Мен Нұрымбетов Полатбай Өзбекстан Республикасының азаматымын, ұлтым қарақалпақ, Нүкіс қаласында дүниеге келгенмін. Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласына 2003 жылдан бастап 3 ай мерзімге алынған виза арқылы келіп-кетіп құрылыстарда жұмыс істедім. 2005 жылы Ақтау қаласының тұрғыны, Қазақстан азаматшасы Қалтаева Қаракөзге үйлендім. Виза мерзімін ұзартып, пәтер жалдап тұрып жаттық. 2006 жылы наурызда Нұрымбет Айшабибі, 2007 жылы желтоқсан айында Нұрымбет Асылзада деген балаларымыз дүниеге келді. Қалтаева Қаракөзбен заңды некеге тұрғаныма 6 жыл.
2008 жылы Қазақстан Республикасынан заңсыз жұмыс істейтін мигранттарды шығару үшін рейдтер басталды. Отбасымда екі балам, жұмыссыз әйелім болғандықтан жасырын жұмыс істеп жүрдім. Үнемі пәтер жалдап, тамақ табу үшін ақша табуым керек болды. Бірақ жалғандық жарға жықты. Ұсталып қалдым. Екі ай уақытша қамауда жаттым. Ісім прокуратураға берілді. Отбасым, екі балам, тағы да аяғы ауыр әйелім бар екендігін айтып заң орындарына қанша шағымданғаныммен өтінішім аяқсыз қалып, 2009 жылдың мамыр айында төлқұжатыма «Қазақстан Республикасы шекарасынан шығарылды» деген сот шешімі басылды.
Мен сот шешімін орындай алмадым, бұл үшін өзімді өте ауыр айыптымын деп мойындаймын. Бұған себеп – Өзбекстан Республикасына қайтып барғанда менің барар жер, басар тауым жоқ еді, яғни ол жақта ешкімім қалмады. Қартайған ата-анам 2008 жылы қыркүйек, қазан айларында бірінен соң бірі қайтыс болды. Оның үстіне мұнда екі балам және аяғы ауыр әйелім бар еді. Менің отбасымның сол кездері көрген қиындықтарынан 2009 жылы қыркүйек айында әйелім өлі сәби босанды.
Бір азаматтардың көмегімен 2009 жылы Ақтау қаласындағы шағын автотұрақтың күзетшісі болып орналасып, күзетшіге арналған 1 бөлмелі үйге отбасыммен тұрақтандым. Автотұрақтың жиналған ақшасын ай сайын қожайынға тапсырамын, түнделетіп үй жөндеу жұмыстарына жалданамын. Тапқан болмашы тиын-тебенмен балаларымды асырадым. Міне, осындай ит тірлікпен осы күнге де келіп жеттік. Үлкен балам Айшабибі жақында мектеп табалдырығын аттағалы отыр. 2010 жылы қыркүйекте үшінші балам Нұрымбет Гүлбану дүниеге келді. Қыста суық, жазда ыстық, өмір сүруге қолайсыз автотұрақта 3 баламмен лекерлеп өмір кешудемін.
Қолымнан бәрі келеді, адамша тірлік етіп, жұмыс істесем деймін. Бәріне кедергі болып отырған себеп елден шығарылу жөніндегі шешім.
Мен Қазақстан заңнамаларын бұзғаным үшін кінәлімін, бұл үшін тиісті жаза өтеуге әзірмін. Бірақ мен бұған мәжбүрліліктен бардым, өйткені бауыр етім – балаларымды тастап кете алмадым. Маған осы газетке жазған хатымды оқыған тиісті құқық қорғау органдарының азаматтары қол ұшын беріп, Қазақстан Республикасы азаматтығын алуға ықпал етуге көмектессе екен деймін. Отбасы иесі, әке ретінде Қазақстанның 3 бірдей азаматын тәрбиелеп, жеткізгім келеді. Қазақстан Республикасының гүлденуі үшін күш-қабілетімді арнасам деймін. Менің бұл өтінішім мен секілді шарасыз күйде жүрген көптеген азаматқа шапағатын тигізеді деген үміттемін. Тағы да ұсталып, қамауға алынам ба деген үрейден осы күнге дейін бұл арызды жазуға дәрменім жетпеді.
Әлемге танымал Қазақ елі Тәуелсіздігінің 20 жылдық тойы қарсаңында осы басылым арқылы мұңыма құлақ асады деген үмітпен қолыма қалам алдым...
Полатбай НҰРЫМБЕТОВ,
Электронды пошта – erlanskii@inbox.ru
Әйелімнің ата-анасының мекен-жайы -
Ақтау қаласы. Индекс 130000,
28 шағын аудан, 28 үй, 107 пәтер.