Барша мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айы биыл да береке-бірлігімізге кеңінен жол ашып, мейірімнің, шапағаттың шуағын төгіп отыр. Оны бүгін назарларыңызға ұсынып отырған оқырман хаттарынан да айқын байқауға болады.
Өте өзекті мәселе
Барша жұртшылықтың құрметіне бөленген, жылдан-жылға таралымы артып келе жатқан «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Бас мүфтидің министрліктер мен сала жетекшілеріне, облыс, қала, аудан басшыларына, кәсіпкерлер мен ел халқына қасиетті Рамазан айына байланысты жолдаған үндеуін толығымен қолдаймын.
Бұл үндеу, меніңше, барлық қазақстандықтардың көңілінен шықты деп ойлаймын. Үндеуде өзекті мәселелер орынды көтерілген. Ораза кезінде азық-түліктердің бағасын кәсіпкер жігіттер төмендетіп, оларға жеңілдіктер жасауы – үлкен қамқорлық.
Сайран БҰҚАНОВ , «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері.
Қостанай облысы.
Бәрімізге ой салды
Қасиетті Рамазан айы мұсылмандар үшін ең қасиетті де қадірлі, берекелі де ырысты ай. Бұл айда тағдырымызға жақсылық беретін Қадір түні бар. Әрі барша мұсылман ораза тұтып, Алла алдында ниеті сыналады. Сондықтан баршамызға Алла тағала тауфиқ-һидаят беріп, иманымызды берік, ниетімізді қабыл етсін. Халықтың күнкөрісіне жеңілдік пен көмек, еліне Алладан ризық-несібе сұралған үндеу барша мұсылмандарға ой салғаны анық.
Енді өзіме келсем, бір адам қолымнан намаз кітабын сатып алып, сәждеге маңдайын тигізсе, мүмкін бұл біреулерге жай нәрсе боп көрінер, ал мен үшін ол зор бақыт! Сондықтан азды-көпті болсын, Бас мүфтидің: «Бұл үндеу барша адамзат баласына мол ризық беруші Алла тағаланың разылығына біздің жұртымыз мұнан әрі қарай да бөленіп, сауабына ие бола берсе деген ізгі мақсаттан туып отыр», деп айтқанындай, Алланың разылығына бөлену үшін осы Рамазан айында бар жақсылық ниетімізді төгейікші, ағайын!
Сақыш Қабдоллақызы, жеке кәсіпкер.
Өскемен.
Игі істің сауабы мол
Қызылжар өңірінде ораза күндері дүкендерде арақ-шараптың сатылмауына, азық-түлік, тағам өнімдерінің, коммуналдық қызметтердің арзандауына қандастарымыз өз үлестерін қосуда. Мысалы Тайынша ауданына қарасты Теңдік ауылындағы серіктестіктің жетекшісі Орынбай қажы дүкендерге ішімдік атаулыны әкелуге тыйым салып, күнделікті тұтынатын тағамдар мен тауарлар бағаларының қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Облыс орталығындағы «Қызылжар» орталық мешітіндегі асханадан жайшылықта адамдар арылмайтын. Ораза айында ауыз аштырушылар қатарының тіпті көбейіп кететіні белгілі. Осы жағын ескеріп, асхана бағасы 15 пайызға арзандатылды. Аудандағы мешіттерде де қызмет көрсету бағасы едәуір төмендеді.
Ал біз болсақ, сауапты істер жасауға шақыратын үндеудің мән-маңызын жүрген жерлерімізде кеңінен түсіндіріп, айта жүруді бір парызымыз санаймыз.
Қасымхан қажы АБДОЛЛАҰЛЫ,
Солтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы.
Ниет болса, бітпейтін іс жоқ
Бас мүфтидің үндеуінде айтылған жәйттер «Сарайшық» халал мейрамханасында бүгінде анық жүзеге асуда. Ол қаладағы жалғыз халал тамақ ішетін орын десек те болады. Тұрғындарға мұсылмандық шариғат талаптарына сай қызмет көрсетіп келе жатқан мейрамхана өз беделін күн өткен сайын көтеріп келе жатыр. Жыл сайынғы Рамазан айында ауызашар беру, басқа да сауапты істерді үзбей жасайтын «Сарайшық» мейрамханасының басшысы Ерлан Алдаспаев биылғы мүбәрак Рамазан айында мәзірдің бағасын 15-20 пайызға арзандатқан.
– Біз қаладағы жалғыз халал мейрамхана болғандықтан Әбсаттар қажы Дербісәлінің үндеуіне үн қосуды жөн деп таптық. Бір ай бойына атыраулықтарға жеңілдікпен қызмет етпекпіз. Мұнымен қатар Рамазан айының бір күнінде ауыз бекіткен жамағатқа тегін ауызашар ұйымдастыруды да жоспарлап отырмыз, – дейді мейрамхана әкімшісі Лаура Бегежанова.
Иә, «Сарайшық» халал мейрамханасының игі ісін өзгелер де жалғастырса құба-құп. Ал мүфтидің қасиетті айда арақ-шараптан, шариғатымыз тыйым салған басқа да харам іс-әрекеттерден аулақ болуға шақырған тілегін қолдаушылар тіптен көбейіп тұр.
Әлпеш САДЫҚ.
Халыққа пайдалы іс деген осы
Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің барша қазақстандықтарға арнаған үндеуін жылы жүрекпен қабыл алдық. Ондағы мүбәрак айдың құрметіне азық-түлік бағасы арзандатылса, қазақ елі арақ-шараптан өзін аулақ ұстаса деген тілегі кім-кімнің де көңілінен шыққанына сенімдімін. Айтайын дегенім, біз үндеуді қабыл алып, онда айтылғандарды орындауға кірісіп те кеттік. Мәселен, өзім басшылық жасайтын «Ақ желкен» шығармашылық орталығы бүгінде халыққа 10 пайыз жеңілдікпен қызмет етудеміз. Болашақта да халыққа пайдалы осындай ұсыныстарды қолдай бермекшіміз.
Қасиетті айда барша қазақ жұртына бірлік-береке, тату тірлік тілеймін. Елдің, жердің амандығы мен тыныштығы – баршамыздың амандығымыз бен бүтіндігіміздің кепілі. Жаратқан Иеміз ұстаған оразамызды қабыл етсін!
Нұрберген ДӘУЛЕТОВ, жеке кәсіпкер, «Ақ желкен» шығармашылық орталығының директоры.
Атырау облысы.