшілік салмақты батыл азайтуды, рұқсат беру жүйесін, ең алдымен лицензиялауды, сертификаттауды, аккредиттеуді одан әрі оңайлатуды тапсырған болатын.
Елбасының көздегені орта және шағын бизнесті қолдау, кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсету еді. Алайда, көмектесудің орнына әртүрлі жолдармен бизнесті тонауға, кедергі жасауға болады екен. Соның бірегейі, еске сала кетсек, кәсіпкерлерге тауардың сапасы мен оның шығу тегі туралы қос сертификатты 2009 жылға дейін қазіргі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті беріп келген. Одан кейін Парламент депутаттары комитетті аталған шығу тегі туралы сертификатты беру құқығынан айырып, оны Сауда-өнеркәсіп палатасына заң жүзінде өткізген.
Осы заңға байланысты Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы (СӨП) тауарлардың шығу тегіне сертификатты (ТШС) тегін беруі қажет еді. Алайда бүгінгі күні бұл қызмет түрі ақылы болып, бірнеше есеге өсіп кеткен. Бұл қоғамда үлкен резонанс туғызған жәйт болды. Осы мәселе күн тәртібіне шығарылған кезде, оған еліміздегі барлық кәсіпкерлер қауымдастығы мүше «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы үдере бас көтерген.
Сауда-өнеркәсіп палатасы – реттеу тетігін сертификаттау болып табылатын нарықтағы тауарларға сараптама жасаушылардың бірі ғана. Ал бір субъектіге реттеу құқығын бере салу сыбайлас жемқорлықты өршіту, нарыққа қатысатын басқалардың мүддесіне нұқсан келтіру дегенді есептемегенде, ол мәселені монополизацияға әкеліп тіреді. Бір сөзбен айтқанда, бұл қасқырға қой бақтырғанмен пара-пар іс болды.
Әу баста кәсіпкердің мүддесін, қазақстандық тауардың жағдайын күйттеу үшін құрылған аталған мекеменің мұндай кері іс-әрекетін қалай түсінуге болады? Егер толықтай жауапкершілікті алғысы келмесе, аталған палатаға бұл функцияны бастапқы кезден-ақ бермеу керек еді. Осылай депутаттардың игілік амалы, керісінше, теріс пиғылға соқтырды. Яғни, біз дәрменсіздік, қауқарсыздық, бейшаралық танытып отырмыз. Жемқорлардың нағыз «шортанын» қолдан жасап бердік деген сөз.
Өткен жылдың 19 мамырында Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Сауда-өнеркәсіп палатасының тауарлардың шығу тегіне сертификат берудегі заңсыз әрекеттері туралы Бас Прокурорға депутаттық сауал жолдаған болатын. Осы сауалға байланысты сол кездегі Бас Прокурор Қ.Мәми Сауда-өнеркәсіп палатасы тауарлардың шығу тегіне сертификат беру құжаттарының сараптамасы, атқарылған жұмыстарды тексеру тарифтерінің мөлшері туралы 2009 жылғы 20 қазандағы Төралқа қаулысына наразылық енгізген еді. Алайда бұл наразылыққа Сауда-өнеркәсіп палатасы пысқырып та қарамай отыр. Өз білгенін жасап, заңсыз қаражатты қарпып асап жатыр. Сол себепті, бұл жерде арнайы тексеру жүргізу керек.
«Шортандарды» өзіміз қолдан жасаймыз. Бүгінгі күнгі халық тұтынатын тауарларға, азық-түлік тауарларына бағаның күрт өсіп кетуі осының кесірі. Халық, әсіресе, зейнеткерлер біз өңірлерде болғанда «Неге баға өсіп кетті?» деп сұрайды. Қалай өспесін, егер кәсіпкер барлық жағынан таланып жатса. Сауда-өнеркәсіп палатасына заңды өз қолымызбен бердік, кәсіпкерлерді тонасын, жыландай сорсын деп. Қазір тегін еш нәрсе жоқ, кәсіпкерлерден алу керек. Сауда-өнеркәсіп палатасының сертификатқа алған қаражаты халықтың мойнына түседі, әйтпесе кәсіпкер төлей алмай банкротқа ұшырайды. Осы заңды 70-75% депутаттар өздеріміз қолдадық. Сонда осы салмақ халықтың мойнына міндеттелетінін ойладық па? Үкіметтің, жергілікті органдардың бағаны өсірмейміз дегені далада қалды. «Қорғастағы» кеденшілер, шекарашылар, тағы басқалары бағаны өсірмей қоймайды. Сондықтан, бұл саясаттан арылып, түбегейлі өзгертуіміз керек. Елбасының тапсырмасын орындауда оны жалғыз Қаржы полициясына итере салмай, өзіміз де күресуіміз керек. Маған бір ой келеді, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек Елбасы мен қаржы полициясына керек сияқты. Жемқорлықпен ел болып күресу керек екенін түсінетін уақыт жеткен жоқ па?!
Бүгінгі күні Қайрат Қожамжаров басқарып отырған Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі біршама жетістіктерге қол жеткізді. Халықаралық ұйымдар қазақстандық қаржы полицейлерінің жүргізіп жатқан күресінің үлгілі жақтарын айтуда. Кеше ғана «Жемқорлықсыз болашаққа барамыз» атты республикалық ақпараттық-насихаттық акцияның басталып, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау үшін қаржы полициясымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі алға қойған мақсаттарға жету жолдары қарастырылып, халықпен тұрақты түрде жұмыс атқару қажеттілігі айтылды.
Осыған қоса, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті Ұлттық аккредиттеу орталығы (ҰАО) сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі орган болып табылады және өз қызметін «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Заңды басшылыққа ала отырып, жүзеге асырады. Осы заңды да өзіміз 2008 жылы шығарып, сонда баға өспейтіні айтылып еді.
Бұрын бір лабораторияны аккредиттеу бағасы 300-600 мың теңге болса, бүгінгі күні 4-5 есеге, яғни 2,5 миллион теңгеге дейін өсіріп жіберілген. Монополияға иелік еткендіктен осылай жасалып отыр. Біз мұндайға неге көзжұмбайлық танытуымыз керек?! Неге жол береміз. Осылардың бәрін бақылау жоқ, қадағалау жоқ. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан, білгендерін істеп жатыр.
Сонымен бірге, Ұлттық аккредиттеу орталығы инспекциялық бақылау жасайды. Оның қызметі осыдан 2-3 жыл бұрын 150-200 мың теңге болса, қазіргі күні 1,5-2 млн. теңге, яғни 10 есе өскен. Не деген тонаушылық, қанаушылық, ұятсыздық. Мұндай инспекциялық бақылау жыл сайын жасалатынын ескерсек, шағын бизнестің тамырына балта шауып жатқанымыз анық. Мұндай жағдайда бизнесті дамыту жөніндегі Елбасының тапсырмасы қалай орындалмақ?! Үш күнде 1,5-2 млн. теңге «олжа» табу деген нағыз қылмыс жасағанмен бірдей. Кәсіпкерлерден 10 мың АҚШ доллары алынып отыр. Бір парақ қағазбен және қаламмен үш күнде соншама қаражат табу қандай калькуляциямен есептеліп, қандай өлшемдерге негізделген?
Жоғарыда айтылғандарды ескере келе, Бас прокуратура мен Қаржы полициясы Сауда-өнеркәсіп палатасы аумақтық палаталар, эксперттік ұйымдар және экспорттаушы-декларанттар жағынан тауарларға сертификаттар берудегі заңдылықты тексеріп, шұғыл түрде шара қолдануы тиіс. Екіншіден, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Ұлттық аккредиттеу орталығына тексеру жүргізіп, прокурорлық наразылық енгізуі қажет.
Елімізде әкімшілік кедергілерді азайтып, бизнес саласын жақсарту бағытында заң аясындағы кешенді жұмыстарды барынша жандандырсақ, кәсіпкерлікті дамытуда үлкен серпіліс болар еді.
Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты.