Облыс орталығында азық-түлік белдеуін қалыптастыру, олардың бағаларын тұрақтандыру бағытында тың қадамдар жасалуда. Соның бірі жаңадан жылыжай кешендерін салып, халықты жас және арзан көкөніспен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бағытта қолға алған жұмыстар қайтарымсыз да емес. Өткен жылы пайдалануға берілген «Изет Гринхаус» ЖШС жылыжай кешенінің өнімдері ақтөбелік тұтынушылардың дастарқан мәзірін толықтырып та үлгерді.
Жақында облыс әкімі Елеусін Сағындықов осы жылыжай кешенінде болып, жасалып жатқан жұмыстармен, қалалықтарды жыл бойы көкөніспен үзіліссіз қамтамасыз етуге ықпал ететін жаңа жобалармен танысты. Өңір басшысына жылыжай кешенінің жұмысы мен келешегі туралы әңгімелеген «Изет Гринхаус» ЖШС директоры Мұрат Құсайыновтың айтуынша, өткен жылы желтоқсан айында іске қосылған жылыжай кешені жылына 1,5 мың тонна қызанақ өндіреді. Үстіміздегі жылғы сәуір айынан бергі аралықта жылыжайда өндірілген қызанақтың 119 тоннасы тұтынушыларға жергілікті сауда орындары арқылы мейлінше арзан бағамен сатылып жатыр.
– Бүгінге дейін осыншама қөлемде жиналған «Алтес» сортты қызанақтың 105 тоннасы өткізілді. Орташа әр шаршы метрден 50 кило өнім жиналуда. Бастапқы кезеңде қызанақтың бір килосын 360 теңгеден босатқанбыз, қазір біраз арзандады, 260 теңге шамасында өткізілуде. Голландиялық технологияны пайдаланамыз, улы химикаттар қолданбаймыз. Қазір жылыжайда 40 адам жұмыс істейді, – дейді серіктестік басшысы.
– Былтыр «Изет Гринхаус» ЖШС-нің құрылысына байланысты біраз түсініспеушіліктер болғаны рас. Бірақ, жағдайды бақылаудың арқасында іс нәтижелі болды. Биыл тағы бірнеше жылыжай кешендері мен көкөніс қоймалары іске қосылатын болады. Мұның барлығы Ақтөбенің азық-түлік белдеуін құруға, көкөніс бағасын бір қалыпта ұстап тұруға, тұрғындарды көкөніс өнімдерімен жыл бойына үздіксіз қамтамасыз етуге алғышарттар жасағалы отыр. Еліміздің оңтүстігінен де көкөністер бұрынғыдай жеткізіле бермек. Ең бастысы, тұрғындар бағасы қолжетімді көкөніс өнімдерін жыл бойы тұтына алады, — деді облыс әкімі Елеусін Сағындықов.
Өңір басшысы былтыр өз қолымен отырғызған тұқымнан тамыр тартқан қызанақтың өнім беріп тұрғанын көріп көңілі марқайды. Ол осы арада еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген жобаның қайтарымдылығына тағы бір көз жеткізді. Содан кейін Елеусін Наурызбайұлы, биыл жүзеге асырылатын жобалармен жеке-жеке танысты. «КазТрейдПартнер» ЖШС «Көкөніс орталығы» жылыжай кешенін салуды қолға алыпты. Мұнда он гектарға жылына 2300-2800 тонна қызанақ, кияр, бұрыш және баклажан өсіріледі. Жылыжайдың алғашқы өнімін қазан-қараша айларында жинауға есеп жасалуда.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе өкілдігінің директоры Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, аталған қор қаржыландырып отырған «Жылыжай лизинг» жобасының аясында салынып жатқан әрқайсысы 400 шаршы метр болатын 50 шағын жылыжай кешені ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне лизингке беріледі. Жылыжай кешенінде жылына 1500 тонна қызанақ өндіріледі. Бұл жергілікті азық-түлік рыногындағы аталған көкөніс түрінің бағасының арзан болуына септігін тигізетін болады.
Ал, «Әлем тағам» ЖШС жылыжай кешені бастапқыда 5 гектарға көкөніс өсірсе, кейін оның көлемін екі есе кеңейтуді көздеуде. Жобаның жылдық қуаты 800 тонна өнім өндіруге жетеді.
Жалпы, кәсіпкерлер бірыңғай көкөніс өнімдерін өндіруді мақсат етіп отырған жоқ, оған қосымша өндірілген өнімдерді сақтауға да көңіл бөлуде. Сондықтан да жылыжай кешендерінің көлемін кеңейте отырып, көкөніс сақтау қоймаларының қуатын арттыру да қолға алынуда. Бұл бағытта озық технологиямен жарақтандырылған, әлемдік стандарттарға жауап беретін қондырғылармен жабдықталған қоймалар салу қарастырылуда. Міне, осындай жобамен салынып жатқан «Килико Тун» ЖШС-нің 3000 тонна өнім сиятын 4 секциялы және екі кезеңге арналған «Ақтөбе-Көкөніс» АҚ қоймалары көкөністі сақтау көрсеткішін бірнеше мың тоннаға арттырып қана қоймайды, оның ұзақ сақталып, сапасын жоғалтпауына жеткізеді.
– Азық-түлікпен қамтамасыз етудегі тұрақтылық қоғамдағы тұрақтылыққа негіз қалайды. Халықтың азық-түлік бағасы ұдайы қымбаттайды дейтіндей мазасыздануы болмауы керек. Біз алыпсатарлықты, делдалдықты тоқтаттық. Бағаны қалыпты ұстау бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұған құқық қорғау органдары да, «нұротандықтар» да атсалысуда. Біз халық тұтынатын негізгі азық-түлік түрлеріне бағалардың қымбаттауының алдын алудың барлық мүмкіндігін қарастырудамыз. Соның бірі көкөністі өзімізде көбірек өндіру болмақ. Қазір қолға алынып жатқан шаруалар бұған қол жеткізетінімізге шек келтірмейді, сыртқа да шығаруға мүмкіндік болады. Картоп пен қырыққабаттың жеткілікті қорын жасауды да қаперде ұстау керек. Біздің өзімізді өзіміз картоппен, көкөніспен 80 пайыз қамтамасыз етудің мүмкіндігі бар. Барлық көкөніс сақтау қоймаларын тексеріп, олардың толық қуатында жұмыс істеуіне жету керек, деп түйіндеді ойын өңір басшысы.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.