Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы,
«Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВПЕН әңгіме
– Сейітсұлтан Сүлейменұлы, өткен жылдарды еске алғанда, қандай маңызды қадамдарды атап өтер едіңіз? Мемлекетті қалыптастырудағы Елбасының рөлі туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз.
– 20 жылға жуық кезеңге талдау жасап қарасақ, Қазақ елі шын мәнінде тәуелсіз мемлекетке айналды. Еліміз дүниежүзілік қоғамдастықта өзіне лайықты орнын алып отыр. Қазақстан әуел бастан-ақ елдің дамуы мен әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру үшін қоғамдық саяси жүйенің тұрақтылығы негізге алынған ұлттық мемлекеттіліктің бұлжымас әрі мызғымас орнықтылығына қол жеткізу және одан әрі нығайтуды қолға алды.
Егемен ел болу – қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы. Алайда, сонау 90-шы жылдардың басында Кеңес Одағы тараған соң, тәуелсіздік көктен түскендей болып көрініп еді. Ашығын айту керек, көпшілікке солай көрінгенімен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін бұл жағдаят әлдеқашан аян еді. Тұңғыш Президенттің еліміз үшін аса маңызды шешімдер қабылдаудағы көрегендігі, ұлттың жарқын болашағына деген қалтқысыз сенімі бәрімізді тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ еліміздің бағын ашқан Елбасының саясатын жүзеге асыру үшін бір тудың астына бірігу қажет екеніне көзімізді жеткізді.
Қазақ елінің негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміз осы кезеңде мемлекеттің іргетасын қалады, елді асқан қажыр-қайратпен басқарды. Мемлекетімізде болған барлық қоғамдық мәні бар оқиғалар, яғни, Қазақ мемлекетінің қалыптасу әрі нығаю тарихы, экономикада және өмірдің барлық салаларында орын алған реформаларды жүргізу, елдің сыртқы және ішкі саясатын жүзеге асыру – мұның бәрі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.
Қазіргі таңда еліміз ғана емес, басқа елдер де Қазақстан мен оның Тұңғыш Президенті ұғымдары бір-бірінен ажырамас біртұтас ұғымға айналды деп санайды. Бүкіл дүние жүзінде Қазақстан аты аталса, ауызға алдымен оның Тұңғыш Президентінің есімі оралады. Бұл, әрине, заңды құбылыс. Өйткені, Қазақстанның ел болып қалыптасуындағы, мемлекет ретінде одан әрі нығаюындағы Елбасының баға жетпес орасан зор еңбегі тарихқа алтын әріптермен жазылып қалды.
Дүниежүзілік қоғамдастық Тұңғыш Президент Н.Назарбаевты әлемдік деңгейдегі Көшбасшы деп таныды. Ол – татулық, қоғамдық келісім мен мемлекеттер арасындағы достыққа негізделген әлемдік тәртіп құруды берік ұстанған басшы. Н.Назарбаев – бүкіл әлемде бейбітшілікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған өміршең бастамалардың авторы. Осы орайдағы ұсыныстары халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау тауып келеді. Әр түрлі халықаралық, мемлекетаралық бірлестіктер мен ұйымдар құруға бағытталған өз бастамаларымен ол мемлекет басшыларының басым көпшілігінің, оның ішінде әлемнің жетекші елдері басшыларының алдында зор беделге ие болып, құрмет пен қошеметке бөленді.
– Қазақ елін қалыптастыруда Президенттен бастап әрбір азамат өз деңгейінде еңбек сіңірді. Елдің экономикалық, қаржылық саласының жаңа заманға сай дамуы үшін сіздің де үлес қосқаныңыз мәлім. Өзіңіз куә болған оқиғаларды айтып берсеңіз.
– Әрбір азамат үшін өз Отанына қызмет ету – қасиетті борыш. Өз басым еліміздің мемлекеттілігі қалыптаса бастаған, алғашқы қадамдарын жасаған кезде, Отанымыздың тарихында маңызы зор көптеген оқиғаларға әрі куәгер, әрі қатысушы болу бақытына ие болдым. Қазіргі заманның аса зор көрнекті қайраткері – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті небір жауапты тарихи сәттерде қазақ елі мемлекеттілігіне жанкештілікпен еңбек етіп, күш-қуатын сарқа жұмсап, небір теңдесі жоқ тың серпілістер жасағанына куәгер болдым. Ел бастаған көсемнің көрегендік танытуы, небір асқаралы асулардан халықты аман-есен алып өтуі – оның қасында жүрген адамдарға да күш-қуат дарытып, алға зор сеніммен жетелей білді. Мен үшін осындай кемеңгер басшыға ерген көштің қатарында болу – ерекше құрмет.
1991-1992 жылдары Қаржы министрлігінің орталық аппаратының жетекші бөлімшелерінің бірі – Бас бюджеттік басқарманы басқару маған сеніп тапсырылды. Оның міндеті – республиканың мемлекеттік бюджетін, оның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттерді белгілеу, қарау, бекіту және атқару жөніндегі бүкіл жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру.
Өткен ғасырдың екінші жартысы мен 90-шы жылдардың басында дүниежүзілік социалистік жүйенің түпқазығы болған аса қуатты зор мемлекет – Кеңес Одағында «қайта құру» ұранымен басталған тарихи үдерістер осы державаның ыдырап, оның орнында егемендігіне ие болған жаңа мемлекеттер құрылуына әкеп соққаны көпшілікке мәлім. Осы оқиғалар республикадағы бүкіл бюджет ісін ұйымдастыруға тікелей әсер етті. Егер бұрын бюджетті белгілеу және атқару стратегиясы мен әдіснамасын жасау орталықтың, яғни одақтық министрліктің міндеті болса, енді бұл мәселелерді республикада өзіміз тікелей шешуіміз керек болды.
– Еліміздің алғашқы бюджеті қалай жасалып еді?
– Мен басқарған ұжымға аса жауапты – тәуелсіз Қазақстанның 1991-1992 жылдарға арналған мемлекеттік бюджеттерін жасау және атқару жөнінде міндет қойылды. Ұжым әртүрлі нұсқалардың жобаларын жасап, олардың ішінен ең оңтайлысын таңдап алу үшін күні-түні көз ілмей дерлік жұмыс істеді.
Әдетте, жұмыс күнінің екінші жартысында, жұмыстың аяғына қарай Қаржы министрі Үкіметке бюджет жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы баяндама жасау үшін шақырылады. Онымен бірге министрліктің бюджет жобасын әзірлеуге жауапты басқармасының басшысы ретінде Үкіметке мен де баратынмын. Үкіметтен жұмыс күні аяқталған кезде басшылықтың қосымша тапсырмаларын және жаңа межелерін алып, қайта келеміз. Министр дереу алқа мүшелерінің, құрылымдық бөлімшелер басшыларының қатысуымен жиналыс өткізіп, оларға бюджет жобасын әзірлеу жөнінде кезекті тапсырмалар береді. Содан соң біз құрылымдық бөлімшелерде нақтыланған жаңа міндеттер мен межелерді негізге алып, жұмысты жалғастырамыз. Келесі күні таңертең нәтижелерін министрлік пен Үкімет басшылығына беру үшін түн ортасында, тіпті үйлеріне де телефон шалып, аумақтық бөлімшелер басшыларына бірнеше сағат ішінде орындауы үшін тапсырмалар береміз.
Қазақстанның 1992 жылға арналған мемлекеттік бюджетін әзірлеу және қабылдау жөнінде тарихи маңызы бар аса жауапты жұмысқа тікелей қатысқаныма өзімді бақыттымын деп санаймын. Іс жүзінде, бұл дүниежүзілік картада енді ғана пайда болған тәуелсіз мемлекеттің ең алғашқы бюджеті еді.
– Тәуелсіз елдің тұңғыш бюджетінің көлемі қанша болды?
– 1992 жылға арналған республика бюджетінің көлемі 1 АҚШ доллары үшін 125 рубль бағамы бойынша доллармен есептегенде 1 млрд. 127 млн. АҚШ долларын құрады.
Салыстыру үшін айта кету керек, 2011 жылға арналған республика бюджетінің көлемі 1 АҚШ доллары үшін 147,35 теңге бағамы бойынша доллармен есептегенде 30 млрд. 828 млн. АҚШ долларын құрады немесе 1992 жылға арналған республика бюджеті көлемімен салыстырғанда 27 есе өсті. Осы 19 жылдық кезеңде республикалық бюджет көлемінің орташа жылдық өсу қарқыны 119 пайыз құрады.
– Адам өмірінде есте қалатын ерекше күндер болады. Сіздің еңбек жолыңыздағы айрықша күн қайсы?
– Тәуелсіздік таңы атқан тұстағы қарбалас кезеңде Елбасымызбен жеке кездесуімді айтар едім. 1992 жылдың күзінде мен жаңадан құрылған Мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалдым. Осы лауазымға тағайындалар алдында Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болдым. Бұл менің Мемлекет басшысымен алғашқы жеке кездесуім еді. Мені алдын-ала ескертсе де, өзімше мұқият дайындалуға тырыстым, осындай аса маңызды кездесуге барарда, әлбетте, қатты қобалжыдым. Алайда, Президенттің кабинетіне кіріп, оған сәлем берген кезде ол өз орнынан тұрып, амандасты да, отыратын орындықты көрсетті. Және де «Сейітсұлтан, кел, отыр», деді.
Мен ол кісінің қарапайымдылығын, адамдарды өзіне тарта білетінін, кіммен болса да ашық, емен-жарқын сөйлесетінін аңғардым. Осындай қарапайымдық өзімді еркін ұстауыма жағдай жасады. Одан кейін Елбасы маған бірқатар сұрақтар қойып, өмірбаяным бойынша нақтылаушы сипаттағы сауалдар берді. Содан соң Мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің төрағасы лауазымына тағайындайтын адамды таңдаған кезде менің кандидатурама тоқтағанын айтып, бұл комитет қандай мақсатта құрылатынын, оған қандай міндеттер жүктелетінін түсіндірді. Жүктелген міндеттерді абыроймен атқаратыныма сенім білдірді.
– Бұл ретте Елбасы сіздің Қаржы министрлігіндегі Бақылау-ревизорлық басқарманың бақылаушы-ревизор қызметінен бастап, осы басқарма бастығының орынбасары қызметіне дейін 20 жыл жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтағаныңызды, яғни осы саладағы барлық сатыдан өткеніңізді ескерген болар?
– Елбасы қай азаматты да лауазымды қызметке қоярда оның барлық қырын, адамдық қасиетін, біліктілігі мен адалдығын жан-жақты зерделеп алатыны сөзсіз. Мен де сондай өзіме білінбейтін сынақтан өткен шығармын.
Президенттің сенімі қанат бітірген мен аталған комитеттің төрағасы лауазымына тағайындайтын құжат шыққаннан кейін дереу жұмысқа кірістім. Комитеттің орталық аппаратында да, аумақтық бөлімшелерінде де жинақы әрі ұтқыр жұмыс істейтін ұжымды жылдам қалыптастырудың нәтижесінде қысқа мерзім ішінде ұйымдастыру кезеңінің мәселелерін жедел түрде шештік.
Ең бастысы – Мемлекет басшысының зор сенімін ақтап, жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстанның игілігіне аянбай тер төгіп, қызмет ету үшін бар қабілетімді, күш-жігерімді сарқа жұмсауға орасан зор ниетпен құлшына кірістім. Жұмысқа деген адал ниет, соны күш-жігер осы комитетте қызмет істеген жылдары алдымызға қойылған міндеттерді толық орындауымызға негіз болды.
– Тексеру қорытындылары бойынша кімге есеп беретін едіңіздер?
– Жүргізілген ревизиялар мен тексерулердің нәтижелері туралы жүйелі түрде Үкіметке және Президентке баяндалып отырды. Президент тарапынан комитет үнемі қолдауға ие болды. Нұрсұлтан Әбішұлы жүргізілген ревизиялар мен тексерулердің нәтижелері туралы ұдайы сұрап отыратын. Әсіресе, қоғамдық пікір толқынын туғызған жекелеген материалдарды егжей-тегжейіне дейін тәптіштеп білуге тырысатын. Президенттің еңбек ету қабілетіне және орасан зор күш-жігері мен қажыр-қайратына қайран қалушы едім. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатының аса зор маңызы бар мемлекеттік істерінен қолы босамаса да, ол біздің ревизиялар мен тексерулердің материалдарын қарауға да уақыт табатын. Өйткені өте аз қаражатты тиімді пайдалана білу сол жылдардағы қиындықтардан шығып кетудің жалғыз жолы еді.
Бүгінгі күн белесінен көз салсақ, нақ сол кезде Мемлекеттік қаржы бақылау комитетін құру туралы шешімнің орынды әрі уақытылы қабылданғанын айқын көреміз. Мұның өзі өтпелі кезеңнің қиындықтарын, қарбалас шақтың қауырттығын пайдаланып халыққа тиесілі материалдық игіліктерді және ақшалай қаражатты заңсыз түрде иеленіп, қарпып қалуға тырысқан алаяқтарға қарсы қойылған тосқауыл еді. Бұл шешім Президентіміздің экономика саласында жүргізген саясатының кемеңгерлігі мен көрегендігінің бір көрінісі болып табылды.
– Тексеру, бақылау жұмыстарының ел дамуына тигізген пайдасы қаншалықты болды?
– Қаржы бақылау органдары қызметінің тиімділігі өте жоғары болды. Жыл сайын қаржы бақылау органдары ревизиялар мен тексерулер жүргізуге жататын объектілерде осы органдарды ұстауға мемлекеттің шығыстарын әлденеше есе, тіпті ондаған немесе жүздеген есеге асатын ірі сомаларға мемлекеттік бюджет қаражатын заңсыз, мақсатсыз әрі тиімсіз жұмсау фактілері ашылды. Осы сомалардың едәуір бөлігі бюджетке қайтарылды. Бұдан басқа, қаржы бақылау органдары салық салудан кірістер мен нысандарды жасыру, салықтар және бюджетке төленетін басқа да төлемдерді толық төлемеу және дұрыс есептемеудің көптеген фактілерін анықтады.
– 1994-95 жылдары еңбекақы мен зейнетақы бір жылға дейін төленбей, елдің қарызға кіріп кеткен кездері болды. Сол бір жылдардың салмағы қандай еді?
– 1995 жылдың қазан айында мені Президент жаңа лауазымға тағайындау үшін өзінің қабылдауына шақырды. Осы кездесудің барысында ол бұрын дербес мемлекеттік орган болған Мемлекеттік қаржы бақылау комитетін таратып, оның орнына Қаржы министрлігінің құрамында Қаржы бақылау комитетін құру туралы шешім қабылдағанын және дереу мені Халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындау ниеті барын айтты. Осы шешімді қабылдауының себебін және зейнетақымен қамтамасыз ету әрі әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы реформаларды қысқа мерзімде жүзеге асыру үшін қандай міндеттерді орындау қажет екенін жеткізді. Мен Нұрсұлтан Әбішұлына сенім артқаны үшін алғысымды білдіріп, ұсынылып отырған лауазымдағы міндеттерді атқаруға әзір екенімді білдірдім.
Президент менің алдыма шырқау шегіне жеткен дағдарыс адамдардың тұрмыс деңгейін, әсіресе, әлеуметтік тұрғыда әлсіз халық жіктерінің тұрмысын ойсырата күйретпеуі үшін, әлеуметтік қорғау органдарының қалыпты әрі тиімді жұмыс істеуі үшін шұғыл шаралар қабылдау жөнінде міндет қойды. Зейнетақы қорына қаражаттың толық жиналуын, жалақы мен зейнетақы бойынша берешектерді бірте-бірте азайту және жоюды қамтамасыз ету талап етілді.
– Тәуелсіз елдің зейнетақы қорын қалыптастыру да тыңнан басталды. Оның мөлшері, қаржы жиналу тәртібі қалай жүзеге асты?
– Түсінікті болуы үшін мына жайлардың басын ашып көрсету керек, сол кездегі Зейнетақы қоры Халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамындағы оған бағынысты бірден-бір қор болды. Кәсіпорындар мен ұйымдар, басқа да төлеушілер қаражаты есебінен зейнетақылар төлеу жүзеге асырылатын түсімдер осы қорда жинақталатын. Алайда, сол сәтте Зейнетақы қорына қаражат жинау қанағаттанғысыз күйде екені айқын көрінді. Оныңың негізгі себебі төлеушілерде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыруға аударымдар жіберуге қажетті қаражаттың болмауы, сондай-ақ жергілікті жерлердегі тәртіптің төмендігі мен жекелеген қызметкерлердің жауапсыздығы еді.
– Осындай күрделі жағдайда министрлік қандай қадамдарға барды?
– Министрліктің басшы қызметкерлері жұмысқа белсене кірісті. Әрбір облыс, оның ішінде қалалар мен ауылдық жерлерде Зейнетақы қорына қаражат жинаудың нақты жай-күйіне талдау жасадық. Зейнетақы қорына қаражат жинау ісінің жай-күйін зерделегеннен кейін бюджеттен қаржыландырылатын, оның ішінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардың Зейнетақы қоры алдындағы төлемдер бойынша құралған берешектерін өтеу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі туралы мәселені дәйектеп, табандылықпен көтердік. Біздің күш-жігеріміздің нәтижесінде Үкіметтің «Бюджеттік ұйымдардың Зейнетақы қоры алдындағы берешектерді өтеу жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданып, онда Халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Ұлттық банкпен келісілген кестеге сәйкес Зейнетақы қорының алдында құралған 4 млрд. 208 млн. теңге сомасындағы берешектерді өтеу үшін облыстар мен Алматы қаласы әкімдеріне пайызсыз бюджеттік несие бөлу көзделді.
– Елдің ұстанған бағытындағы қайсы реформаларды жемісті болды деп ерекше айтар едіңіз?
– Елбасының басшылығымен осы жылдары жүзеге асырылған реформалар арқылы қол жеткізілген экономикалық нәтижелер айтарлықтай. Елбасының өзі атап көрсеткендей, экономика – бүкіл өмірдің: саясаттың, мәдениеттің, мемлекеттің, қоғамның, әрбір нақты адамның және отбасының түпқазығы. 2003 жылғы 13 желтоқсанда Астана қаласында Тәуелсіздік мерекесіне байланысты салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы «Біз бостандық пен демократия туралы, халықтың игіліктері, гүлдену мен мәдениет туралы көп айтамыз, егер елде осы мәселелерді шешуге қабілетті қуатты экономика болмаса, мұның бәрі – бос, жылтыр сөз», деген болатын.
Статистика агенттігінің ресми материалдарын негізге ала отырып, мен 1999-2010 жылдардағы кезеңде елімізде өндірілген ішкі жалпы өнімнің көрсеткіштері мен серпініне шағын талдау жасадым. Егер 1999 жылы елімізде өндірілген ІЖӨ 2 трлн. 16,5 млн. теңгені құраса, 2009 жылы ол 17 трлн. теңгеден асқан. Осы цифрларды салыстырсақ, онда ІЖӨ-нің 8,5 есеге өскенін көреміз. 2007 жылы 1999 жылмен салыстырғанда, яғни 8 жыл ішінде елде ІЖӨ-нің нақты көлемінің екі еседен астам өсуі қамтамасыз етілген. Әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан 2008-2009 жылдары ІЖӨ-нің өсу қарқыны төмендегеннің өзінде, 2010 жылы дағдарыстың теріс әсерін еңсеру үрдісі байқалды, ахуал едәуір жақсарды. 2010 жылдың қорытындысында елде ІЖӨ-нің нақты көлемінің 7 пайызға өсуіне қол жеткізілді.
Биыл 17 сәуір күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Үкіметтің алдына маңызды міндеттер жүктеді. Елбасы таяу бес жылда Қазақстан азаматтарының табысы жоғары елдер тобына енуі қажет екенін, 2016 жылға қарай жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі кемінде 15 мың АҚШ долларына жетуі тиіс екенін нақты айты. Бұл үшін экономикамыз жыл сайын кемінде 7 пайыздық өсім көрсеткішімен дамып отыруы тиіс.
– Ел астанасын мемлекетіміздің орта тұсына көшіру туралы Елбасының тарихи шешімінің дұрыстығын экономикалық тұрғыда немен дәлелдер едіңіз?
– Елбасының ұсынысымен Қазақстанның астанасын ауыстыру туралы шешімді елдің Жоғарғы Кеңесінің депутаттары 1994 жылғы 6 шілдеде қабылдаған еді. Ол кезде астананың жедел көшірілетініне ешкім сенбейтін. Көпшілігі, тіпті осы мәселенің дұрыс қойылғанына да күмәнданды.
Елорданы көшірудің нақты уақытын белгілеуде де Президент керемет көрегендік танытты. Менің ойымша, оның саяси қырағылығы мен асқан көрегендігі басқалардың ойына да келмейтін шешімдерді дер кезінде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Ол бұдан әрі уақытты созуға болмайтынын сезді.
Елорданың Сарыарқа төсіне көшірілуі ел экономикасының дамуына оң әсер етіп, соны серпін берді. Ол экономиканың құрылыс, сауда, көлік, байланыс және құрылыс материалдарын жасау т.с.с. салаларының дамуына мультипликативті әсер етті.
Осы бір орасан зор жобаны табысты жүзеге асыру арқылы Президент елдің бүкіл экономикасын көтеруге, одан әрі дамытуға ықпал ететін қосымша факторлар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білді.
– Сөз соңында қабылдануға тиіс заңдарға да тоқталып өтсеңіз.
– Мемлекет басшысы төртінші сайланымдағы Парламенттің 4-ші сессиясын ашу кезінде сөйлеген сөзінде Елдің 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарын құқықтық қамтамасыз ету депутаттардың осы сессия барысындағы заң шығару қызметінің басты міндеті болып табылатынын атап өтті.
Егер Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің заң шығару қызметі тұрғысынан келсек, біздің міндетіміз – рұқсат ету жүйесін жетілдіру туралы заң жобаларын, құзырлы мемлекеттік органдардың тексерілетін субъектілерге қойылатын талаптарын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдау. Осы бағыт бойынша Президент бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуды, рұқсат ету рәсімдерін, оның ішінде лицензиялау, сертификаттау және аккредиттеу рәсімдерін оңайлатуды талап етті. Келесі бағыт «Индустриялық саясат туралы» заң жобасын, «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы», «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» заңдардың жаңа редакцияларын қарау. Елбасы сауда қызметін дамытуға бағытталған, мемлекеттік монополияға жатқызылған қызметті реттеу және бақылаудың құқықтық базасын жетілдіруді, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы күрестің құқықтық нормаларын нығайтуға, рейдерлікке қарсы сенімді құқықтық тосқауыл қою, бизнесті мемлекеттік органдардың қысымынан заңнамалық түрде қорғау жөнінде заңдар қабылдауды тапсырды.
Қорыта айтсам, халықтың Елбасының төңірегінде топтасуы өтпелі кезең қиындықтарынан аман-есен өтуімізге себепкер болды. Уақыт талаптарына сай билік тармақтарының қалыптасуы мемлекетімізді «тар жол, тайғақ кешулерден» сақтап қалып, аса ауқымды да күрделі міндеттер үдесінен шығу үшін бар күш-жігерді жұмылдыруға мүмкіндік берді.
Таяуда өткен кезектен тыс президенттік сайлау таңдаған жолымыздың дұрыс екенін және халықтың Елбасына деген сенімі зор екенін тағы да көрсетті. Елбасының айқын жеңісі – халықтың өз Көшбасшысына деген сенімінің ғана емес, сонымен бірге оның Отанымыздың игілігі үшін одан әрі де мінсіз қызмет етіп, болашақ реформаларға нық қадам басуына деген айнымас сенімінің де көрінісі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.