13 Тамыз, 2011

Дархан НҰРПЕЙІСОВ: «Мәртебенің ауысуы міндеттер ауқымын төмендете ме?»

351 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді Қазақстан Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын (АӨҚО) дамыту идеясынан бас тартпайды. Сондықтан агенттікті Ұлттық Банктің құрамында Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитеті етіп қайта ұйымдастыру оны жан-жақты және кешенді түрде іске асыруға мүмкіндік береді. Бұған АӨҚО тағдыры, жоспарлары және перспективалары жөнінде бізбен осы мәселені талқылаған ҚР ҰБ Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитетінің төрағасы Дархан НҰРПЕЙІСОВ сенімді. Мүмкіндіктер кеңейіп отыр – Дархан Қадырбайұлы, сұрағым ерекше болып көрінбес, дегенмен де: агенттіктің атын комитет етіп өзгерту – бұл формалдылық па, әлде нақты мәртебені ауыстыру ма немесе жаңа міндеттерге, өкілеттіліктерге,  функцияларға болжам жасайтын дамудың жаңа бір кезеңі ме? – Бізге бұл сұраққа үнемі жауап беру қажет болады, яғни бұл тек қана АӨҚО уәкілетті органының ғана емес, кез-келген құрылымның мәртебесі өзгерген кезде туындайтын қисынды сұрақ. Сондықтан ең басты сұраққа жауабым: Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы жұмыс істейді. Мемлекет Басшы­сының 2020 жылға қарай Азиядағы ең ірі қаржы орталықтары ондығының құрамына кіру туралы мақсаты маңыздырақ бола түсуде. Комитет міндеттерді, өкілеттіліктерді, функцияларды толық көлемде таратылған агенттіктен мұраға қабылдап алып отыр. Бірақ құрылымның Ұлттық Банкке қайта бағынуына байланысты алға қойған міндеттерді іске асырудың мүмкіндіктері кеңейе түспек. Естеріңізге сала кетейік, кезінде ҚР Алматы қала­сының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі  (бұдан әрі – Агенттік) өкілеттік­те­рінің жеткіліксіздігі мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Сондықтан қазіргі кезде АӨҚО дамыту жаңа кезеңге аяқ басып отыр деп айтуға негіз бар,  өйткені барлық функция бір уәкілетті мемлекеттік орган, еліміздің бүкіл қаржы жүйесін дамытуға жау­апты – Ұлттық Банкке жұмылдырылды. Тиісінше комитетте алды­мыз­ға қойылған міндеттерді іске асыруға мүм­кіндіктер ашылуда. Қаржы жүйесін реттеуді еліміздің орталық банкіне шоғырландыру әлем­дегі іс-тәжі­рибеге сәйкес келеді. Мысалы, мұн­дай тәжірибе Ұлы­британия, Австралия, Канада, Сингапур, Бахрейн де бар. – Комитеттің ағымдағы кезеңдегі негізгі міндеттері қандай? – Ұйымдастыру немесе қайта ұйымдастыру кезеңі қысқа болды және ол аяқталды: құрылым, команда, нормативтік база қалыптастырылды. ҚР ҰБ Директорлар кеңесінің 2011 жылғы 6 мамырдағы қаулысымен Комитет туралы ереже бекітілді. Біз қазір өзгеріп отыр­ған талаптарды ескере отырып, АӨҚО дамы­тудың жаңа тұжырымдамасын жасауды бастадық. Әрине, тұжырымдамамен жұмыс бүгінгі күні жалға­сып отыр­ғанымен, қазірдің өзінде комитет қызметінің үш принципті бағыты анықталып отыр: мемлекеттік қыз­мет көрсету; ел халқының инвестициялық мәде­ние­тін және қаржылық сауаттылығын көтеру; ислам­дық қар­жы­ландыруды дамыту. Яғни комитет – бұл мәселе­лерде Агенттік міндеттерін құқықтық жағынан жүз пайыз мұрагер ретінде қабылдап алып отыр. Алда әдіснамалық тәсілдер өзгертілуі, түзетілуі   мүмкін. Бірінші бағыт бойынша  функцияларды нақтылай­тын болсақ, онда біздің қызметіміз АӨҚО қатысушы­ларымен – бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысу­шы­лармен жұмыс жасауға бағытталған. Комитет заң­намада белгіленген тәртіппен заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді, қайта тіркеуді жүзеге асырады, тиісті куәліктер, сондай-ақ салық төлеуші куәліктерін береді. Тіркеу туралы шешім және сол тіркеудің өзі 1 күн ішінде өтеді. Яғни біз осы құжаттарды бере отырып, «бір терезе» қағидаты бойынша іс-қимыл жасаймыз, бұның өзі АӨҚО қатысушылары үшін өте тиімді. Бүгінгі күні олардың саны 34 компанияны құрайты­нын атап өткім келеді. Комитет сондай-ақ АӨҚО қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан аумағына келген шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға визалар беру жөніндегі өтініштерді ресімдейді. Қазіргі кезде АӨҚО қатысушылары болып АҚШ, Ұлыбрита­ния, Оңтүстік Корея, Болгария, Ресей, Украина, Өзбек­станнан бағалы қағаздар нарығы саласы бойынша 15 шетелдік маман тартылып отыр. Шетелдік компаниялар үшін құжаттарды ағылшын тілінде ұсыну көзделген. Комитет сондай-ақ оларға кеңестер береді, ақпараттық, құқықтық көмектер көрсетеді. Комитеттің маңызды функциясы – АӨҚО қаты­сушыларының елдің еңбек заңнамасын сақтауына мем­лекеттік бақылау жасау. ҚР Бас  прокуратурасы­мен келісілген тексеру кестесіне сәйкес уәкілетті лауазым­ды тұлғалар 2010 жылдың екінші жартыжыл­дығында және ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында АӨҚО қатысушы 13 компанияда тексеру жүргізді. Тексеру қо­рытындысы бойынша еңбек заңнамасын бұзу­шылық­тарды жою туралы 11 ұйғарым шыға­рылды. Анықтал­ған құқық бұзушылықтар тәуекел дә­режесі орташа және елеусіздер қатарына жатқызылды. Комитеттің функциясына  АӨҚО қатысушылары еңбек заңнама­сының нормаларын бұзған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы  істерді қарау кіреді. Қаржылық сауаттылық  сабақтары тоқтатылмайды: жаппай оқытатын боламыз – Комитет халықтың қаржылық сауаттылы­ғын арттыру жөніндегі бағдарламалар бойынша Агенттік­тің барлық жобаларын жалғастыруда ма? – Бұл қызмет толық көлемде сақталған, өйткені халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру табысты дамуының кепілі бола отырып, қаржы нарығының тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді және сол арқылы қаржылық тұрақтылық үшін алғышарттардың туындауына жол бермейді. Бұл мәселе бұрынғыдай көкейкесті: Қазақстан халқы қаржы институттары мен құралдары, оларды беру және пайдалану ережелері туралы төмен деңгейде хабардар етілген, бұл қаржы институттарына деген сенімнің төмен екендігін білдіреді. Бірақ бұрынғы барлық жобалар мен бағдар­ла­ма­лар сақталған жоқ. Ұлттық Банк ревизия жүргізіп, ең маңыздыларын сақтап қалды. Бұл бірінші кезекте қар­жыландыру мәселесіне байланысты: агенттік іске асы­ратын халықтың қаржылық сауаттылығын арт­тыру бағдарламасы мемлекеттік бюджеттен қаржы­лан­ды­рыл­ғандығы белгілі. Қазір бұл жобалар Ұлт­тық Банк­тің бюджетінен қаржыландырылатын бола­ды. Бұл ретте Ұлттық Банктің ақпараттық ресурс­та­ры шеңбе­рінде қаржылық сауаттылық негіздерін жеткізудің қосым­ша арналарын алғанымызды атап өту қажет. Оқытудың ең басты қағидаты: халықтың барлық топтары – жас баладан бастап үлкендерге дейін осы ақпаратты жеткізу. Бұл кешігу емес, эволюция – Бұл мәселеге мүмкін, көптеген адамдар көңіл аударатын болар: біз өңірлік  қаржы орталығын дамыту туралы көптеген жылдар бойы айтып келеміз, ал толық көлемде өзіміздің қор нарығы­мызды дамыта алмай отырмыз. Осы кезде басқалар алға ұмтылуда … – 3-4 жылда АӨҚО Еуропаның, Жаңа Әлемнің, Азия­ның ірі әлемдік Қаржы орталықтарымен қатар бо­лады деудің қисыны келмейді деп ойлаймын. Олар­дың үлкен даму тарихы бар, олардың бәрі кіші сауда алаңынан бастап аймақтың немесе әлемнің қаржы орталығына дейінгі жолдан өтті. Қаржы орта­лық­тарын және олардың GFCI (Global Financial Centres Index – Қаржы орталықтарының ғаламдық индексі) рейтингтеріне сәйкестігін талдау бәсекеге қабілет­ті­ліктің ағымдағы рейтингтері нақты аймақтың тарихи дамуымен өзара тығыз байланысты екенін көрсетті. Әлемде бірнеше жаһандық қаржы орталықтарын бөліп көрсетуге болады: Нью-Йорк, Лондон, Токио, Франкфурт, Париж. Қалыптасқан өңірлік деңгейдегі ірі халықаралық қаржы орталықтарына Гонконг, Сингапур, Цюрих және басқаларын жатқызуға болады. Серпінді қалыптасып жатқан өңірлік орталықтарға, атап айтқанда, Сидней, Сеул, Куала-Лумпур, Дубай, Дублин жатады. Өз кезегінде, ірі,  экономикасы қалыптасу үстіндегі елдердің Шанхай, Бомбей, Мәскеу меншікті халықаралық қаржы орталықтарын құру үшін жоғары әлеуеті бар. Кейбір елдерде дамыған халықаралық қаржы орталығының белгілері болмағанымен, ұлттық қаржы нарығын осы заманғы өңірлік қаржы орталы­ғына айналдыру үшін белсенді саясат жүргізуде. Олардың қатарына Варшава мен Алматыны жатқызуға болады. Бұл орталықтар Мәскеумен қатар бір-біріне тікелей бәсекелес болып табылады, өйткені бұрынғы социалистік мемлекеттер­дің бір аймағында капиталды тарту орталығы мәртебесіне жетуге ұмтылады. Жалпы, әрбір халықаралық және өңірлік орталық­тар­дың өзіндік табысты даму үлгісі және табысқа жету факторлары бар, олардың болуы белгілі бір даму кезеңдерінде маңызды. Бірақ жалпы, барлық табысты орталықтар қалыптасудың негізгі кезеңдерінен өтті. Бұл ретте олардың табысы мемлекеттің қолайлы ин­вес­тициялық ахуалды, бизнес-ортаны, фискальді режімді, инфрақұрылымды және басқа маңызды жағдай­ларды қалыптастыру жөніндегі мақсатқа бағытталған жұмысы арқылы қамтамасыз етілген. Егер, АӨҚО даму тарихына назар аударатын бол­сақ, оның міндеті бастапқыда болған алғышарттардан туындады. Ғаламдық алғышарттардың бірі – жалпы елдің қарқынды өсуі. Яғни тек «таза» қаржылық ортаны құру туралы ғана айтуға болмайды. Қаржы орталығының қалыптасу міндеті көп деңгейлі, кешенді. Біз оның бірнеше аспектілерін атап көрсе­те­міз: заң шығару, инфрақұрылымдық, әлеуметтік. Бү­гінгі күні алғышарттар ретінде оларды  нақты деп айтуға бола­ды. Бірақ нақтылық ретінде –  нақтылы түрде көрсе­тудің әр түрлі дәрежесі бар. Егер заң­на­малық база талап қойылатын базаға барынша жақын болса, онда инфрақұрылымдық және әлеу­мет­тік аспектілер қаржы орталығының мәртебесіне сәйкес келетін стандарттардан әлі де алыс. Қаржы орталығының қаржылық емес аспектілері – Қаржы орталығы анықтамасына сәйкес қар­жы­лық емес құрамдас бөлікке жауап бермейді. Сірә, АӨҚО-ның әзірленіп жатқан жаңа тұжы­рым­дамасын іске асыру үшін басқа құрылым­дарды тарту керек не заңнаманы өзгерту қажет. Атап айт­қанда, Алматы қаласының ерекше мәр­тебесі туралы және қаржы орталығын дамыту туралы екі заң үйлестірілуі немесе біріктірілуі керек шығар? – Сондықтан Алматының өңірлік қаржы орталығы ретінде қалыптасуы жөніндегі міндет бұған дейін болғандай қаржы нарығын дамыту және брокерлік компанияларға қызмет көрсету ғана емес, міндет одан да ауқымдырақ: бүкіл қаланың инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Осы міндетті шешуде бар­лық мемлекеттік органдарды, ең алдымен Алматы қала­сының әкімдігін үйлестіру маңызды. Әрине құ­рылымына АӨҚО дамыту жөніндегі комитет кіретін Ұлттық Банктің рөлі мен мәртебесі қысқартылған агенттікке қарағанда  едәуір жоғары. Біз сондай-ақ бұл мәселеде сындарлы көзқарас қа­жет деп санаймыз. Мұндағы шешімдердің бірі Алма­тының ерекше мәртебесі туралы заңды жетілдіру бо­лып табылады. Тұжырымдамалық мәселелерді барын­ша үйлестіру үшін не осы заңдарға түзетулер пакетін қатар қарау, не заңдарды біріктіру сияқты бірнеше нұсқа ұсынылады. Бұл тек ұсыныстар екендігін атап өту керек. Бірақ осы заңдарға өзгерістер енгізу қала­ның қаржы орталығына айналуына мүмкіндік бермейтіні түсінікті. Туризм, экономика, көлік салаларын, салық саласын реттейтін басқа да заңнамалық нормаларға өзгерістер енгізілуі, демек көптеген министрліктер мен ведомстволардың осы жұмысқа қатыс­тырылуы қажет. Бірыңғай листинг сауда алаңдарын теңестірді   – АӨҚО арнайы сауда алаңының тағдырын анықтап   алғымыз келеді.             – Есіңізге сала кетейін, бастапқыда ол эмитенттер және сауда-саттыққа басқа да қатысушылар үшін онда жеткілікті жеңілдікпен жағдайлар жасау үшін құрыл­ған болатын. Ол KASE негізгі алаңынан салық жеңілдіктерінің болуымен және басқа бірқатар артық­шылықтармен ерекшеленеді. АӨҚО даму барысында біз оларды бүкіл қор нарығына таратсақ деп шештік. Бұл мақсатта бірыңғай листинг ережелері қабыл­данған болатын. Сондықтан, бүгінде арнайы алаң заңды түрде бар болғанымен, біз еліміздің бүкіл ұйымдастырылған қаржы нарығы туралы айтып отырмыз.  Тиісінше барлық жеңілдіктер және артықшылықтар бүкіл елі­міздің қор нарығына таратылады. Мұндай жағдайда бұдан әрі арнаулы сауда-саттық алаңының қызмет ету қажеттілігі жоқ деп санаймын. – Қазақстандық қор биржасының мәртебесі: ол – АӨҚО құрылымы ма әлде еліміздің қор нарығының дербес, басты ойыншысы ма дегенді  нақтылап алғымыз келеді? – KASE не АӨҚО құрылымында, не Ұлттық Банктің құрылымында бола алмайды. Бұл – қызмет, бұрын – ҚҚА арқылы, енді – Ұлттық Банк арқылы мемлекет реттейтін жеке қаржылық институт. Кез келген заңды тұлға ретінде биржа дербес қаржы инсти­туты мәртебесін сақтайды, әрі бұл мәселеде қандай да бір өзгерістер болмайды. Бір ғана болуы мүмкін өзге­ріс реттеуші қоятын талаптардың өзгеруімен байла­нысты болуы мүмкін. Сондай-ақ Ұлттық Банктің бұрынғыша KASE құрылтайшы­ларының құрамында екенін және алтын акцияның иесі екенін есіңізге сала кетейін. Реттеушінің міндеті қаржы институттарына жағ­дай жасау, қызметінің қауіпсіздігін және бұдан әрі дамуын қамтамасыз ету болып табылатынын айта кетейін. АӨҚО-ның міндеті өңірлік орталық мәртебе­сіне сәйкес келетін бұдан жоғары талаптарды қоя отырып, қор нарығы және KASE дамуына ықпал ету. Сонымен бірге АӨҚО қызметінің биржаның дамуына қатысты қандай да бір қорытындысын жасауға болады деп пайымдаймын. Себебі KASE-нің АӨҚО пайда болған­ға дейінгі қызметінің айырмашылығы айтарлықтай. Оны қор нарығына қатысушылар да атап өтуде. Атап айтқанда, биржаның инфрақұры­лымы едәуір жақсар­ған, жаңа листинг ережелері қолданылуда. KASE мәртебесі принципті өзгерген: егер АӨҚО-ға дейін бұл баяу дамыған коммерциялық емес ұйым болса, қазіргі кезде жаңа бағыттарын белсенді дамытып отырған және екі жыл бойы табыс әкелуші коммерциялық ұйым болып отыр. Әрине, дағдарыс жылдары дефолт орын алды, бірақ KASE-ге шыққан жаңа эмитенттер – компаниялардың саны азайған жоқ. Осы компания­ларға қаражаттарын салған инвесторлардың зардап шеккені түсінікті, алайда мұның бәрі үлкен сабақ болып, қазіргі кезде  эмитенттер мен брокерлерге мүлдем өзгеше, бұдан жоғары талаптар қойылуда. Басымдықтарды айқындаймыз – Бүгінгі таңда АӨҚО дамытудың қандай да бір сандық өлшемдері бар ма?       – Әрине бізді сандық көрсеткіштер толғандырады, өйткені АӨҚО 2020 жылы Азияның 10 жетекші орталықтарының бірі болу міндеті – біз үшін басты міндет. Бірақ сандық өлшемдер белгілеу – комитеттің басымдығы не қызметі, мемлекеттік органның міндеті де емес. Қазір біз үшін бастысы – АӨҚО дамыту тұжырымдамасын айқындау болып табылады. Тұжы­рым­даманы айқындағаннан және де орталықты дамыту бойынша іс-шаралар жоспары белгіленгеннен кейін ғана біз сандық көрсеткіштерді қарастырамыз, талдаймыз әрі бағалаймыз. Эмитенттердің, брокерлер­дің, инвесторлардың сандары, көлемдері, айналым­дары туралы мәселелер тек қана Қазақстан қор биржасын дамыту мәселесіне байланысты. Эмитенттерді тарту міндеті – реттеушілердің міндеті емес. Бұл – биржаның міндеті. Бұл жерде KASE өкілеттіктері кең, әрі мүмкіндіктері зор. Мәселен, соңғы уақытта ғана халықаралық биржа ретінде бағаланып жүрген және ірі шетел ойыншыларын белсенді тарта бастаған Гонконг биржасы белсенді алдын алу қызметін атқарды: кездесулер, конференциялар өткізді, эмитенттермен әрі инвесторлармен жұмыс істеді. Оның қазіргі көрсеткіштері – осы қызметтің нәтижесі. KASE мұны жақсы түсінеді және даму әрі эмитенттерге қолайлы және қызықты болатындай жағдайлар ұсыну үшін осы бағытта қадам басуда. Біз өз тарапымыздан бұл үшін құқықтық деңгейде жағдайлар жасайтын боламыз. – АӨҚО қандай бәсекелестік артықшылыққа ставка жасайтын болады? – Біз басқа қаржы орталықтарының бәсекелестік артықшылықтарын талдадық. Мәселен, ХВҚ талда­малық зерттеуіне сәйкес Сингапурдың бәсекелестік артықшылығы тиімді географиялық жағдайы болып табылады: Азияның жылдам өсетін аймағында; ол – Солтүстік Америка мен Еуропаның қаржы нарықта­ры­ның арасындағы байланыстыратын буын. Варшавада – Еуропалық директиваларға толық сай келетін құ­қықтық режимнің болуы; биржаның баға белгілеу тізіміне енгізу бір мезгілде басқа еуропалық биржалар­дың тиісті тізіміне қосуға рұқсат беру болып табыла­ды. Мәскеуде – ыңғайлы географиялық жағдайының, көлемі жағынан ірі экономикасының және бай табиғи ресурстардың болуы. Алматы қаласының бәсекелестік артықшылық­тары – саяси еркіндіктің болуы; ел экономикасының жақсы қарқынмен дамуы; дүниежүзілік деңгейдегі қаржылық қызмет көрсетуді қажет ететін ірі компаниялар санының көптеп пайда болуы; капиталдың ауқым­ды ағындарына және халықаралық инвестиция­ларға қол жеткізу; Қазақстан экономикасына инвести­ция­лауға және осында өздерінің бизнестерін жүргі­зуге мүдделі халықаралық инвесторлардың болуы. АӨҚО GFCI индексіне қосылмаса да, біз осы индекстің критерийлерін біздің көрсеткіштерімізбен салыстырып жатқанымызды атап өткім келеді. Бірқа­тар позициялар бойынша АӨҚО рейтингтің ортасын­да (атап айтқанда, салық салу деңгейі, жоғары білікті шетел мамандарын тарту талаптары, тіркеу, листинг ережелері бойынша) немесе одан жоғары позицияда тұр. Мысалы, нарықты ІЖӨ-ге қатысты капитал­дандыру бойынша. Дегенмен, халықтың саны сияқты көрсет­кіштер бойынша біз рейтинг қатысушыла­рының көбі­не жол береміз. Қаржы нарықтарын заңнамалық реттеу, білікті, әлеуметтік және бизнес-инфрақұрылым қызметкерле­рін дайындау саласындағы жетекші қаржы орта­лық­тарының жақсы тәжірибесі АӨҚО-ны одан әрі дамы­тудың бастау алар жері болуы мүмкін. Назарларыңыз­ды тағы бір жағдайға аударайын: біз өзіміздің мақсатымыз – Орталық Азияда жетекші позицияға шығу деп отырғанымыз жоқ, біз бүкіл Азия туралы айтып отырмыз. Яғни мақсат биік,  міндет ауқымды. Сондықтан біз салық салу режімін одан әрі ырықтан­дыру, қолайлы инвестициялық ахуал жасау; валюта­лық реттеудің тиімділігін арттыру бойынша жұмыс істеуді жалғастырамыз. Бізге, яғни елімізге ықтимал тәуекелдерді төмендету, қолайлы еңбек және иммиг­рациялық режимдер жасау, ыңғайлы көлік және ақпараттық инфрақұрылымдар құру, білімнің деңгей­ін және сапасын арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде жұмыс істеуге тура келеді. Және бұл стратегиялық міндет – тек қаржы ведомствола­рының ғана емес, барлық мемлекеттік министрліктер мен ведомстволардың міндеті. – Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңызға та­быс тілейміз. Әңгімелескен Алевтина ДОНСКИХ.