Шу қаласынан өтіп аудан орталығы Төле би ауылына қарай бет түзеген кісінің көзі ең алдымен жол бойын жағалай салынған сан түрлі қызмет көрсету орындарына түседі. Ал бұрын бұл екі араңыз өркениет үлгісінен жұрдай, жел азынаған дала болатын.
Жалпы, Шу ауданы мен Шу қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын сиам егіздеріндей бірге қарастыру керек. Ол, әсіресе, бүгінгідей бірлік нығайып, береке еселене бастаған тұста аса қажет. Былтыр аудан әкімі Қожахан Жабағиев көзі ашық, көкірегі ояу зиялы жұртты Шуға шақырды. Әрине, шашу шашып, көрімдік сұрауға болатындай келісті ісі болған соң шақыртады да. Қатар жатқан аудан мен қалаға инвестиция әкелу, қаражат қоры мол, қолы ашық кәсіпкерлерді Шу өзенінің төменгі сағасында жатқан ел қамы жолындағы игілікті іске тарту тұрғысында көптеген істер атқарыпты. Аудан орталығындағы жайнаған саябақтан өтіп жаңарған стадионды көрген, жаңарған стадионнан өтіп қасқайып тұрған қас батырдың ескерткішіне тағзым еткендердің (майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгерге қойылған ескерткіш) ризашылығында шек болған жоқ.
Біткен істі біреу алып кетпейді, мәселе соның батамен басталып, бәрекелдімен аяқталуында. Сондықтан болар, Астана мен Алматыдан келген аузы дуалы ағайындар аудандағы атқарылған іске тек қана алғыс айтумен болды. Айтатындары – «ауданда бұрын-соңды мұндай іс-шара болмап еді». Әлбетте, атқарылатындары да бар екен. Атап айтсақ, биылғы жарты жылда аудан бойынша өндірілетін өнім мен көрсетілетін қызмет 10 млрд. 200,8 млн. теңге болады деп болжаныпты. Шамамен оның 28,9 пайызы өнеркәсіп, 26,3 пайызы ауыл шаруашылығы өнімдері болмақшы.
Өңірді өркендететін қашанда өнеркәсіп. Сондықтан болар елімізде соңғы кезде, әсіресе, индустрия саласын дамытуға аса көп мән берілуде. Осыны сезінген аудан жұмысшылары биылғы бес айдың қорытындысы бойынша 2467,5 млн. теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсеткен. Өнеркәсіп өнімдерінің физикалық нақты көлем индексі 113,2 % құрапты. Өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 804,2 млн. теңгеге артып, 148,4 % орындалған.
Индустрия дегенде, аудандағы өнеркәсіп өнімінің 58,8 пайызы немесе 1 млрд. 451,1 млн. теңгесі «Қамқор Локомотив» ЖШС-ге тиесілі екеніне ерекше тоқтала кету керек. Бұл кәсіпорын өнім көлемін ұлғайту мақсатында үнемі ізденіс үстінде келеді. Тепловоздар мен олардың моторларын жөндеуді тұрақты жолға қойған олар, енді жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруда. Атап айтсақ, Ресей кәсіпорындарымен бірлесіп биыл Шу қаласынан «Енисей Қамқор» маркалы жоғары өнімді комбайн шығаруды бастады. Бүгінге дейін оның 18-і құрастырылып, 8-і сатылды. Қазір 31 комбайн құрастырылу үстінде. Жыл аяғына дейін «дала кемесінің» 120 данасын шығару жоспарлануда. Сонымен бірге, «Қамқор Локомотив» ЖШС алдағы уақытта өңірге аса қажетті ауылшаруашылық және коммуналдық техникаларды құрастыруды да қолға алмақшы.
Өнеркәсіп өндірісін дамыту жөнінде атқарылған іс-шаралар мұнымен бітпейді. Жыл басында «Ер-Тай» ЖШС Шоқпар селолық округіне қарасты «Родниковое» полиметалл кенінде аталмыш руданың қорына барлау, қазба жұмыстарын жүргізіп, оны өңдеу мақсатында шағын зауыт құрылысын іске қосуды жоспарлаған болатын. Міне, сол кәсіпорын жыл басынан бері 354,2 млн. теңгеге 6,0 тонна қорғасын концентратын өндірді. Бюджетке 7,0 млн. теңге салық төледі. Өндіріске 358,0 млн. теңге инвестиция құйылды.
Алдағы уақытта «Қазақмыс» корпорациясының «Балқаштүстіметалл» өндірістік бірлестігіне қарасты «Шатырқұл» кеніші негізінде ауданда кен байыту комбинатының құрылысын жүргізіп, жаңа жұмыс орындарын ашу да жоспарлануда. Бүгінде кәсіпорын заңды тұлға ретінде тіркеуге алынып, үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша бюджетке 16,2 млн. теңге салық төлепті.
Индустриялық-инновациялық дамудың игілігі туралы айтудай-ақ айтылып келеді. Игілікті іске деген ілтипатты осы тұрғыдан бағамдасақ, ауданның 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жалпы құны 24,2 млрд. теңге болатын 13 жобаны іске асырып, 1223 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр екен. Осы бағдарлама аясында биыл екі жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Оның бірі – Бірлік ауылында салынып жатқан мұнай өнімдерін өндіретін шағын зауыт. «Бірлік энергия» ЖШС қолға алған оның жалпы құны 50 млн. теңге. Мұнда 40 адам жұмыс істеп, кәсіпорын жылына 10 000 тонна жанар-жағармай шығаратын болады. Қазір Қытай елі мамандарымен зауыттың құрал-жабдықтарын орнату жұмыстары іске асырылуда. Демек, зауыттың тұсаукесер салтанаты да алыс емес.
Сондай-ақ, «Kaz Ir Agro» ЖШС-нің сұйық май өнімдерін шығаратын зауыты да Бірлік ауылына орналасқан. Мұның жалпы құны – 5,7 млн. АҚШ долларын құрайды. Онда 80 адам жұмыс істеп, зауыт тәулігіне 1,5 тонна сұйық май шығаратын болады. Осы уақытқа дейін 1,2 млн. АҚШ долларына жаңа технологиялық құрал-жабдықтар сатылып алынды. Қазір мұнда 25 адам жұмыс істеуде. Зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін 500 га жерге сафлор егілген.
Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында өңірдің индустрияландыру картасына ұсынылатын жобалар тізімі жасалған. Осы картаға Шу ауданынан «Kaz Ir Agro», «Ferrum- 2005», «Достар Агро Инвест», «Қамқор Менеджмент», «Бектібай 1», «Компания A & T – Энерго» ЖШС-лары енгізілмек.
Облыс әкімі Қанат Бозымбаев өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын пар жеккен аттай қатар қамшылай отырып, үлкен асуларды алуға болатын Шу ауданының екі шылбыр, бір тізгінін Қожахан Жабағиевқа тапсырғанда қателеспеген екен. Өйткені сылқым Шудың саласында кіндік кесіп, тарпаң мінез Талас өзенінің бойында қанаты қатайған (Қожаханның бір жылдары облыс комсомол комитетін, Байзақ ауданының құс фабрикасын, кейін сол ауданның өзіне де біраз басшылық еткенін білеміз) ол ерке Есілдің жағасына барып Үкімет үйінде де абыроймен қызмет етті. Енді, міне, білімі мен білігі молайып, тәжірибесі толығып, жігіт ағасы атанған шағында Шу топырағына оралып, туған жерін түлетуге кірісті.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Жамбыл облысы,
Шу ауданы.