Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында осының алдында қабылданған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыру тетіктері талқыланды.
Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбіқалықова орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізгендігін мәлімдеді.
Ең алдымен тиісті құқықтық база қалыптастырылды. Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Осы заңда бірқатар жаңа көзқарастар қалыптастырылды. Мәселен, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, бағдарламаға қатысушылардың жауапкершілігі, бағдарламаға қатысушылармен мемлекет арасында әлеуметтік келісім-шарт жасасу, аудандар мен қалалар деңгейінде жұмыспен қамту орталықтарын құру секілді бірқатар жаңа түсініктер мен шаралар белгіленді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға жұмыспен қамту бағдарламасына қатысушыларға қызметтік тұрғын үй беру жөнінде қосымша нормалар енгізілді. «Мемлекеттік атаулы көмек туралы» Заңға Үкімет ұсынған жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға байланысты осы көмек жүйесін жетілдіруге бағытталған өзгерістер енгізілді.
Жалпы, бағдарлама бірнеше бағыттан тұратындығын айтуымыз керек. Соның бірінші бағытында оған қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру мен қаржыландыру қағидалары енгізілген.
Екінші бағыт бойынша бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдауды ұйымдастыру және қаржыландыру, соның ішінде микрокредиттік ұйымдар мен кредиттік серіктестіктерге осы мақсатта жеңілдікті несиелер беру мәселелері қарастырылған, үшінші бағытта бағдарламаға қатысушылардың арасында басқа жерлерден барып жұмыс істей алатын ұтқыр топтарды ұйымдастыру, оларға осыған байланысты тиісті қолдаулар көрсетудің жүйелері сараланған.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін Үкімет аясында Ведомствоаралық комиссия құру туралы қаулы қабылданған болатын. Мұнан кейін бағдарламаны жүзеге асыру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірнеше бұйрықтары жарияланды. Қазіргі бар бос жұмыс орындары мен болжамды жұмыс орындарының жалпыұлттық дерек қоры құрылып, тиісті деректерді жинауға арналған тетіктер мен нысандар бекітілді. Жергілікті атқарушы органдар аясында өңірлік аудандық комиссиялар құрылып, олардың жұмыс істеу тәртібін қарастыратын ереже бекітілді. Халықты жұмыспен қамту орталықтары да құрылды. Бағдарламаға әлеуетті қатысушылардың саны анықталды. Мұның сыртында басқа да көптеген жұмыстар жүзеге асырылды.
Министрдің айтуы бойынша, 2015 жылға қарай елімізде 1,5 миллионға жуық адам осы бағдарламаға тартылып, еліміздегі кедейлік деңгейі 6 пайызға дейін азаятын, ал жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызға дейін төмендейтін болады. Бағдарламаны қанатқақты режімде іске асыруға биылғы жылы республикалық бюджеттен барлығы 40 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржыға 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға байланысты мемлекеттік қолдау шараларын алатын болады деп белгіленген.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бағдарламаны жүзеге асыруға қатысты тиісті орындарға тапсырмалар берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.