Ресей астанасындағы метростанциялардың біріне қазақстандық атау беруге қол жеткізу ел басшылығының тапсырмасымен қолға алынған, соңғы жылдары Қазақстан елшілігі дәйекті жүргізіп отырған мақсатты істердің бірі. Қазақстандықтардың осы отаншыл бастамасы Мәскеу басшылығы тарапынан да лайықты түсіністік табуда. Нысаналы бағыттағы ілгерілеушілік деп таяуда белгілі болған бір жақсы хабарды айтуға болады. Яғни, Мәскеу метросының Замоскворецк желісі бойынша салынып жатқан бір станцияға «Алматы» (Алма-Атинская) атауын беру туралы қала басшылығымен алдын ала уағдаластыққа қол жетті. Болашақ станция қаланың оңтүстік шығысындағы Алматы көшесіне таяу, «Домодедово» әуежайы бағытында орналасқан. Бас жоспарға сәйкес «Алматы» метростанциясы 2012 жылы пайдалануға берілуге тиіс.
1935 жылы ашылған Мәскеу метросы Ресей астанасындағы көлік жүйесінің жүрегі десе болады. Қазір метроның жалпы қалалық жолаушы тасымалындағы үлесі 56 пайызға тең. Оның радиусты-сақиналы құрылымы бойынша төселген болат жолды бойлаған жүрдек пойыздар орта есеппен күн сайын жеті миллион, ал жұмыс күндері тоғыз миллионға дейін жолаушыны орталықтан қала шетіндегі аймақтарға және шеткі аудандардан қала орталығына жылдам жеткізеді. Дерек көздерінің мәліметінше, көлік қозғалысының жеделдігі, жалпы көлемі және сенімділігі жағынан Мәскеу метросы әлемде бірінші орында тұр.
Мәскеу қалалық заңнамасында аумақтық бірліктерге, көшелерге, метростанцияларына атау беруді белгілі бір сараптамадан өткеннен кейін Мәскеу үкіметі жанындағы уәкілетті орган жүзеге асыратыны жазылған. Бұл атаулар қазіргі заманғы орыс әдеби тілінің сөзжасам, айтылу талаптарына сай келіп, стилистикалық нормасына жауап бере алатын, екіұшты мағына тудырмайтын болуы керек. Ең бастысы – метростанцияларының атауы жер үстіндегі объектілердің атауымен үндесіп, қаланың тарихи және мәдени өзіндік ерекшелігін бейнелеуі қажет. Жер-су аттарын белгілеу кезінде сол маңайда тұратын халықтың қоғамдық
пікірі қатаң ескерілетіні және бір шешуші фактор болып саналады. Сол сияқты метростанция атауы белгілі бір мемлекет есімін тұтына алмайды және оны кеңестік кезеңдегідей Мәскеудің жекелеген белгілі адамдарын, Ресейдің және шетелдің азаматтарын есте қалдыру үшін пайдалануға болмайды. Мәскеу метростанцияларының жаңа талапқа сай тоқсаныншы жылдары «Чистые пруды», «Лубянка», «Воробьевые горы», т.б. болып өзгергені, ал жаңа станцияларды негізінен тарихи-географиялық ерекшеліктеріне байланысты атау дәстүрі қалыптасқаны сондықтан. Болашақ «Алматы» станциясының Алматы көшесіне жақын жерде болатындығының осындай себебі бар.
Мәскеудің Оңтүстік әкімшілік округіндегі қалаішілік муниципалдық құрылым – Братеево («Алматы» станциясының қазіргі жобалық атауы) ауданына қарайтын Алматы көшесі 1985 жылы Қазақстан астанасының құрметіне қойылған. Көше бойына бірнеше муниципалдық-әкімшілік мекемелермен қатар, көптеген қоғамдық-әлеуметтік объектілер, фирмалар, дүкендер, бала- бақшалар, емханалар, орта мектеп, шаштараз, т.б. орналасқан.
Мәскеуде ел атымен аталатын, 1952 жылы ашылған бір ғана «Белорусская» метростанциясы бар. Оның мәрмәр паннолары осы елге қатысты тақырыптарды бейнелейді. Аталған станцияны жобалауға, салуға қатысқан үш адам кезінде сол заманның дәрежелі атағы – Сталиндік сыйлыққа ие болған екен.
Әрине, Мәскеу метрополитені бойынша өткен дәуірді бейнелейтін жекелеген ұғым-сөздер («Комсомольская», «Марксистская», т.б), орыс тарихында орны бар дара тұлғалар құрметіне қойылған («Тургеневская», «Маяковская», «Пушкинская», т.б.) атаулар кездеседі. Бірақ бұлар көп жағдайда сол маңайдағы бұрыннан бар көшелерге, даңғылдарға, т.б. осындай жерүсті объектілеріне байланысты аталған. Ал еларалық қарым-қатынас тұрғысынан алғандағы байланыстар негізінен «Киевская», «Рижская», «Варшавская», «Пражская», «Римская», «Братиславская» болып келетін қалалар атымен атау бағытымен орныққан.
Мысалы, 1954 жылы ашылған «Киевская» станциясының безендірілуі орыс және украин халықтары достығы тақырыбына арналған. 1958 жылы ашылған «Рижская» станциясының сәулеттік жобасын ригалық сәулеткерлер жасаған. Мұнда Рига зауыттарында әзірленген керамика барынша көп пайдаланылып, әрлеу жұмыстарын Латвия шеберлері жүргізген. 1969 жылы пайдалануға берілген «Варшавская» станциясының аты айтып тұрғандай, оның ішкі безендірілуі Варшава қаласының кескінді бейнелерімен ұштасады. 1985 жылы іске қосылған «Пражская» станциясының көркемдік-сәулеттік безендірілуін чех шеберлері жүргізсе, құрылыс жұмыстарын кеңестік және чехословак метро салушылары бірлесіп атқарған.
Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде тағы екі станция пайда болды. Оның бірі – 1995 жылы пайдалануға берілген «Римская» станциясы. Станцияның безендірілу жұмыстарына италиялық сәулетшілер қатысқан. Көркемдеу ісінде Рим қаласының көзге түсер көріністері көбірек қамтылған. Ал 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Братиславская» станциясы ресей-словак достығы құрметіне ашылған. Безендірілу барысында Братиславадағы байырғы қорған, бекініс, қамал суреттері пайдаланылған.
Сәтін салса, бұл сапқа «Алматы» станциясы да қосылып қалуы мүмкін. Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбеков метростанция мәселесін Мәскеу қаласы басшылығының назарына тұрақты ұсынумен келеді. Бұған дейін мүмкін болатын нұсқалар ретінде Мәскеу метрополитенінің жұмыс істеп тұрған станцияларының бірін, не алдағы жылдарға жобаланып, салынып жатқан станциялар арасынан біреуін «Қазақстан» деп атау жайы қарастырылып, белгілі бір деңгейде уағдаластыққа да қол жетіп қалып еді. Мүмкін болатын жолдарды саралап, Мәскеу заңнамасының метростанцияға атау берумен байланысты қалыптасқан ортақ талабын ескере келгенде, мәселенің шешімін табудың бүгінгі таңдағы оңтайлы жолы «Алматы» атауы екендігі байқалып отыр.
Мәскеуліктер осымен байланысты Алматы метросының бір станциясына «Мәскеу» атауын беру жөнінде тілек білдіруде. Бұл Алматы қалалық мәслихатының құзыретіндегі мәселе. Былайша айтқанда, Мәскеудегі «Алматы» станциясының ашылуы Алматыда «Мәскеу» станциясының пайда болуымен тығыз байланысты.
Алматыдай ару қаланың есімі күн сайын бірнеше миллиондаған жолаушы жүріп-тұратын Мәскеу метросында бір жарым минут сайын аталып жатса, болашақ станциясының ішкі безендірілуі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, Қазақстанның жетістіктерімен бірге өрілсе, төрткүл дүниеге танымал болған еліміздің жақсы атақ-даңқы мың сан жолаушы жүрегіне бұрынғыдан да тереңірек сіңіріле бермей ме? Сол себепті, орайы келіп тұрған істі орта жолда қалдырмай, аталған мәселенің өз елімізге қатысты жағын жылдамырақ жүзеге асырған жөн болар еді.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.