Еліміздегі күн санап көбейіп отырған жұмыссыз адамдардың саны азаятын күн де алыс емес. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыру жөнінде Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар бере келе, халықты жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа стратегиясын әзірлеу міндетін жүктеген болатын. Кемел келешектің кілтіне айналар «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша елімізде 1,5 млн. қазақстандық жұмыспен қамтылып, кедейлік көрсеткіші 6 пайызға дейін азайтылады
Шілденің 1-інде іске қосылған бағдарлама үш бағыттан тұрады. Біріншіден Үкімет тегін кәсіптік-техникалық білім беріп, жұмысқа орналастырады. Жолақы, ай сайын жататын жері үшін өтемақы мен шәкіртақыны өз мойнына алады. Келесі бағыты туған жерінде екі қолға бір жұмыс таппай отырғандарға вахталық тәсілмен ақша табуына жол ашылады. Көшіп-қонуына субсидия, жалдамалы баспана, жаңа жерде біліктілігін көтеруге және психологиялық бейімделуге қол ұшын береді. Еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Үкімет отырысында атап көрсеткеніндей, жаңа бағдарлама халыққа шарапатын тигізіп, тиімді бағдарламаға айналуы тиіс.
Бағдарламаның басты бағыты ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу болып табылады. Жалпы, өз бетінше жұмыспен айналысатындардың, жұмыссыздар мен табысы төмен отбасылардың көпшілігі ауылды жерлерде тұратынын ескерсек, оның үстіне елді мекендерде жалдамалы жұмыс орындарын құру оңайға түспейтінін есепке алсақ, ауыл кәсіпкерлігін дамытудың маңызы зор болмақ. «Осы бағыттың басты тетігі шағын несиелеу жүйесі арқылы жүзеге асады. Түпкі қарыз алушыға үш миллион теңгеге дейінгі сомада бес жылға дейінгі мерзімге микрокредит беру көзделеді. Кредит бойынша негізгі қарызды өтеу бойынша 18 айға дейін, алайда кредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайтын мерзімге жеңілдікті кезең ұсынылуы мүмкін. «Бұл орайда микрокредиттер тұтынушы мақсаттарына, басқа қарыздарды жабуға және жылжымайтын мүлік сатып алуға берілмейді. Микрокредиттеуге микрокредиттік ұйымдармен қатар бағдарламаға әлеуетті қатысушылар құратын кредиттік серіктестіктер де іске тартылатын болады», – дейді еліміздің Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Г. Әбдіқалықова. Бұған қоса, ауылдағы кәсібін жаңа бастаушы үшін қажет болса инфрақұрылым, яғни жол құрылысы, жабдықтау, кәріз, телефон және электр желілерін жүргізу шаралары мемлекет есебінен өтеледі.
Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша азаматтардың тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға немесе жеке ісімен айналысуға мүмкіндігінің болмауына байланысты жергілікті атқарушы органдар ондай азаматтарға басқа өңірлерден жұмыс ұсынатын болады. Өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден көшуі бастапқы кезеңде бір ауданның ішінде немесе бір облыс шегіндегі бір ауданнан басқа ауданға жүзеге асырылады. Бағдарламаның аталған бағытына экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар, не еңбекке жарамды табысы аз адамдар қатыса алады. Бұл ретте экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерді айқындау критерийлерін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Экономикалық даму және сауда министрлігі әзірлейтін болады. Соған сәйкес, жергілікті атқарушы органдар аталған министрліктермен келісім бойынша экономикалық әлеуеті төмен елді мекендердің тізбесін айқындайды. Бұдан соң, экономикалық әлеуеті төмен елді мекендердің тізбесін Премьер-Министрдің төрағалығымен республикалық ведомствоаралық комиссиясы бекітеді. Тоқтала кететін жәйт, осы бағытта басқа өңірге жұмысқа орналасу бойынша көшіп келу мен оларды баспанамен қамту үшін жалға берілетін үй мемлекет тарапынан субсидияланады.
«Мұншалықты ауқымды бағдарламаны іске асыру үшін жұмыспен қамту органдарын институттық жетілдіру көзделетіні сөзсіз. Соған орай еліміздің барлық өңірлерінде аудандар мен қалалар деңгейінде қосымша жұмыспен қамту органдары құрылады. Бұдан бөлек, бағдарламаны тиімді іске асыру үшін құқықтық база қалыптасатын болады. Бұл ретте «Жұмыспен қамту туралы» Заңға Үкімет пен орталық атқарушы органдар құзыретіне сәйкес толықтырулар енгізу қарастырылады. Оның ішінде жаңадан «әлеуметтік келісім-шарт», «жалақыны субсидиялау», «жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары», «өз бетінше жұмыспен айналысушылар» секілді ұғымдар нақтыланатын болады. «Жұмыспен қамту бағдарламасын талқылау және түсіндіруге үкіметтік емес ұйымдар да белсенді түрде тартылатын болады. Жалпы алғанда, Үкімет 2016 жылға қарай бағдарламамен бір жарым миллионға жуық адамды қамтуды жоспарлауда. Соның нәтижесінде еліміздегі кедейлік деңгейін 6 пайызға дейін төмендетіп, жұмыссыздық деңгейін 5,5 пайыздан асырмай ұстап отыру міндеті көзделуде. Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етіп, алдымыздағы стратегиялық міндеттерді тиімді іске асыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», – дейді Г. Әбдіқалықова.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.