11 Маусым, 2011

Жақсыдан – шарапат

435 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Сабильянов Шығыс Қазақстан облысын аралаған сапарында Күршім ауданына да атбасын бұрып, осындағы сайлаушы қауыммен кездесу өткізген болатын. Нұртай Салихұлы бүгінгі таңдағы саяси жағдаймен, мемлекет басында жоспарланып жатқан ауқымды жобалармен таныстырып, көптеген қызықты жәйттерді әңгімеледі. Оны ынтамен тыңдаған күршімдіктер өздерін қызықтыратын мәселелер бойынша алуан түрлі сауалдар қойып, барынша тиянақты жауаптар алды. Осы басқосуға қатысып отырған Күршім аудандық музыка мектебінің директоры, белгілі музыкант, танымал сазгер Мүбәрак Шәкіров депутатқа өзінің айтар өтініші бар екенін мәлім етіп, сөз сұраған-ды. Н.Сабильянов ол кісіні тыңдауға әзір екенін білдіріп, ортаға шақырды. – Мен басқаратын музыка мектебі 40 жыл бойы жұмыс істеп, бойында музыкалық қабілеті бар дарынды өрендерді осы ғажайып өнерге баулып келеді, – деді М.Шәкіров. – Біздің мектепті тәмамдаған түлектердің ішінде консерватория бітіріп, республикалық деңгейдегі музыка маманы атанған, түрлі өнер ордаларында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық. Қазір де әнші, биші, күйші оқушыларымыз түрлі деңгейдегі конкурстарда жүлделі орындарды иеленіп, ешкімге дес бермей жүр. Ал осы өнер шаңырағында әуел бастан тер төгіп, біте қайнасып келе жатқан менің еңбегімді де ешкім жоққа шығара алмайды. Бар саналы өмірімді музыкаға, осы саланы мұрат тұтқан қабілетті шәкірттерді оқытуға арнадым. Еңбегім нәтижесіз емес, Алла жазса, биыл зейнет демалысына шыққалы отырмын. Осының барлығын баяндай келе, Мүбәрак Әкмалұлы өзінің көкейінде жүрген бір арма­нын ортаға салды, соның жүзеге асуына қол­дау жасауын өтініп, Нұртай Салихұлынан көмек сұрады. – Менің тәлімімді алып, өнер шыңына, дарын биігіне қол жеткізген, сөйтіп халқы­ның қалаулысы атанған ұл-қыздар аз емес, деді М.Шәкіров. – Өкінішім жоқ, жас буынға білгенімді үйреттім, барымды бердім, ата-аналарының алғысына бөлендім. Нұртай бауырым, ендігі бір арманым – осы тү­лектерімнің бір тобын алып барып Астана төріне шығарсам, Күршім музыка мектебінің өнерін сол үлкен сахнада бір көрсетсем деймін. Сіздің ел-жұртқа, әсіресе, балаларға жасап жүрген демеушілік көмегіңізді естіп, көрген сайын тәнті болып отыратынымыз шындық. Менің айтпағым: осы мақсатымды жүзеге асыруға демеушілік жасап, ақшалай көмек берсеңіз. Осынша мазасызданғанда жеке бастың пайдасын емес, жас буынның қамын ойлап жүргенімді түсінеді деп білемін. Халық қалаулысы көп ойланып-толғанған жоқ. Қанша бала апаратынын, неше күнге бармақ ойда екендігін сұрап, мән-жайға қа­нық­қан ол «жарайды» деген жауап қайтарып, мәселені бірден шешті. Тек қажетті құжат­тарды даярлап, уақытында өз атына жолдауды тапсырды. Көп ұзамай, сәуір айының басында мектеп есеп-шотына Нұртай Сабильяновтан 500 мың теңге қаржы түскенін естігенде риза болмаған жан қалған жоқ. Енді М.Шәкіров 30 дарынды шәкірті мен мақтаулы 10 мұғалімін осы дүбірлі салтанатқа, «Астана күні» мерекесіне апаруға қызу дайындық жүргізіп жатыр. Ондағы тиісті мекемелермен келісім-шарт жасауға өзінің орынбасары Ж.Смайыловты жіберіп, барша мәселені пісіріп алған мектеп директоры шілденің 2-сі күні өз ұжымымен «сәт сапар» деп жолға шықпақ. Сөйтіп, 4-5 шілде күндері Күршім музыка мектебінің өрендері талғампаз Астана жұртының, Елбасының алдында өнер көрсететін болады. Хасен ЗӘКӘРИЯ. Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.