Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамы жас мамандармен толықты. Алматыда ҰҚК академиясының он үшінші бітіруші түлектері диплом алып, әскери лейтенант шеніне ие болды.
Биыл академияны 81 түлек тәмамдап, олардың 14-і оқу орнын үздік дипломмен бітірді. Осы салтанатты жиынға ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев, ұлттық қауіпсіздік органдары мен Ұлы Отан соғысы ардагерлері қатысып, үлкен өмірдің арнасына түскен жас мамандарға ақ жол тіледі.
– ҰҚК академиясын табысты аяқтауларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына офицер атанып мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметіне жолдама алу түлектерімізге айрықша маңыз беруде. Мемлекет басшысы арнайы қызмет және құқық қорғау органдары қызметін жетілдіруде, мемлекеттік шекараны күзетуде, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру мәселесіне үнемі ерекше назар аударып келеді. Сондықтан да Елбасы сіздердің осында алған білімдеріңізді Отан қорғау жолында лайықты жүзеге асырулары үшін барлық жағдайды жасап келеді. Осыған орай бүгін ҰҚК органдары жаңа заман талабына сай білікті де білімді жас кадрлармен толықты деп сенемін, – деді ҰҚК төрағасы Н.Әбіқаев.
Оқу озаттарына диплом мен арнайы төсбелгіні төрағаның өзі тапсырды. Ұлттық қауіпсіздік мамандарына жақсы әрі жауапты қызмет ету аздық ететінін, әрбір оқиғаны сараптап, сыни көзбен бағалап, шұғыл шешім қабылдап, сыртқы және ішкі қауіптердің алдын-алу қажеттігін баса ескерткен Н.Әбіқаев, бұл үшін комитет қызметкерлеріне жеткілікті өкілеттіліктің берілгендігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, республика Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара академиясын да 300 түлек бітіріп шыққандығын хабарлағымыз келеді. ҰҚК-ге қарасты ең байырғы әрі білім базасы бай осы оқу орны талай білікті маман, алғыр ұланды мемлекет қызметіне қосып келеді. Жас офицерлерге академия дипломдарын табыс етіп тұрып ҰҚК төрағасы Н.Әбіқаев:
– Биыл тәуелсіздігімізге 20 жыл! Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі осы 20 жылда мемлекеттік шекарамызды қырағылықпен қорғап, ел тыныштығын жоғары деңгейде қамтамасыз ете білді. Болашақта да қазақстандық патриотизммен рухтанған, терең білімді, кәсіби офицерлеріміз жауапты қызметті лайықты жалғастырады деген сенімдемін. Бүгін еліміздің байырғы әскери оқу орындарының бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы кезекті түлектерін ұядан ұшырғалы отыр. Сіздерді осы салтанатты күнмен шын жүрегімнен құттықтаймын! – деп жас мамандардың болашаққа деген қадамына жігер қосып, мемлекеттік маңызды міндетті абыроймен атқаруға сенім артты.
ҰҚК басшысы жас түлектерге «Отан сақшысы» деген абыройлы атты әрқашан жоғары ұстауды, мемлекет шебінің мызғымастығы мен ел тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы қасиетті міндетке адал болып, сапалы атқаруды тапсыра отырып, жас мамандарды Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайта түсуге шақырды. Шара академия түлектерінің салтанатты шеруі мен ата-аналардың аталмыш оқу орнына қабылданған жас түлектерді құттықтауына жалғасты.
Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.