Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қазметі
Ауа райын болжау қазіргі заманғы Weather Research and Forecasting (WRF) моделі арқылы жүзеге асады. Есептеулер ҚазҰУ-дың Farabi Supercomputer Center орталығында жүргізіледі. Бұл – Орталық Азиядағы ең қуатты есептеу кешендерінің бірі.
WRF моделі 2 шақырымдық кеңістіктік бөлшектеу дәлдігін қамтамасыз етеді. Яғни әрбір болжам 2 шақырым аумаққа дейінгі нақты деректерге сүйеніп жасалады. Мұндай мүмкіндік әсіресе күрделі рельефі бар өңірлер үшін аса маңызды.
Министрлік қолдаған жоба
Жоба Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Суперкомпьютер іске қосылғаннан кейін «Қазгидромет» пен ҚазҰУ арасында жүйелі ынтымақтастық орнатылды.
Farabi Supercomputer Center директоры Әмірхан Темірбаевтың айтуынша, бұл – бірнеше айға созылған күнделікті еңбектің нәтижесі. Орталық мамандары есептеу түйіндерін баптап, сервер конфигурациясын оңтайландырып, модельді автоматты режимде іске қосу тетігін жолға қойған. Ал «Қазгидромет» мамандары WRF моделін жергілікті жағдайға бейімдеп, параметрлерін калибрлеп, болжам сапасын тексеріп, деректерді талдады.
WRF моделі енді күн сайын автоматты түрде іске қосылып, Қазақстан аумағы бойынша жоғары дәлдіктегі болжам ұсынады.
Болжамдар нақтылана түспек: «Қазгидромет» суперкомпьютерді пайдалана бастады
Қауіпті құбылыстарға ерте ескерту
Жаңа жүйе әсіресе Алматы қаласы мен елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда қауіпті табиғи құбылыстарды болжау сапасын арттырады. Бұл – сел, нөсер, қатты жел секілді тосын құбылыстардың алдын алу тұрғысында маңызды құрал.
Мамандардың айтуынша, атмосфералық үдерістерді дәл есептеу үшін миллиондаған операция қажет. Мұндай көлемді есептеуді қарапайым сервер атқара алмайды. Сондықтан суперкомпьютер – тек ғылыми жоба емес, ұлттық деңгейдегі стратегиялық инфрақұрылым.
Алдағы уақытта бұл есептеу қуаттары ауа райынан бөлек, су тасқыны, лай көшкіні, климат өзгерісі, ауа сапасы және қалалардың сандық модельдерін жасауға пайдаланылмақ.
Жуырда «Қазгидрометтің» ресми сайтында «Сандық ауа райы болжамы» атты жаңа бөлім ашылады. Онда пайдаланушылар модель нәтижелерімен және Қазақстан аумағы бойынша жасалған болжам карталарымен таныса алады.
Сөйтіп, жоғары технология мен ғылым жетістігін ұштастырған бұл бастама елдің гидрометеорологиялық қауіпсіздігін нығайтып, ерте ескерту жүйесін жаңа деңгейге жоғарылатады.
Синоптиктер бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жариялады