Өткен апта соңында Алматыда қалалық мәслихаты ІV шақырылымының ХХХХV сессиясы өтіп, қаланың 2011-2013 жылдарға арналған бюджеті жайлы мәселе қаралды.
Мәслихат барысында Алматы қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Сардар Қабдолов қаланың табысы 8 миллиард 132 958 мың теңгеге көбейгенін мәлімдеді. Бұл қаражат қаланың ең басым бағыттағы шараларын жүзеге асыруға жұмсалады. Олардың қатарында білім ғимараттарын жөндеу, тұрғындарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуді дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтары, табиғатты пайдалану сияқты көптеген нысандар бар.
Толайым алғанда, 2011 жылғы қаланың нақтыланған жалпы бюджеті 309 миллиард 969 миллион 744 мың теңгеге жетті. Нақты қолданыстағы бюджет 261 миллиард 329 миллион 835 мың теңгені құрайды. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қаланың өткен жылғы бюджеті 264 миллиард болғандығын еске салды.
– Үстіміздегі жылы жергілікті бюджет 31,7 миллиард теңгеге өсті. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, жарты жылдың ішінде қала өндірісі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға көтерілді. Іскер орта жұмыс істеп жатыр, сондықтан да салық түсімі де көбеюде. Меніңше, бұл үдеріс сақталады. Осыған сәйкес, келесі жарты жылдықта түсетін пайда алдыңғы жарты жылдыққа қарағанда жоғары болады, – деді қала әкімі. Сондай-ақ, жиын барысында мәслихат депутаттары «Бақай» шағын ауданының атын ауыстыру туралы ұсынысты мақұлдап, ол «Жас қанат» атанды.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.