Белгілі математик бірнеше апта, айлар бойы шығарылатын аса күрделі алгебралық есептерді суперкомпьютер көмегімен қысқа уақытта шешуге болатынын жеткізді. «Төрткен» және «Төртқара» алгебрасының авторы бұған дейін «Төртқараның» 8-дәрежесіне дейінгі сырын ашып, дәлелдесе, ендігі кезекте суперкомпьютер көмегімен 9-дережесін шешуге кіріскен. Оның айтуынша, алып құрылғы оны есептеп шықса, үлкен жаңалық болғалы тұр. Осы орайда академикке суперкомпьютерге арнайы бағдарлама жазуда Назарбаев университетінде оқитын ұлы Сағынның көмегі көп тиіп жатыр.
«Президент елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы цифрландыруда маңызға ие екенін айтты. Сондай-ақ осы бағыттағы технологияларды дамытуға зор мән беріп отыр. Суперкомпьютерді тиімді пайдалану үшін алгоритмді дұрыс құра білу қажет. Әлемдегі ең көне математикалық зерттеу орталығы саналатын Миттаг-Лефлер институтында жұмыс істеген жылы компьютерге есептеу бағдарламаларын берсек, оның нәтижесін келесі күні алатын едік. Себебі күрделі есептерді шешу үшін қуатты компьютер қажет. Осы институтта бір жыл отырып есептің бір бөлігін ғана есептеген болсам, өз компьютерімде бір аптада есептеймін. Ал суперкомпьютер 3 сағатта шығарып бере алады. Бұл орасан зор күш. Әзірге есеп шығарудың алғашқы сатысын бастадық. Егер суперкомпьютерлер әлеуетін тиімді пайдаланып, төл тілімізді ғылым мен технологияға бейімдейміз десек, нақтылық, дәлдікке басты мән беруге тиспіз», дейді академик.
Қазіргі кезде «Farabi Supercomputer» орталығының мамандары арнайы серверлермен жұмыс істеп, академикке қолдау көрсетіп жатыр. «Farabi Supercomputer Center» орталығының директоры Әмірхан Темірбаевтың айтуынша, ҚазҰУ суперкомпьютері академиялық бағытта іске қосылған алғашқы жоғары өнімді есептеу кешені және мұндай деңгейдегі жүйе Орталық Азиядағы ең қуатты есептеу құрылғы. Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан қазақ тіліне арналған үлкен тілдік моделін (LLM) әзірлеуде осы суперкомпьютердің қуаты мен мүмкіншілігі пайдаланылған болса, Алматы қаласының «Smart City» жобасының бейнемониторинг жүйесі мен ситуациялық орталығының деректерін жинаудағы әлеуеті жоғары. Суперкомпьютер еліміз ғалымдарына ауқымды деректермен жұмыс істеуге, күрделі есептер мен үрдістерді оңтайландырып, мамандар зерттеулерін жеделдете отырып, мемлекеттік органдар жұмысын модельдеуге көмектеседі.
Суперкомпьютердің өнімділігі – 2000 терафлопс. Архитектурасы «Intel» және «NVIDIA» компаниялары процессорларынан құралған. Қуаты заманауи дербес компьютерден 10 мың есе артық. Жады – 6 петабайт. Бұл жүйе күрделі математикалық модельдер мен көпөлшемді есептеулерді жоғары дәлдікпен орындауға, климаттық модельдеу, машиналық оқытудың озық алгоритмдерін әзірлеу, деректерді терең талдауда, «Big Data» және жасанды интеллект салаларында ғылыми және қолданбалы жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Академиялық кластер ғалымдардың ғылыми ізденістерін нақты технологиялық нәтижеге айналдыру бағытында жұмыс істеп, ғылым мен технологияны тоғыстырып, теорияны нақты нәтижеге айналдыратын тиімді құралға айналып отыр.
АЛМАТЫ