Қасым Аманжолов – 100
Қасым ақын 1931-1936 жылдарды, яғни аттай бес жылды көне, тарихы терең Орал шаһарында өткізді. Біз, батысқазақстандықтар арқалы ақынды Махамбет, Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев, кешегі Жұбан, Қадыр сияқты осы өңірдің бір перзенті деп есептейміз.
Ақын Қасым Аманжолов Оралға қалай, қайдан тап болды?
Батыс Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясында қызмет атқаратын журналист Мұнайдар Балмолдин дауылпаз ақынның Оралдағы өмірін біршама зерттеп-зерделеп, баспасөз бетінде мақалалар жариялап, телехабарлар түсірді. Облыстық мұрағаттағы құжаттар мен газет тігінділеріне үңілді. Қасым ақынға қатысты дерек өте аз екен. Облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде өлеңдері жарияланыпты, әдебиет беттерін ұйымдастырғаны көрсетіліпті. Ал ақын жөнінде ауызша әңгімелер баршылық. Осы жолдардың авторы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Орал өңірі» (бұрынғы «Екпінді құрылыс») газетіне жұмысқа келді. Қызметкерлер және қала тұрғындары арасында Қасым Аманжоловпен жұмыстас, бірге істемесе де, таныс-біліс болған қарт журналистер бар еді. Олар – Ғұбаш Жүндібаев, Мәжит Үмбетов, Садық Ғайсин, Ислам Хайрушев және тағы басқалары. Сондай-ақ облысқа ақын ретінде танылған, Қасыммен достық қарым-қатынаста болған Қуан Тастайбеков пен Батыр Қыдырниязов деген ағалар аудандарда тұратын. Бұл ақсақалдар отызыншы жылдар туралы көп айта бермейтін. Сұрапыл қуғын-сүргіннің салдарынан шошынып қалғандықтан болар, сірә. Десек те, әлдебір жайдың шетін шығарып қоятын кейде. Қасым ақынға қатысты естігендерімнен есімде қалғандарын айтайын.
Жиырма жасар Қасым Оралға әскери борышын атқаруға келіпті. Ол кезде ұлттық республика жастары әскери қызметін өз елінің аумағында өткереді екен. Қасым жауынгерлік істерге машықтана жүріп, қолы қалт етіп босай қалғанда, «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясына келіп тұрыпты. Бүгінде біз Орал қаласы болашақ арқалы ақынның поэзиядағы тұсауын кесті деп сеніммен айта аламыз. Яғни, оның ең тұңғыш өлеңі «Екпінді құрылыста» жарияланғанын ақын шығармашылығын зерттеушілер о бастан тап басып көрсетіп келеді.
Қасым жиырма ғана жаста. Бұл – адамның арманшыл, қиялшыл, ғаламшарды құшағына алуға талпынар кезі ғой. Егер ол мұның үстіне болашақ ақын болса! Иә, Орал өңірі, Шаған, Жайық өзендері Қасым ақынның іште бұғып жатқан ақындық дарынын оятып, төл поэзиямызға тұғырлы таланттың келуіне жол ашты.
Оралға келгенге дейін жетім бала Семей балалар үйінде тәрбиеленіп, мектеп есігін ашып, тіпті малдәрігерлік техникумды тәмамдайды. Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түседі. Денсаулығына байланысты тастап кетеді. Әрине, көңіліне поэзия сәулесі қонақтай бастаған балауса ақын, мал-орман шаруашылықтарының маманы болғысы келмеген шығар. Таңдау жоқ қой жетімге. Әйтеуір, күнін көрсін деп тізімге тіркей салады ғой ол кезде.
Әскери қызметінің мерзімі бітсе де, ол Оралдан кетпегені қалай? Бұл орайда ақынның болашақ жары Сақыпжамал әпкемізден айналып өте алмаймыз. Сақыпжамал да Оралда. Екеуі бұрыннан жақсы таныс-біліс болған сияқты. Жас Қасым Сақыпжамалды құлай сүйген сыңайлы. Осы жолдардың авторы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяқ шенінде Мәрия есімді татар кемпірдің үйінде пәтерде тұрды. Редакцияда жұмыс істеймін. Қ.Аманжоловтың үш томдығы қолымнан түспейді. Отызыншы жылдары облысты Ұзақбай Құлымбетов деген азамат басқарыпты. Сол жылдардағы ойранның құрбаны болып кеткен сол есімі елге белгілі қайраткер кейіннен ақталған екен. Жоғарыда аталған мен үйінде пәтерде тұрған Мәрия әни А.Н.Островский атындағы орыс драма театрында отызыншы жылдары еден сыпырушы болып істепті. Күнкөріс қамымен Құлымбетовтің үйінің шаруасына да араласыпты. Әнидің айтуынша, Сақыпжамал әпкеміз Құлымбетовтің зайыбына сіңлі болып келеді екен. Мәрия кейуана қолымдағы кітаптардан (бірінші том) Қасым ақынның жас кезіндегі суретін көріп қалып, «мынау Сақыпжамалға келіп жүретін ақын малай ғой» дегені бар. Сақыпжамал да ата-анасынан ерте айырылды ма, ол жағы авторға белгісіз, Оралға келіп, апа-жездесінің тәрбиесінде болған сыңайлы. Қасекең Сақыпжамалмен қайта табысып, ғашықтық отына шарпылса керек. Сақыпжамал – дабылынан ат үркетін азаматтың балдызы. Ал Қасым болса, қасында анасы жоқ, басында панасы жоқ, салт басты, сабау қамшылы жалқы жігіт. Сақыпжамал кет әрі болмағанмен, апа-жездесі Қасымды қомсынған сыңайлы. Қалай болғанда да, Қасым әскерден босап, Оралда қалып қояды. Сақыпжамалға 1946 жылы Алматыда үйленгені мәлім. Оған өлең арнаған.
Сақыпжамал! Бір өзіңде
Екі әйелдің аты бар.
Күн боп көзің күлгеніңде,
Қабағыңнан ай туар.
Сол кез саған қарай берем
Көрмегендей мен бұрын.
Жанның сырын жатқан терең
Оқи берем жасырын.
Сақыпжамал! Атың қандай!
«Сәпен» дейміз қысқартып.
Жар бола гөр айтылғандай,
Сенен қайсы қыз артық?!
Махаббаттан талай жастың,
Жүректері күюлі.
Мүмкін, жөндеп сүйе алмаспын
Өзің үйрет сүюді.
Сенен артық жар табам деп,
Ойлайтын жан мен емес.
Қате бассам, кетсем желдеп,
Өзің сотта, өзің кеш.
Ақыры түбі қайырлы болып, Қасым мен Сақыпжамал қосылады.
Ілгерірек кетіп қалдым білем. Иә, Қасым ақын Оралдан кетпеді. Алайда, нан тауып жеу керек қой. Оның музыкалық қабілеті күшті болыпты. Скрипкада, гармонда өте шебер ойнайды екен. Әртістік қабілеттен де құралақан болмаса керек. Ол кезде Оралда орыс пен татардың, қазақтың қыз-жігіттері арасында музыканттар өте көп болған сияқты. Солардың қай-қайсыcы да Қасымды мойындаған сыңайлы. Отызыншы жылдары Оралда қазақ драма театры жұмыс жасап тұрған. Ол қазіргі Жұбан ақынға ескерткіш қойылған гүлзарда, ағаштан қиып салынған ғимаратта орналасыпты. Қасым Аманжолов осы театрда істепті. Ақынмен театрда жұмыстас болған адамдар өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында кездесіп қалатын. Театр кейініректе өртеніп кетіп, негізгі труппа Атырау қаласына қоныс аударады.
Қасекең оралдықтар арасында өз адамындай болып кетеді. Болашақ академик Қажым Жұмалиев Алматыдағы ҚазПИ-ді бітіріп келіп, Орал пединститутында сабақ бергені белгілі. Оның да ақындық аты шығыңқыраған кез еді ол. Қасым Аманжолов өзінен бес жастай үлкендігі бар Қажекеңді аға, ұстаз тұтқан сыңайлы. Ал Қажым Жұмалиев Қасымның пединститутқа түскенін қаласа керек. Бұл кезде ақын тұңғыш кітабы «Өмір сырын» баспаға дайындап жүрген ғой, содан да Алматы ойына жиі орала берсе керек. Қасым Аманжолов пединститутта жүргенінде жас ақын, кейіннен майданда ерлікпен қаза тапты. Абдолла Жұмағалиевпен танысып, достасады. Кейініректе Алматыда қайта кездесіп, соғысқа аттанғанға дейін жұбы жазылмай бірге жүреді. Қасым ақын Абдолланың қаза болғанын естіп-білгеннен кейін, әдебиеттің шоқтығы биік туындысы «Абдолла» («Ақын өлімі туралы аңыз») поэмасын жазғаны баршаға аян.
«Құдірет күші жер-жаһанның!
Қанатын бер қыран құстың.
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені
Бомба бол да, жарыл жүрек!»
Қасым Аманжолов облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып та істепті. Облыстық газетте жеке-дара әдебиет бөлімі болмайды. Басқа салалармен қоса, әдебиет мәселелері де мәдениет бөлімінің құзыретіне жатады. Осылайша жас ақын Қасым Аманжолов облыстағы қаламгерлердің туындыларын газет бетінде жариялап, оқырман ілтипатына бөленген екен.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясы қазіргі Достық-Дружба даңғылындағы 157 нөмірлі көне ғимаратта орналасыпты. Бұл көше алғашқыда Совет көшесі, кейінірек Ленин даңғылы аталды. Ақын Ғабдолла Тоқай атындағы баспахана редакция орналасқан ғимараттан қырық қадамдай-ақ жерде болған. Жүз жылдан астам уақыт баспахана болған бір қабатты ұзынша үй әбден тозғандықтан, кейінірек, баспахана жаңа орынға көшірілді.
Қасым ақын 1932-1933 жылдары қазіргі А.Карев көшесіндегі нөмірі 69-үйдің бір бөлмесін жалдап тұрыпты. Бұл көше сол тұста Мостовая, кейініректе, С.Киров көшесі аталған. Қасым тұрған үйдің иесі Абдулла Патеев деген татар азаматы редакцияда есепші болып істеген көрінеді. Ол Ұлы Отан соғысынан оралмапты. Үй Абдулланың қарындасы Мұхлиса Янборисованың (дұрысы Жанбарысова болса керек) меншігіне көшеді. Янборисовтер – өскен әулет. Қасым ақын сол Янборисовтермен өте тату қарым-қатынаста болыпты. Осы отбасы арқылы Оралдағы татардың талай қыз-жігіттерімен достасып, естен кетпес сауық-сайран құрыпты...
Ақын пәтерде тұрған үй жақсы сақталған. Жаңа қожайындар жөндеуден өткізіпті. Үйді Янборисовтерден кейін қоныстанған татар азаматынан 1990 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері Сүндет Иманов деген ақсақал сатып алыпты. Қазір бұл үйде С.Имановтың күйеу баласы Талғат Қизатов пен қызы Рауза Иманова тұрып жатыр. Олар осы үйде кезінде Қасым ақын тұрғанынан жақсы хабардар. «Ол кісі біртуар дарын ғой» деп сүйсіне айтады.
Бір ерекше атап өтуге тұратын жәйт бар. Қасым ақын қызмет істеген ғимарат, тұрған үй, аты берілген көше Орал қаласының мемориалдық ауданына, яғни, орталыққа өте жақын. Қасым Аманжолов көшесі Достық-Дружба даңғылымен (Совет көшесі) күншығыс жақта қатарлас созылып жатыр. Арада көше жоқ. Ақын атындағы көше оның тұрған үйі мен қызмет істеген ғимаратына таяу жерден өтеді. Көше Жұбан Молдағалиев, Дина Нұрпейісова, Ғұмар Қараш, Ғабдолла Тоқай көшелерімен қиылысады. Қасым Аманжолов көшесінен қарағанда, облыстық және қалалық әкімдіктер ғимараттары алдындағы Абай ескерткіші, сондай-ақ Жұбан Молдағалиев, Ғабдолла Тоқайға орнатылған ескерткіштер көрініп тұрады. Ұзындығы алты шақырымға созылған Қасым Аманжолов көшесі А.Пушкиннің ескерткішіне жетіп тұйықталады. Осы келтірілген деректердің символдық мәні бар сияқты.
Жоғарыдан қарағанда, Оралды үш өзен айналып-толғанып, аймалап жатқандай. Осы Жайық, Шаған, Деркөл (Төрткөл) өзендерінің Қасым ақынның саулығына дем, қиялына жел бергені анық. Ол Оралға 1931 жылы кеудесінен өлең оты ұшқын ата бастаған кезінде келіп, 1936 жылы әбден қалыптасқан ақын ретінде Алматыға аттанады.
Қасым Аманжоловта жауһар жырлар өте көп. Солардың ішінен «Орал» өлеңінің орны бөлек дер едік. Неге? «Туған елі өлеңнен құя салған» Қасым ақынның махаббат, қызық мол жылдары осы Оралда өтті. Ол ғашықтық отына Оралда шарпылды. Поэзияның іштегі бұла күші осы шаһарда сыртқа жарып шықты. Ақын өзін Оралға парыздар санаса, ал біз оралдықтар Қасым ақынның аруағы алдында осы классикалық өлеңі үшін қарыздармыз деп пайымдауға тиістіміз.
Иә, Қасым ақынның дүние есігін ашқанына жүз жыл толып отыр. Оралдан өлең буып, арман қуып Алматыны «бағындыруға» аттанғанына жетпіс бес жыл болыпты.
Орал қаласы мықтап өсті, өзгерді. Қасым ақынның табанының табы қалған көшелер қаланың орталығында, яғни мемориалдық бөлігінде сақталған. Көне ғимараттар мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Енді осы жүз жылдығы тұсында оның тұрған үйіне, не болмаса қызмет істеген ғимаратына ескерткіш тақта орнату керек-ақ! Бұл мәселені зиялы қауым өкілдері, әсіресе, қаламгерлер көптен көтеріп келеді.
Ана бір жылдары Оралда әдемі әдебиет мұражайы болған еді. Онда Қасым ақынға арналған арнайы бөлім көзге оттай басылатын. Солақай саясат өріс алған тұста әдебиет мұражайы жабылып қалды. Қазір бұл мәселе қайта көтеріліп жатыр. Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева басқарып отырған Жазушылар одағының облыстық филиалы мен оған қарасты «Қаламдастар» қоғамдық қауымдастығы басшы орындарға хат жолдап, мәселенің оң шешілуін қаузау қамында.
Қасым ақын тебірене жырлаған Жайық, Шаған өзендері де қалпында. Ақ айдындары жарқырап жатыр. Биылғы сәуір айында Батыс Қазақстанда жойқын су тасқыны болды. Шаған, Деркөл өзендері тосын мінез көрсетті. Келтірілген зардап көлемі қомақты болып отыр. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, бәрі бірте-бірте қалыпқа түсіп келеді. Ақын жырлап өткен Шағанның жағалаулары бұрынғыдан да биік дәрежеде абаттанатын болады.
Қасым Аманжоловтың есімі оралдықтар, жалпы, батысқазақстандықтар үшін өте-мөте ыстық. Оның жүз жылдық мерейтойы биыл тәуелсіздік алғанына жиырма жыл толып отырған Қазақ елінде жоғары дәрежеде аталып өтуге тиіс. Біздің облыста да ақынға қатысты алуан шаралар оздырылары күмәнсіз.
Қасым ақын өмірінің сәнді, мәнді бес жылы өткен Оралды жүрек түкпірінде өле-өлгенше сақтады. Қабат-қатпары мол тіршілік қамы Оралға тағы бір келіп қайтуына мүмкіндік бермеді. Айықпас ауру да иектеп алды. Алайда, ол аз жылда іргелі істер тындырды. Қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай, өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяқ шеніне таман көлемді үш томдығы шықты. Біздің буынның қолынан тастамай оқыған кітаптары қатарында Қасым ақынның осы үш томдығы болғанын арнайы айтып өткен орынды сияқты. Оған еліктеп өлең жазғандар қаншама! Олардың бәрі бірдей ақын болып кеткен жоқ, әрине. Бірақ поэзия десе ішкен асын жерге қоятын ақынжанды оқырман болып қалыптасты. Әне, өлең құдіреті деген осы!
Орал Қасымын үздіге сағынады. Ақын рухы оның өзі жазғандай: «Сіркіреп жаңбыр жауғанда, Байқарсың өзің анықтап. Жаным бір жүзер ауаңда, Ауаңда сенің қалықтап» деп тұрғандай.
Иә, ол Оралына екінші қайтара оралмады. Есесіне, оның өлеңдері жетіп, жан серігімізге айналып отыр. Ең бастысы, осы болса керек!
Айтқали НӘРІКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Орал.