12 Шілде, 2011

Ең өзекті мәселе

546 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мемлекеттік тілді дамытуға тиісті мекемелер мен министрліктер, оның қолдану аясын кеңейтуге жауапты адамдар Алматыдағы «Достық үйі» ғимаратындағы дөңгелек үстел басында тоғысты. Онда «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама­сының» орындалуы сөз болды. Басқосуды Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев жүргізіп отырса, жиынға Білім және ғылым вице-министрі Мұхамед­қали Сарыбеков те қатысып отырды. Алдымен сөз кезегін алған «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы соңғы бағдарлама мен оған дейін болған бағ­дарламалардың орындалу жай-жапсарына қысқаша тоқталып өткеннен кейін Ы.Ал­тынсарин атындағы педагогика академия­сының президенті Асқарбек Құсайынов өз сөзін осы елдің азаматымын деп есептейтін әрбір адам «Мемлекеттің тілдің мәртебесін дамытуға қандай үлес қостым» деп айта алады деген сауалмен бастап, одан әрі осы он жылда қыруар істер атқарылғанын нақты деректермен дәйектеуге ұмтылды. Осыдан он жыл бұрын мемлекеттік тілді меңгергісі келетіндер «методикалық оқу-әдістемелік құралдары мен сөздіктер жоқ» деген уәжді алға тартатын болса, енді ол олқылықтардың орны толғанын атады. Тек соңғы жылдардың өзінде терминология комитеті 600-ден астам терминді бекітіп, экономиканың барлық салалары алғаш рет 31 томдық терминоло­гия­лық сөздік шығарғанын мәлімдеді. Оны жасауға 500-ге тарта салалық мамандар тартылыпты. Сондай-ақ А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Шерубай Құрманбай ғалымдардың мемлекеттік тілді дамытуға қосып жатқан үлесіне де, кемшілігіне де тоқталса, Дүниежүзі қазақтары қауым­­дастығы төрағасының орынбасары Сұл­тан­әлі Балғабаев мемлекеттік тіл мәрте­бесі ең үлкен қол жеткен жетістігіміз екендігін айта келіп, Ақ­мола мен Қостанай об­лыстарында қазақ­тар қатары 70-80 пайыз болса да әлі күнге дейін мемлекеттік тіл­де мектептер аш­паған ауылдар бар екендігін, қазір де мәселе сол күйінде қалып отыр­ғанын қынжыла мәлім­деді. Қазақ­станда қазақ мектебі жоқ ауылдардың тізімін жасап, мәселені зерттеу керектігін, облыс­тық тіл басқармалары мен облыстық білім бас­қар­малары бірлесе отырып, әрбір ауданда қанша елді мекен бар, оның қаншасында қазақ мектебі әлі ашылмағанын анықтау және неге ашылмады деген сұрақ­тың жауабын іздеу қажеттігін көтерген ол Тіл комитеті мен Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тілдің мәртебе­сін көтеруде бірлесе әрекет ету мәсе­лесін де баса айтты. – Қазір Тіл комитеті Мәдениет министрлігіне қарағанымен, көп мәселелер – балабақша мен мектептер де, жоо да Білім және ғылым министрлігіне тиесілі. Сон­дық­тан бұл жерде Білім және ғылым министр­лігінің ықпалын, беделін күшейту керек. Үшінші мәселе – мемлекеттік білім гранты білімге беріле ме, бөлімге беріле ме, – деген Балғабаев қазақ мектептерін бітірген түлек­тердің жоғары оқу орындарына қабылдануы қиын екендігін нақты мысал­дармен атады. Тіл мәселесін ешуақытта назардан тыс қалдырмайтын ақын Мұхтар Шахановтың, Асылы Османның сөздері де көп адамның көкейіндегісін тапты. Сондай-ақ мәжіліс барысында «Алаш үні» ҚБО құрметтті төрағасы Советхан Ғаббасов пен А.Сәрсенбаев атындағы қор­дың жетекшісі Айдос Сарымның сөздері мен ұсыныстарының да қаперге алатын, келешекте кәдеге асыратын тұстары бар екендігін жиналғандар қуаттап отырды. Түйіп айтқанда, мәжіліске жиналған зия­лы қауымның ойы – Мемлекеттік тіл туралы Заң қабылданбай, қазіргі кемшіліктердің оңға бет бұрмасын алға тартады. Олардың ойынша, әлі күнге дейін іс-қағаздарын қазақ тіліне көшірмеген мекемелерді тәртіпке ша­қы­рып, ұлттық компанияларды басқарып оты­рып та, ана тілінен мақұрым қалған лауа­зым иелерінен мемлекеттік тілді меңгеруді талап ету қажет дейді. Жиында «Адам қанша биік болса да – Заң астында, тал қанша биік болса да – Күн астында» дейтін Тибет тәмсілі де айтылды. «Тіл­дерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­ма­сының» орын­далуын­да олқы тұстар болса – бұл шенеу­ніктердің солқылдақ­ты­ғынан дейтін де пікірлер болды. Ал жиынды өткізуге мұрындық болған Мәдениет министрлігі атынан дөңгелек үстел басында айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлерді жерде қалдырмауға вице-министр Ғазиз Телебаев жиналғандарға уәде берді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.
Соңғы жаңалықтар