Қолданыстағы Конституциямыздың бірауыздан қабылдануы еліміздің тарихындағы өте маңызды оқиға екендігін төрткүл дүние мойындап отыр. Ата Заңымыз бірлікті нығайтуға, мемлекеттік құрылым, қоғамдық, саяси жүйенің негізгі қағидаттарын бекітуге бағытталып, қойған міндеттер күннен-күнге іске асып келе жатқанын көріп жүрміз. Сөйтіп, бүгінгі күні Конституциямыз демократиялық қоғамның негізгі талаптарына сәйкес келетіндігін жан-жақты танытты.
Конституцияға сәйкес мемлекеттегі биліктің біртұтастығы жарияланып, заң шығару, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлініп, олардың конституциялық өкілеттіктері айқындалған. Конституцияның IV-тарауының ережесіне сәйкес мемлекеттік органдар жүйесіндегі ерекше орын Парламентке беріліп, оның өкілеттілігіне бүкіл мемлекеттік тетіктің ұйымдастырылуы мен қызметін негіздейтін заңдарды талқылау тапсырылды.
Дүние жүзі тарихында ең алғашқы Парламент 13 ғасырда қалыптасқанымен, оның әр түрлі елдердегі құрылымы, қызметтері, сайлану түрлері және қоғаммен байланыс үлгілері әлі күнге қалыптасу және даму деңгейінде.
Ал біздің мемлекетіміздегі парламентаризм тарихына көз жүгіртсек, өкiлдi билiктің нышаны Көне Түрiк қағанатынан бастап кейiнгi қазақ хандықтарында да болған. Ол кезде мемлекеттік саяси мәселелер алқалы жиын – құрылтай шақырылуы арқылы шешіліп отырған.
Кеңес одағы кезінде 1920-1937 жылдар арасында Қазақ Орталық Атқару Комитеті, ал 1938 жылдан Жоғарғы Кеңес – бір палаталық жоғарғы заң шығарушы және өкiлдi органы болды. Бұл орган 1937 жылғы және 1978 Қазақ КСР Конституцияларының негізінде қызмет еткен еді. Бар билік Коммунистік партияның қолында болғандықтан Жоғарғы Кеңес заң шығарушылық және өкілдік функцияларын еркін орындай алған жоқ. Оның тағы бір себебі, Жоғарғы Кеңес тұрақты орган ретінде жұмыс істемеді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы қолданыстағы заңдарға тиісті өзгерістерді енгізіп, Жоғарғы Кеңестің бекітуіне ұсынатын. Жоғарғы Кеңес бірнеше күн ғана өтетін сессияларында заң жобаларын үстірт қарап, бекітіп тұрды.
Қазақстан егемендік алғаннан кейін де заң шығарушы және ең жоғарғы өкiлдi орган ретінде Жоғарғы Кеңес жұмыс атқарып келді. Бұрынғы қоғамдық құрылыстан қалған бұл орган егемен елдің жаңа саясатына лайықты болмағандықтан 1993 жылғы желтоқсанда өзін өзі таратып жіберді.
Кеңес одағынан кейінгі бірінші рет 1993 жылғы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясы негізінде сайланған Жоғарғы Кеңес ең бірінші тұрақты заң шығарушы әрі өкілді орган болды және көппартиялық негізде құрылды. Сөйтіп, егемен елдің алғашқы Конституциясы партиялардың билікке қолжетімділігі мен саяси мүмкіндіктеріне жол ашты. Алайда, бұл Конституцияда көптеген қайшылықтар кездесіп, мемлекеттік құрылым, қоғамдық, саяси жүйенің негізгі принциптері нақты анықталмаған кез еді. Конституцияға сәйкес Жоғарғы Кеңестің бұрынғыша өкілеттілігі кең болды. Бұл жағдай билікті бөлу қағидатына және құқықтық мемлекеттің басты белгісі – тежемелік және тепе-теңдік принципіне қайшы келді. Бұның соңы Жоғарғы Кеңестің жұмысын тоқтатуына әкеліп соқты. Ал алғашқы Конституцияның кемшіліктері мемлекеттік құрылымның нақтылануын талап етті.
Жаңа Конституцияның жобасы Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен арнайы құрыған кеңеспен әзірленді. Арнайы кеңестің жұмысына өз еліміздің және шетелдердің ғалымдары мен сарапшылары тартылып, көптеген мемлекеттердің конституциялары зерделенді. Сонымен қатар, Конституция жобасы қоғамда кең талқыланып, азаматтардың мыңдаған ұсыныстары есепке алынды.
1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция елдегі қоғамдық-саяси құрылысты түбегейлі өзгертті. Жаңа Конституция Азия елдеріне тән қасиеттерді есепке ала отырып, еуропалық дәстүрлерді, батыс демократиясының үлгісін де біріктірді. Ата Заң ел тарихында мемлекеттік басқаруда жоғарғы өкілетті органын белгілеу үшін «парламент» ұғымын алғаш рет қолданды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заң күші бар Жарлық қабылданып, 1995 жылдың соңында Парламент депутаттарын сайлау өткізілді. Осылайша биліктің үш тармағының, соның ішінде Парламенттің заң шығарушы және ең жоғарғы өкiлдi орган ретінде жаңа қоғамдық-саяси құрылыста жұмыс істеуіне негіз қаланды. Парламенттің басты мақсаты саяси күрес емес, елдегі экономикалық және саяси реформаларды іске асыруға қажетті заңдарды қабылдауды алға қойып, демократияның ажырамас бөлігі ретінде мемлекеттік билiктiң басқа тармақтарымен үйлесімді қызмет етуінде болды.
Парламенттің екі палаталы моделін құру қажеттігі заңдардың сапалы қабылдануын көздейді. Екі палатаның қарауынан өткен заң жобалары қайтсе де тереңірек саралаудан өтетіні анық. Сонымен қатар, Парламенттің кәсібилігі де оның ерекшелігіне жатады. Заң жобаларының Парламенттің салалық комитеттерінде қаралуы, әр саланың білікті мамандарының сараптауынан өтуі де тиімді тәртіп болып саналады. Палаталардың арасындағы келісім процедураларын заңдардың сапасына септігін тигізетін сатылардың бірі деп көрсетуге болады.
Осылайша, бүгінгі күні Конституциямызбен белгіленген тәртіпте қабылданып отырған Қазақстан Республикасы заңдары халықаралық үлгілерге сәйкес келеді деуге болады.
1998 жылғы 7 қазанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Өзгерістер мен толықтырулар қос палата қызметінің мерзімі, депутаттарының сайлануына, Үкімет мүшелеріне құзыреті шегінде анағұрлым кең дербестік беру, әкімдерді сайлау тәртібін бекіту мәселелеріне қатысты болды.
Осылайша 1999 жылы Орталық Азияда алғашқы рет Қазақстан Мәжілісіне саяси партиялардың құрылу процесін тездеткен және жандандырған пропорционалды өкілеттік негізінде партиялық тізім бойынша сайлау өткізіліп, 10 депутат сайланды.
2007 жылғы 21 мамырда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен Конституцияға жаңа маңызды өзгерістер енгізілді. Бұл конституциялық реформа кезінде негізгі мемлекеттік құрылым нұсқасы өзгермеді, бірақ көптеген түбегейлі өзгерістер енгізілді. Соның ішінде билік қарым-қатынасы жүйесін өзгертуге, Парламенттің рөлі мен ықпалының күшейтілуіне, құзыретінің біршама кеңейтілуіне, басқаруды президенттік нысанынан президенттік-парламенттік жүйеге қадам жасауына мүмкіндік берді, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жүйесін жетілдіруге, сот-құқықтық реформасын жалғастыруға және сот төрелігінің тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған тұстарын атап өту керек.
Аталып өткен конституциялық түзетулерге сәйкес 2007 жылдың 18 тамызында Мәжіліс депутаттарын ең алғаш рет сайлау партиялық тізім бойынша және пропорционалдық сайлау жүйесі бойынша өтті. Парламент конституциялық құзыреті шегінде Үкімет пен Президентке ықпал ете алады. Соның ішінде Президенттің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту немесе бекітпей тастау, Президентке оның бастамасы бойынша сәйкес дауыс беру бойынша бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беру, соғыс және бітім мәселелерін шешу, Конституциялық Кеңестің елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдау сияқты өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Бұдан басқа Парламент алдында Үкімет бюджет жүйесі жөнінде жауапты. Парламент атқарушы билікті құруға Премьер-Министрді тағайындауға келісім беру арқылы қатысады. Бұл жерде тежемелік және тепе-теңдік принципінің сақталуы көрініс алған. Саяси тұрғыда Парламенттің негізгі функциялары заң шығарушы және өкілетті, парламенттік бақылау және мемлекеттік жоғары органдарының лауазымды тұлғаларын кадрлық мәселесін шешу болып табылады. Тиісті лауазымды тұлғаларды қызметке тағайындау палатаның отырысында жүзеге асырылады. Оған дейін лауазымды тұлғалардың кандидатуралары туралы мәселе палата бюросының шешімімен белгіленген палатаның тиісті тұрақты комитетінің отырысында талқыланады. Нәтижесінде комитет әрбір талқыланған кандидатура бойынша палата отырысында жария етілетін қорытынды шығарады.
Конституцияға сүйенсек, заң шығару бастамасы құқығы республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады. Парламенттің заң шығарушылық функциясы аса маңызды және ауқымды функцияларының бірі. Конституцияда көрсетілген депутаттардың өз қалауынша заң жобаларын ұсына алу құқығы заң шығарушылық бастамасын қамтамасыз етуде маңызды болып табылады. Депутаттар сайлаушылармен тығыз байланыста, нақты бір жағдайларға хабардар, соңдықтан жаңа заң жобасын енгізіп немесе келіп түскен заң жобасына өзінің ұсыныстарын бере отырып, қоғамның әр алуан тобының мүдделерін мемлекет мүддесімен байланыстыра отырып, қажетті заңның қабылдануына кепіл бола алады.
Өкілді қызметін орындауда парламентті ешқандай басқа конституциялық институттармен салыстыруға болмайды. Парламент депутаттары бір жағынан өз сайлаушыларының – жалпы халықтың өкілі және оның мүдделерін қорғаушы және оған қызмет етуші тұлғалар болып табылса, екінші жағынан партия мүдделерін жүзеге асырушы және қоғам айнасы болып табылады. Бұл тұрғыда «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заңымен белгіленген мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларына депутаттық сұрау салу құқығының ерекше мәні бар. Халықтың өкілі ретінде депутаттар тиісті атқарушы органның немесе лауазымды тұлғаның құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiнде түсiнiктеме беруiн немесе өз көзқарасын баяндауын ресми талап ете алады. Өздерiне сұрау салынған лауазымды тұлғалар Парламент сессиясында ол жөнiнде ауызша немесе жазбаша жауап қайтаруға мiндеттi. Бұл да демократиялық мемлекеттің, яғни халықтың өз өкілдері арқылы билікке қол жетімдігінің көрінісі.
Парламенттің өкілді қызметін атқаруда оның жанынан құрылған «Нұр Отан» ХДП-ның фракциясының рөлін атап өту керек. Фракция мүшелері көптеген іс-шараларға, оның ішінде фракция жұмысына қатысты отырыстар, әзірленіп және қаралып жатқан заң жобаларына қатысты талқылаулар, әлеуметтік, ақпараттық-насихаттау және азаматтарды қабылдау шараларына белсенді қатысады. Биылғы жылдың өзінде фракция мүшелері 897 елді-мекендерге барып, азаматтармен 1824 кездесу жүргізіп, 3383 өтініш қаралған.
Сонымен қатар, мемлекеттің халықаралық қатынастарында парламентаралық жұмысының маңыздылығын да атап өткен жөн. Қазақстан Парламенті екіжақты және көпжақты бағыттар бойынша белсенді парламентаралық жұмыс атқарып келеді. Көптеген елдердің парламенттері Қазақстан Парламентімен қарым-қатынас жасауға ниет білдіреді. Мәжілісте басқа елдердің парламенттерімен қарым-қатынас жасау бойынша парламентаралық топтар құрылған. Сонымен қатар Парламент парламентаралық ұйымдарға да қатысады. Соның ішінде, ТМД қатысушы-мемлекеттері Парламентаралық Ассамблеясы, ЕурАзЭҚ-тың, ҰҚШҰ-ның, НАТО-ның, ЕҚЫҰ-ның, Еуропалық кеңестің және тағы басқа ұйымдардың парламенттік ассамблеяларының мүшесі. Бұл шаралар әртүрлі елдердің арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, парламентаралық қарым-қатынастың тиімділігін арттырып, әр елдің ұлттық заңнамасын жақындастыруға және үндестіруге ықпалын тигізеді.
Жалпы төртінші сайланған, яғни қазір жұмыс істеп жатқан Парламент соңғы төрт сессия кезінің өзінде-ақ 441 заң қабылдаған, оның 1-і Конституцияға, 8-і Конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, 41-і негізгі заң, 165-і заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, 222-і заң ратификациялау бойынша қабылданған және 4 заңның күші жойылған.
Алайда, Парламент жұмысының тиімділігінің көрінісі қабылданған заңдардың санында емес, сапасында. Әлемдік экономика мен саясатта болып жатқан іргелі өзгерістер, жаһандану процестері, сондай-ақ елдің ішкі даму серпіні ұлттық заңнаманың одан әрі жетілдіру қажеттілігін талап етеді. Сондықтан, осы күнге дейін Парламент іргесінде қалыптасқан тәжірибені пайдалана отырып, кемшіліктерге жол бермей, заңдардың сапасын одан әрі көтеру керек.
Мемлекетімізде заңдылықтың орнығуы, адам құқықтары мен мүдделерінің жүзеге асырылуына жағдай жасалуы, халықтың әл-ауқатының жақсаруына негіз болады. Ал, аталған мақсатқа қол жеткізуге мемлекеттің дамуына бағыт беруші – Конституцияның нормалары мен принциптерінің бұлжытпай орындалуы мүмкіндік береді.
Рамазан СӘРПЕКОВ, Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясы төралқасының мүшесі.