Аймақтар • 09 Мамыр, 2017

Атыраудағы ерлік мерекесі

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ерлік мерекесіне арналған шаралар Атырауда 6 мамырда басталды.

Атыраудағы ерлік мерекесі

ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығының құрметіне марафон ұйымдастырылды. Оған екі мыңнан астам желаяқ қатысты.

«Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған мұндай шара енді жыл сайын өткізіледі» - дейді қала әкімі Серік Шәпкенов.

10 км, 21 км қашықтыққа жүгіріп, оза шапқандар арнайы марапаттарға ие болды. Ал 7 мамырда мұнайлы аймақ тұрғындары Исатай-Махамбет атындағы орталық алаңға жиналып, Астанадағы әскери парадты тікелей көрсетілім арқылы тамашалады. «Мен қазақтың сарбазымын» атты Атырау гарнизоны бөлімдері әскери қызметкерлерінің концерті де осы күнге орайластырылды. 8 мамырда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандарға және 1921 жылы Гурьев қаласында Кеңес Үкіметін орнату жолында күресіп қаза тапқандарға арналған ескерткішке гүл қою рәсімі болды. «Қаһарман ұлт – мәңгілік полк» жалпыреспубликалық акциясына атыраулық майдангерлердің ұрпақтары үн қосты. Әскери оркестрдің әуенімен соғысқа қатысқан туыстарының суреттерін алып жүрген 700-ден астам қала тұрғыны Жеңіс саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен салтанатты шара өтіп, бейбіт күнді бейнелейтін ақ көгершіндер көкке ұшырылды.

Жеңіс күні мерекесінде соғыста қаза тапқан жерлес жауынгерлерге арналған мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, мерекелік лебіз жолдады. Отты жылдарда Атырау облысынан қан майданға аттанған 42 509 жауынгердің 29 222-сі ғана туған жерге аман оралды. Қазір соның 42-сі ортамызда. Жеңістің 72-нші жылын қарсылаған соғыс ардагері Әлібек Түсіпәлиев: «Ел болашағы үшін жандарын қиған боздақтардың еңбектері ақталды. Ұрпағымыз тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүріп жатыр. Осы тыныштық мәңгілік болсын» - дейді.

Соңғы жаңалықтар