ҮКІМЕТ
«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
Адамзат өмірінің соңғы он жылдықтары экономика мен тұрмыста түрлі технологиялық үдерістердің күрт қаулап өсуімен ерекшеленеді екен. Солардың алдыңғы қатарында құрылыс саласы да бар. Құрылыстың қарқынды дамуы жер бетінде көптеген жаңа қалалардың пайда болып, олардың санының артуына алып келді. Сонымен қатар, бұрынғы шағын қалалар барған сайын қанатын кең жайып, агломерациялық үдерістерді дамытты. Агломерация сөзін қазақ тіліне тура мағынасында аударатын болсақ, «қосып аламын», «қоршаймын» деген ұғымды білдіреді екен. Қалалардың қарқынды даму нәтижесінде айналасындағы елді-мекендердің сол қалаларға қосылып кетіп жатқан үдерістері біздің Қазақстанымызда да аз емес. Мәселен, мұндай құбылыс қазіргі күні Алматы, Астана, Қарағанды мен Теміртау қалаларының бет-бейнелерінен байқалып отыр. Әлемде құрылыстың қарқынды дамуы құрылыс индустриясының етек жаюына алып келді. Құрылыс саласында жаңа технологияларға негізделген небір жаңа материалдар пайда болып, тұрғын үйлер мен ғимараттардың беріктігін нығайтып, сәніне сән қосты. Ең бастысы, бұрын қиындықпен жүргізілетін күрделі құрылыстар жеңілдеп, олардың өзіндік құны да төмендеді. Міне, осындай жағдайларды қазіргі күні Астана қаласының көріністерінен анық байқаймыз. Бұл қалада бұрын біздің өңірімізде болмаған небір ғажайып ғимараттар мен сарайлар тұрғызылуда. Тұрғын үйлердің бойлары да биіктеп барады. Қазіргі күні 100-120 қабаттық үйлер тұрғызу адамзат қауымына көп қиындыққа түспейтін болды. Тек жобасын талапқа сай дайындап, қажетті материалдарды пайдалана білсеңіз болғаны. Біздің Қазақстанымыз әлем елдерінің арасында құрылыс қарқын алған елдердің қатарында тұр. Тәуелсіздігімізге ие болғанымызға 20 жыл ғана өткеніне қарамастан, біз бұл салада едәуір тәжірибе жинақтадық деп айтуға болады. Жалпы, құрылыс саласының дамуына ықпал ететін факторлар бірнеше себептерден тұрады екен. Соның ішінде бастылардың бірі – елде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсарып, халықтың үй сатып алатындай жағдайының болуы. Міне, осы бір фактордың нәтижесінде ғана алғашқы кезде елімізде құрылыс қарқындап жүріп берді. Бірақ ендігі кезекте басқа да факторлардың іске қосылуы қажет. Солардың алдыңғы қатарында құрылыс материалдары өндірісінің дамуының маңызы зор екен. Қазақстанда құрылыс материалдары өндірісі Кеңес одағы тұсынан қалыптасқан болатын. Бірақ еліміз тәуелсіздікке ие болып, бұрынғы КСРО кеңістігіндегі экономикалық байланыстар әлсіреген тұста ең алдымен зардап шеккендердің бірі осы құрылыс материалдары өндірісі болды. Ірі қалаларда жұмыс істеп келген құрылыс трестерінің, құрылыс материалдары комбинаттары мен зауыттарының жұмысы тоқтады. Сондықтан құрылыс материалдары өндірісінің жаңа тарихы еліміз тәуелсіздік алып, ес жиған шақтан қайта басталғандығы ақиқат. Әрине, құрлыс индустриясының, соның ішінде құрылыс материалдары өндірісі мен өнеркәсібінің қайта дамуы үшін едәуір уақыт пен жағдайдың тұрақтылығы, кәсіпкерлер мен халықтың осы іске белсенділігі қажет. Біз нақты дамуға бет алған бес-алты жыл бұған аздық ететіндей. Шамасы соған байланысты болар, бізде қазіргі күні құрылыс нысандарын әрлеуге қажетті көптеген материалдар шетелдерден тасымалданып жүр. Егер нақты деректерге жүгінетін болсақ, үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айларында елімізде 1 миллион 761 мың тонна цемент, 2 миллион тонна бетон, 133 065 тонна құрылыс қоспалары, 9 647 тонна бояулар мен лактар, 37 332 тонна отқа төзімді бұйымдар, 17 920 тонна жылу сақтағыш минералдық материалдан жасалған қоспалы заттар және басқа да құрылыс материалдары шығарылған екен. 53,8 миллиард теңгенің құрылысқа қажетті метал өнімдері, 25,1 миллиард теңгенің резина және пластмасса бұйымдары өндірілген. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 58,7 миллион доллардың құрылыс материалдары экспортқа шығарылыпты. Оның 18 пайызын цемент өнімдері, 22 пайызын асбест заттары құраған. Ал осы мерзім ішінде елімізге 255,4 миллион доллардың құрылыс материалдары импортталған. Оның негізгі бөлігін түрлі керамикалық бұйымдар (35 пайызы) мен шынылар (20 пайызы) құраған. Көріп отырғанымыздай, құрылыс материалдары саласында еліміздің сыртқа шығаратын заттарынан ішке кіргізетін заттары 4,5 есе басым болып отыр. Міне, осы цифрдың өзі-ақ Қазақстанда құрылыс материалдары өндірісінің талапқа сай дами қоймағандығын көрсетеді. Үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айларында резина және пластмасса бұйымдарын шығаруға 1,2 миллиард теңгенің, металл емес минералдық өнімдер шығару өндірісіне 5,2 миллиард теңгенің инвестициясы құйылыпты. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегіден тиісінше 66,4 пайызға және 24,1 пайызға артық. Бұл жағдай Қазақстанда құрылыс материалдары индустриясының қарқынды даму бағытын ұстап отырғандығын білдірсе керек. Сөйтіп қалай алып қарағанда да, елімізде құрылыс материалдары өндірісі осылайша жылдан жылға алға басу үстінде. Қазіргі күні құрылыс материалдарын шығару ісімен республика аумағында 199 кәсіпорын шұғылданады. Алдағы уақытта еліміздегі құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өндірісін қалайша қарқынды дамытуға болады? Ол үшін не істелуі қажет? Бұл мәселелер соңғы 5-6 жылдың көлемінде жиі-жиі талқыланатын болып жүр. Аталған мәселе тіпті Үкімет деңгейінде де талай рет қаралды. Жуықта Алматы қаласында осы мәселеге арналған тағы бір маңызды басқосу болды. Оған Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, Қазақстандағы индустриялық даму институтының, ұлттық инновациялық қордың, құрылысшылар ассоциацияларының, шыны бұйымдарын шығару кәсіпорындары ассоциациясының, ірі құрылыс компанияларының, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері жиналды. Олар бас қосқан дөңгелек үстел басында негізінен Қазақстанда құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өндірісін дамытудың 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасы талқыға түсті. Дөңгелек үстел басындағы әңгімеге қатысқан «ҚР Индустриялық құрылыстық технологиялар» ассоциациясының төрағасы Қанапия Нұрбатыров «Қазіргі уақытта құрылысты көп жүргізуден көрі, оның жаңа нысандарын қалай салу және неден салу мәселесі маңыздырақ» екендігін айтып, құрылыс саласының сапасы мен тиімділігі, тұрақтылығы туралы әңгіме қозғады. Ол өз сөзін қорытындылай келе елімізге өзіндік құрылыс өндірісін қажетті көлем деңгейіне дейін дамыту барынша маңызды екендігіне тоқталды. Индустрия және жаңа технологиялар министрі өнеркәсіп комитетінің құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының бастығы Сәкен Қабашев өзі жасаған баяндамада Үкімет әзірлеген «Өнімділік-2020» бағдарламасының аясында әңгіме қозғап, қазіргі күні мемлекеттік органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданып отырған шараларды саралап берді. Қабашевтің мәлімдеуінше, аталған бағдарламаның құрылыс индустриясымен шұғылданушыларға беретін пайдасы көп. Ол пайданы көру үшін алдымен оған белсене қатысу қажет. Дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбына айналған еліміздегі құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өндірісін дамытудың 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасында нақты міндеттер алдыға қойылған. Бағдарлама толық жүзеге асқан кезде отандық құрылыс материалдары өндірісі ішкі рыноктағы тұтынудың 80 пайызын қамтамасыз етіп, осы саладағы еңбек өнімділігін 1,4 есе арттыра түсуі тиіс. Сонымен қатар, құрылыс материалдары өндірісінің дамуы нәтижесінде көптеген жаңа еңбек орындары ашылып, өнімнің қосымша құндылығы 76 пайызға дейін арттырылады. Егер бұл сөзді түсінікті тілмен бейнелейтін болсақ, құрылыс материалдарына қажетті шикізатты өңдеп, әзірлеу нәтижесінде құрылыс индустриясына келетін пайда көлемі осынша мөлшерге артатын болады. Міне, осы мақсатқа қол жеткізу үшін тиісті шаралар белгіленген. Солардың қатарында жаңа цемент зауыттарын салу, сантехникалық-керамикалық бұйымдар шығаратын жаңа өндіріс өнімдерін ұйымдастыру, топырақ өңдеуші комбинаттар мен шыны бетшелер шығаратын өндіріс орындарын іске қосу секілді жұмыстар бар. Сонымен қатар, еліміздің ішкі рыногын арзан да, сапалы материалдармен толықтыру мақсатында отандық тұтынушылар мен орта және ұзақ мерзімдік келісім-шарттарын жасасу жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі күні қолданыстағы зауыттар, темір-бетон, кірпіш шығаратын өндіріс орындарын қайта жарақтандыру мақсатындағы жұмыстар жүріп жатыр. Мұның өзі бірқатар тәсілдермен алға басуда. Осы ретте мемлекеттің құрылыс материалдарын шығарушыларды қолдау мақсатында өндірістегі басым бағыттар бойынша инновациялық гранттар бөліп жатқандығын айтуға болады. Мәселен, өткен жылы 282 миллион 149 мың теңгенің инновациялық гранты бөлінді. Ол гранттардың көлемді бөлігі тиісті жұмыстарды жүргізу үшін «Каз-Строй-Стекло» ЖШС үлесіне тиді. Бұл кәсіпорын оны шетелдік жаңа қондырғыларды сатып алып, жаңа өнім шығару ісіне бағыттамақ. Сондай-ақ мұндай гранттарға «Жер қойнауларын кешенді игеру проблемалары институты» ЖШС, «Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық технологиялық университеті технопаркі» АҚ, Қарағанды әдістемелік ойынтехникалық орталығы секілді ұйымдар ие болды. Бұл ұйымдар өздеріне берілген гранттарды негізінен зерттеу арқылы жаңа өнімдер технологиясын әзірлеу мақсаттарына жұмсауды көздеп отыр. Мұның сыртында еліміздің индустрияландыру картасының аясында 2011-2012 жылдар ішінде құрылыс индустриясы саласындағы жаңадан 50 инновациялық жобаны жүзеге асыру үшін 65 635 миллион теңге бағытталып отыр. Оларды жүзеге асыру барысында 4801 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Қазіргі күні Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс істеп тұрған «Оңтүстік құрылыс сервис» ЖШС темір-бетон зауытының базасында қуаттылығы жылына 150 мың шаршы метрлік құрастырмалы тұрғын үй құрылысын жүзеге асыратын жаңа индустриялық құрылыс комбинатын ұйымдастыру ісі қолға алынды. Бұл комбинат құм мен ұсақ тастарды өз кен орнынан өндіре отырып, тұрғын үй және өнеркәсіптік ғимараттарды салуға қажетті барлық материалдарды әзірлейтін болады. Жобаны қаржыландыру ісі «БРК лизинг» АҚ арқылы жүргізілмек. Мұның сыртында Шығыс Қазақстан облысындағы «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС, «Семей цемент зауыты» ЖШС, Қарағанды облысындағы «Қарцемент» АҚ, «Орталық Азия цемент» АҚ, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Шымкент цемент» АҚ секілді іргелі кәсіпорындарды қайта жарақтандыру арқылы олардың өндірістік қуатын бұрынғыға қарағанда арттыра түсу көзделуде. Ал Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстарында жалпы қуаты 2,1 миллион тонна өнім шығаратын 5 клинкерлік-цементтік терминалдардың құрылысы жүргізілмек. Ақтөбе, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында сантехникалық-керамикалық бұйымдар шығаратын жаңа өндірістік қондырғылар іске қосылады. Бұлар жылына 1 миллион дана өнім береді деп есептелген. Осы өңірлерде жылына 200 мың тонна құрылыс материалдарын шығаратын топырақ байыту комбинаттарының құрылыстары жоспарлануда. Ал Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Астана қалаларында жылдық қуаты 9 мың шаршы метр құрастырмалы тұрғын үй әзірлей алатын 6 индустриялық құрылыс комбинаты іске қосылмақ. Бағдарламаны жүзеге асырудың әр кезеңдеріне өзіне тән көрсеткіштері мен міндеттері белгіленген. Мәселен, үстіміздегі 2011 жылы жоспар бойынша ішкі рынокқа қажетті құрылыс материалдарының 65 пайызы отандық өндірістерде өндіріліп, бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 48,4 мың долларға жетуі тиіс. Дөңгелек үстел басында сөз алған Қазақстандық индустриялық даму институтының Өнеркәсіптік технологияларды жаңарту орталығының директоры Салтанат Жұмабекова осы институттың қаржы министрлігімен бірлесе отырып, 200-ден астам өнеркәсіп орындарына технологиялық аудит жүргізгендігін мәлімдеді. Осы аудит нәтижесінде құрылыс саласы кәсіпорындарының ортақ проблемасы ретінде өндірістік қуаттардың толық жұмыс істемеуі, құрал-жабдықтардың тозғындауы секілді мәселелер анықталған. Ал осы проблемаларды шешуге Үкіметтің бизнесті қолдау мақсатындағы жасап жатқан бағдарламалары көмекке келе алады. Бағдарламаға қатысудың мүмкіндігі де бар. Мәселен аталған қазақстандық индустриялық даму институты кәсіпкерлердің бизнес жобаларына сараптама жасап, одан өткендеріне сол жобаны дайындауға кеткен көлемнің жартысын қайтарады. Мемлекеттік қолдаудың келесі түрі ретінде бизнесті қаржыландыру ісін айтуға болады. Осы ретте мемлекет арқылы берілетін несиелердің сыйақы ставкасы 6-7,5 пайыз аралығында, яғни кәсіпкерлер үшін жеңілдікті несие болып табылады. Оны алудың басты шарттарының бірі – кәсіпкер жобаға қажетті инвестиция көлемінің 15 пайызын өзі қарастыруы қажет. Сонымен қатар Ұлттық инвестициялық қор кәсіпкерлерге инжинирингтік ұйымдарды тартуға, шетелден жоғары білікті мамандарды кіргізуге, өндіріске қажетті өнеркәсіптік технологиялар мен жабдықтарды енгізуге көмек көрсете алады. Құрылыс саласындағы кәсіпкерлікті қолдауға Үкіметтің басқа да жасайтын қолдауы мен көмегі аз емес. Бағдарламада кадр дайындау мәселесіне де елеулі көңіл бөлінген. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өндірісі салаларында кәсіптік білім мен кадр дайындау мәселесін дамыту ісімен шұғылданатын салалық кеңестің құрамын бекітті. Оған бірқатар мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың Қазақстан құрылысшылары ассоциациясының, жоғары оқу орындарының өкілдері енді. Осы бойынша қазіргі күні Қазақстан құрылысын тиісті кадрлармен қамтамасыз етудің нақты жобасы әзірленді. Сонымен қорыта айтқанда, ел экономикасын дамытуда, оны әртараптандыруда құрылыс саласының маңызы зор. Бұл саланың экономикамызға қаншалықты әсер ете алатындығын біз әлемді шарлаған дағдарыс тұсында анық байқадық. Сол тұста мемлекеттің батыл қолдауы нәтижесінде бұл сала да тығырықтан көп қиналмай шығып, қазір қайта дамуға бет алды. Енді оны кешенді және жүйелі дамытудың неғұрлым сенімді жолдары қарастырылып, алдыға айқын міндеттер қойылып отыр. Құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өндірісін дамытудың 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасы осы мақсатқа қызмет ететін болады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.