«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
Стратегиялық жоспарлау және макроэкономикалық тепе-теңдік Олар болашақтың негізін бірігіп қалауға қызмет етуі тиіс Экономикалық даму және сауда министірлігіне Қайрат Келімбетов министр боп тағайындалған соңғы үш айдан бері бұл ведомоствада біраз толымды істер атқарылып, экономикадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге негізделген жаңа шаралар жүйесі қолға алынды. Соның ең бастыларының бірі стратегиялық жоспарлау мәселесіне қатысты болып отыр. Елбасы жаңа министрдің алдына нақ осы мәселені жолға қойып, оның рөлін арттыруды тапсырған еді. Осы ретте елімізде мемлекеттік жоспарлаудың 3 түрі бар екендігін еске сала кетсек артық болмас. Олар – стратегиялық жоспарлау, экономикалық-индикативтік жоспарлау және бюджеттік жоспарлау. Біз төменде стратегиялық жоспарлау мәселесі туралы әңгіме қозғамақпыз. Экономикалық өсімнің ұзақ мерзімге тұрақты жалғасуы үшін тиісті шараларды дер кезінде атқармағандықтарынан көптеген елдер сол өсімді сақтап қала алмай, оның соңы дағдарыспен жалғасқаны белгілі. Осындай қателіктерді қайталамау үшін макроэкономикалық тепе-теңдікті қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екені барған сайын айқындала түсуде. Аталған жағдайдан біздің еліміз де тиісті қорытынды түйді. Соған сәйкес елімізде ІЖӨ көлемінің өсімін 2015 жылға дейін әр жыл сайын кем дегенде 7 пайыздық деңгейде сақтап тұрудың арнайы жоспары жасалды. Аса дамыған елдердің өзі экономикалық өсуден ажырап, халықаралық рейтингтері төмендеп, дефолт қыспағында тұрған кезде біздің елде дамудың осы жоғарғы деңгейін ұстап отырудың қандай мүмкіндіктері бар және ол үшін не істелуі керек? Осы ретте Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің айтуынша, макроэкономикалық тепе-теңдікті қамтамасыз ететін шараларды белгілеудің маңызы зор. Себебі, макроэкономикалық тепе-теңдіктің қамтамасыз етілуі бірінші кезекте біз секілді табиғи ресурстаға бай елді экономиканың шектен тыс қызып кетуінен, яғни «голланд ауруы» секілді дағдарыс тұсында білінер ауыр сырқаттардан қорғайды. Аталған экономикалық сырқаттың дағдарыспен қатар келуінің, яғни дағдарыс тұсында бірден бой көрсетуінің себебі – бір есептен алғанда дағдарыстың өзі осы сырқатты айқындаушы факторлардың бірі болып табылады. Яғни, дағдарыстың төбе көрсетуінің өзі «егер сен өз бойыңдағы сырқатты өзің емдемесең оны мен емдеймін» деген ұғымды білдіреді. Ал дағдарыстың емі мен сыны қашанда болсын өте ауыр. Ол бірден талдырып түсіреді. Науқастың бойында ауруға қарсы иммунитеттің пайда болатындығы секілді осы тұста мемлекет экономиканы дағдарыстан алып шығу үшін аса ауыр шараларды қабылдауға, мәселен, халықтың ашу-ызасы мен өкпе-ренішіне төтеп бере отырып, әлеуметтік шығындарды барынша қысқартуға, басқа елдерден алақан жайып қарыз сұрауға мәжбүр болады. Бір жақсысы, Қазақстан дағдарыс тұсында басқа елдерде орын алған мұндай абыройсыз істердің біріне барған жоқ. Қайта нақ осы ауыр сәттерде жалақы мен зейнетақыны, жәрдемақыларды бұрынғыдан да көтеріп, көптеген жаңа жұмыс орындарын ұйымдастырып, халық басына көп қиындық түсірместен қысылтаяң сәттен жақсы шығып кетті. Осындай қадамдардың өзі Қазақстанды халықаралық қауымдастықтың алдында үлкен абыройға бөледі. Енді Қазақстан бірнеше жыл бойына 7 пайыздық өсімге қол жеткізуді жоспарлап отыр. Демек, біз үшін макроэкономикалық тепе-теңдікті сақтау аса маңызды. Алайда, Қазақстан секілді мұнай өндіретін елде макроэкономикалық тепе-теңдікті сақтау оңай емес. Сол үшін де жылдар бойына осы мұнай табысының экономикаға тікелей әсер етпеуін күйттейтін біраз шаралар жасалып келеді. Бірінші шара деп 2005 жылдың өзінде мұнайдан түсетін қаржыны бюджетке бағыттамай, оны жеке қорға жинақтау туралы шешім қабылданғандығын айтуға болады. Қазір мұнайдан түсетін барлық түсім тікелей Ұлттық қорға бағытталады. Ал Ұлттық қордың дағдарыс кезінде аса үлкен рөл атқарғаны белгілі. Екінші шара деп, қазіргі үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2015 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын айтамыз. Бұл бағдарлама да шикізатқа тәуелділікті азайтып, экономиканың әртараптандырылуына, әсіресе өңдеуші өнеркәсіптік сектордың жанданып, бел алуына үлкен қызмет етеді. Ал енді Экономикалық даму және сауда министрлігінің макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі атқарып жатқан іс-шараларына тоқталсақ, бұл ретте қазіргі басты мақсаттардың бірі инфляцияның өсіміне жол бермеу болып отырғандығы түсінікті. Азық-түлік тауарларына деген бағаның өсімі инфляцияға аса үлкен әсер ететінін ескере отырып, Үкімет ішкі рыноктағы бағаның тұрақтылығын сақтау үшін тиісті шаралар қабылдап, оларды жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Бұл шараларда әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақты болуына, былайша айтқанда, алдын-ала белгіленген дәліз ішінде ғана ауытқуын қамтамасыз етуге барынша көңіл бөлінген. Қазір осы іске әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тартылып отыр. Өткен маусым айында ғана әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тиісті бағасын бекіту жөнінде Үкімет қаулысы қабылданды. Тиісті мемлекеттік органдар баға ауытқуы тез әсер ететін салалар, әсіресе жанар-жағармай өнімдері рыногындағы жағдайды қадағалап, монополияға қарсы заңды бұзу әрекеттері тіркелсе, тиісті іс-шаралар қабылдап отыратын болып шешілді. Сонымен қатар қызмет тарифтерінің шектен тыс өсіп кетуіне жол бермейтін шаралар да қабылдануда. Осы бойынша мәселен, тарифтердің инфляцияға әсері 1,58 пайыздан аспауы тиіс болса, қабылданған шаралар мен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі күні тарифтердің инфляциядағы үлесі 0,54 пайызды ғана құрап отыр. Макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға елдің халықаралық резервтерінің өсуінің де әсер ететініндігі анық. Маусым айының соңында еліміздің халықаралық резервтері 73,1 млрд. АҚШ долларына дейін өсті. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 37,7 пайызға артық. Фискалдық саясат шаралары да осы бағытта түзіліп отыр. Ұлттық қор қаржысын құру және пайдалану да сауатты жүзеге асырылуда. Қазіргі күні Ұлттық қор қаржысы 38,5 млрд. АҚШ долларына теңесті. Валюта саясаты бойынша Ұлттық банк жүргізіп отырған іс-шаралар да ұлттық валютаның ауытқуына жол бермеуге бағытталған. Өйткені, валютаның ауытқуына жол берілсе, әлемдік конъюнктурада өзгерістер болған жағдайда отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін. Әлемдік тауар рыноктарындағы ахуалдың реттелуі мен қазақстандық өнімге деген сұраныстың артуы сыртқы сауда операцияларымыздың жоғары өсіміне қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігі анық. Осы ретте ішкі жалпы өнімнің белгіленген жоғарғы көрсеткішіне қол жеткізу үшін қолға алған іс-шаралардың қазіргі нәтижелеріне тоқталсақ, былтырғы жылмен салыстырғанда, шикізат өндірісі мен дайын тауарлар өндірісінің көлемі өскендігіне, ішкі сұраныстың ретке түсіп, құрылыс саласына жан біткеніне, экономиканың әр салаларында жаңа өндірістердің құрылып, орта және шағын бизнес субъектілерінің өнім шығару үдерісінің нығайғандығына көз жеткізуге болады. Сонымен осы уақытқа дейін қабылданған шаралар ел экономикасының жоғары қарқынмен дамуына мүмкіндік беріп отыр деп айта аламыз. Осылардың ішінде Үкіметтің ішкі сұранысты арттыру, іскерлік бастамалардың жүзеге асуына ықпал ету, жалпы дағдарыстан кейінгі базаны қалыптасыруға бағытталған шаралары экономиканың ойластырылған, көзделінген бағыттар бойынша дамуына жақсы әсер етуде. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырыла бастауы ішкі және сыртқы инвестициялық ресурстардың жандануына, экономиканың қайта өңдеу секторы мен инфрақұрылымның дамуына қолайлы әсер етті. Индустрияландыру картасы аясында жаңа индустриялық және инновациялық жобалар іске қосылды. Негізінде, осы ауқымды бағдарлама аясындағы жобаларды жүзеге асыру арқылы біз өнеркәсіптік өндіріс ауқымының өсіміне қол жеткіземіз, ал ол өз кезегінде көлік, құрылыс, сауда қызметтерінің өсіміне әсер етеді. Демек, қолға алынып отырған іс-шаралар бір-бірімен тізбектеле келе жалпы мултипликативтік тиімділік әсерін туғызатындығы сөзсіз. Мәселен, «Өнімділік-2020» бағдарламасы еңбек өнімділігін арттыру арқылы экономиканың басым секторларындағы өнеркәсіп өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін көтереді. Орта және шағын бизнестің жағдайы Елбасының жіті назарында екендігін ескерсек, бизнес-климаттың жандануы үшін әкімшілік кедергілерді кемітіп, орта және шағын бизнеспен айналысқысы келетін азаматтардың мемлекеттік рұқсат беру үдерістерінен өтуін жеңілдету бойынша біраз шаралар жасалынды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында негізінен 4 бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олар – бизнес ұсыныстарды қолдау, кәсіпкерлік секторын сауықтыру, валюталық тәуекелді азайту және кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру шаралары. Міне, мұның бәрі де жалпы кәсіпкерлік көрсеткіштерінің жақсаруына әсер етеді. Қазіргі жүргізіліп отырған макроэкономикалық саясат өсімнің тұрақтылығын сақтап қана қоймай, дағдарыстан кейінгі бәсеке қызып тұрған рынокқа бейімделуге және ұзақ мерзімдегі сынға төтеп беруге әсер етеді. Экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету бағытында белгіленіп отырған кешенді шаралардың өзі халықтың әлеуметтік ахуалын жүйелі түрде жақсартып отыру мақсатынан туындайтындығын айтуымыз керек. Елбасы нақ осы мақсатқа жетуге көп көңіл бөлуде. Осыған сәйкес белгілі бір кезең ішінде Қазақстанды жоғары табысы бар елдердің қатарына енгізу жөнінде тапсырма да берді. Осы мақсатқа жетудің индикаторлық көрсеткіштері де айқындалған. Мәселен, елімізде жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемін 2015 жылы 15 мың АҚШ долларына жеткізу белгіленген. Міне, осы үшін де ІЖӨ көлемі жылына 7 пайыздан кем дамымауы тиіс. Оның үстіне 7 пайыздық даму дегеніміздің өзі жәй ғана даму емес. Оған қойылатын талаптың өзі де жоғары болып отыр. Нақтылай айтсақ, экономиканың жоғарыдағыдай деңгеймен дамуы осы уақытқа дейін орын алған шикізаттық сектордың есебінен емес, ендігі кезекте өнеркәсіптік сектордың есебінен қамтамасыз етілуі керек. Демек ендігі жерде елімізге қазақшалап айтсақ, білек күші емес, білім керек. Өнімдерді озық тәсілдермен дайындай алатын күрделі технологиялар және соларда жұмыс істей алатын мамандар қажет. Интеллектуалдық мектептер мен «Назарбаев университетінің» ашылып, «Болашақ» бағдарламасының жаңа мақсатқа түзіліп, халықты жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясының қабылданып отырғаны да сондықтан. Экономикалық даму және сауда министрлігі өз тарапынан жоғарыдағыдай мақсатқа қол жеткізу үшін Елбасы тапсырмаларының орындалу барысын қадағалау жөнінде Ақпараттық карта әзірледі. Карта Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын, еліміздің таяудағы дамуының негізгі міндеттерін және экономиканы әртараптандыруды жеделдету, дағдарыстан кейінгі даму, азық-түлік қауіпсіздігі, инвестицияның түсуін қамтамасыз ету, азаматтар үшін қызметтер, мемлекеттік басқару жүйесін дамыту, халықаралық қатынастар және бірлестік сияқты бағыттар бөлігін көрнекті көрсетеді. Елбасының Экономикалық даму және сауда министрлігінің алдына қойған тапсырмасына сәйкес енді бұл құрылым, өзінің аты да айтып тұрғандай, негізінен стратегиялық жоспарлау мәселесімен шұғылданып, елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуының әдіс-амалдарын қамтамасыз етуі, осылайша бірте-бірте еліміздің ақыл-ой орталықтарының біріне айналуы тиіс. Оның басқа мемлекеттік құрылымдармен салыстырғанда бір өзгешелігі де осында. Елбасының еліміздің стратегиялық дамуын аса жіті назарда ұстауының өзі бұл министрліктің алдына аса үлкен жауапкершілік жүктейді. «Стратегиялық жоспарлау дегеніміз – елдің өзіндік басымдыққа ие бола алатын мәселелерін күні бұрын анықтап, сол бағыттарға барынша дем бере отырып жұмыс істеу. Демек, елдегі әр ведомство өзі айналысатын жұмыстардың басым бағыттарын анықтап, соған сәйкес іс-әрекет жасаса, мұның біздің ортақ ісімізге тигізер пайдасы үлкен болмақ. Осыған сәйкес біздің министрлікке әр министрліктің, облыс әкімдіктерінің, аймақтардың, ұлттық компаниялардың стратегиялық жоспарлауын қадағалап отыру өкілеттігі мен жауапкершілігі жүктелді. Ал ол жоспарлардың барлығын біз тиісті құрылымдармен бірлесе отырып, Елбасы тапсырмасының негізінде ортақ мақсаттарға жетуге бағыттамақпыз», дейді Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген күдікті 12 жылға сотталды
Қылмыс • Бүгін, 15:20
Қар, көктайғақ және тұман: Қазақстанда ауа райы күрт құбылуы мүмкін
Ауа райы • Бүгін, 14:52
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Бүгін, 14:10
Шымкентте екі қабатты мейрамхана өртке оранды
Шымкент • Бүгін, 13:33
Қазақстанда полиция күшейтілген режимге ауыстырылды
Заң • Бүгін, 12:51
Жетісу облысында екі адам қар құрсауынан құтқарылды
Аймақтар • Бүгін, 12:15