13 Тамыз, 2011

Қате қадам

601 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Мен зейнеткермін. «Егемен Қазақстанды» жаздырып алатын едім. Еліміздің бас газеті ғой, елде болып жатқан жақсылық істерді бағдарлап, бақылап отыратын мемлекеттік басылымнан елдің бағыт-бағдарын көріп, естіп оты­райын дегендей мақсатпен жазылып едім. Бір жәйт менің қолыма қалам алдырды. Газеттің 2011 жыл­ғы 24 мамырдағы №215-216 нөмірінде «Толғандырар та­қы­рып» айдарымен «Етті ірі қара мал ел бренді бола ала ма?» деген атпен ауыл шаруашылығы ғылымдарының кан­ди­даты Болат Жүнісовпен тілші   әңгімесін оқып, сол түні ұй­ық­тай алмай, ақыры қолыма қалам алып, хат жазғанды жөн көрдім. Ғалым өз жауабында шетелден әр басын 3 мың доллардан 70 мың герефорд тұқымды сиырын «ҚазАгроҚаржы» ұлт­тық компаниясы елімізге әке­ле­тін көрінеді депті. Ол 210 млн. доллар. Сұмдық-ай! Ғалым аталық бұқа әкелуге болар десе де, жаппай сиыр әкелуге ол да келіспеген. Ғалым Қазақстан табиғатының малға қолай­лы­лы­­ғын терең талдамай, өте қыс­қа сөйлепті, бірақ «гере­форд­қа» дұрыс түсінік берген. Ал мен қарапайым қазақ шалы ретінде ақша кімдікі екеніне қарамастан, бұл күлкілі істі тоқтату керек демекпін. Бұл қазақ халқын күлкі ету. «Герефорд» – ол зауыт, фабрика, болмаса жоғары техно­ло­гиялық құрылғы немесе кү­ні­ге бәлен кило ет беретін машина да емес. Ол асыл тұқым­ды, беретін өнімі тілінде, қа­рапайым зоотехник шығарған ет бағытындағы ірі қара мал. Біріншіден, герефорд жай­ы­лым­дық мал емес. Екіншіден, Канада мен Қазақстан табиға­ты жер мен көктей. Қатал ауа райына көндікпейді. Үшінші­ден, бізде герефорд жейтін шөп өспейді. Ексең, өте қымбатқа түседі. Қазақстанға одан гөрі бүгін күнде бір жұмыртқа беретін мекиен тауық артық. Нан жеп ет беретін герефорд тұқымды сиыры босқа берсе де қажет емес. Себебі, Қазақстанда ауыл шаруашылығына жарақты 113 млн. гектар жер бар болса, оның 6 млн. гектары егіншілік, 13 млн. гектары шабындық, ал 93 млн. гектары жайылым. Міне, байлық осы жайылым. Осыншама жайылым мен  қа­зақ деген халық тұрғанда ет өн­діру елді неге дүрліктіріп, қи­найды? Айдың күні ама­нын­да осынша жайылымдық жер тұрғанда бізді соншалық мұқтаж етуші кім өзі? Менің білімін жоғары, ма­ман­дығым ғалым-зоотехник. Мен ғалым-зоотехникпін, себебі, біріншіден, селекционермін. Екіншіден, РНК, ДНК, хромо­со­маларды қажетті жеріне жұм­сай алатын генетикпін. Үшін­шіден, зоотехникпін – ол зоо-жануар, техник-инженер, дәл қазақшала­са­м жануар жасаушысымын. Міне, осы үш ғылымды меңгерген маған 1967 жылы ғалым-зо­отех­ник деген мамандық берді. Сол күннен бері менің қо­лымнан ет, жүн, сүт жасау келеді, жасадым, жасай да аламын. Нақтыласам, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Абай атын­дағы совхозда кезінде болған, қазір ізі бар, 90 мың қазақтың құйрықты Еділбай қойы өсі­ріл­ді, жекесі тағы бар. Осы қой­лар түгелдей боз жүнді. Неге екені ғалымға, ақша керек адамға түсінікті. Осыншама мал сұрыпталған тұқымға қа­жетті талаптарды толық қана­ғат­тандыратын, осы типті мал тұқымына сай ет, жүн бере ала­тын етті-құйрықты қазақы қой тұқымы болды. Бүгін зоотехния ғылымы күлкі болып отырған жоқ, «жібекті түте алмаған жүн етеді» дегендей, осы ғылымды өз қа­же­­тіне жарата алмай, ағыл­шынның «герефорд» сиырын әр басын 3 мың долларға сатып алып, мұ­хит­тардан асып ұшақпен әкеліп отырғанымыз нағыз күлкі. Бұл қатені тез түзету керек. Ол іс осы Қазақстанның  инсти­тутын бітірген зоотехниктің кез келгенінің қолынан келеді. Тек, мақсаты – айқын талап қажет. Ал әр басы 3 мың доллар тұратын бұл «герефорд» деген өзі шын мәнінде не? Ол не береді? «Герефорд» – етінен сүйегі көп, егер әрқайсысының салмағы 500 кг. болатын болса күніне 25 к.ед., егер салмағы 800 кг. болса күніне 40 к.ед., (әрбір к.ед., 1 кг. арпаға тең) сапалы құнарлы мал азығын жеп тұрғанда төрт жылда ғана өз салмағына жетер өнім беретін баяу өсетін сиыр малы. Бір бас малды бағу үшін бір жылға тек қана мал азығына 9125 кг. арпа қажет. Оның құны 231 125 тг. болмақ. Егер жерің құнарлы, еккенің сенімді өнім беретін болса ғана жей беретін-жей беретін, өнімі тілінде, өнімі сатулы сапалы ет беретін асыл тұқымды мүйізді ірі қара. Ондай жер бізде егіннен ауыспайды. Ал осы бір герефорд сиырының құнына екі бие сатып алсаң және артық ақша қалады. Ол Қазақстандағы 93 млн. гектар жайылымда өзі жайы­лып, ішетін суатын бір көр­се­тсең өзі суға құлап, екеуі келесі жылы ешбір бейнет-шығынсыз екі құлын әкеледі. Құлын етінің сапасын қазаққа суреттеудің қа­жеті болмас. Күзде әр жабағыны әрқайсысын 85-90 мың теңгеден сатып жүр. Сондай-ақ, ол сол жылы өз құнының жартысына жуығын қайырып беретін мінсең тұлпар, жесең ет, ішсең шипалы сусын беретін ата-бабамыздың аса қасиетті малы. Қазақ өсірген үш түлік малдың екі түлігі жыл­қы мен қой малдарының төлі сол жылы аналарының 45-70 пайыз салмағына жетіп, өнім ретінде пайдалануға жарайды. Саулықтан туған марқа анасының 65-70 пай­ыз салмағын, жабағы енесінің 40-55 пайыз салмағын сол жылы береді. Шаруашылық есеппен есептесем, бұл жұтпа жылқы етінің 1 килосы, бір кило нанның құны­нан екі есе арзанға түседі екен. Жыл­қы бағуды қазақ баласына үйретудің қажеті жоқ. Оның қанында бар. 1961 жылы 21 наурызда Ал­ма­тыда өткен Қазақ КСР ауыл ша­руашылығы озаттарының ке­ңе­сіндегі жасаған баяндамасында КОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы, КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Хрущев КСРО-дағы арзан қой еті Қазақ КСР-і Ақтөбе облысы Байғанин ауданы, Жамбыл атын­дағы колхозда, басқарма Аман­ғосов Сұлтан 54 мың қой өсіреді. Бір центнер қой етінің өзіндік құны 27 сом 50 тиын деді. Міне, бұл 93 млн. гектар жайылымның құдіреті бола­тын. Біз сол жыл­да­ры Алма­ты­да студент едік. Дү­кенде нан 16 тиын тұратын. Бұл қой етінің өндіру құны. Қойға ең кемі 1,5-2 айға шөп дайындалады. Ал жылқыға шөп дайын­дал­майды. Нақты дәлел осы. Менің бүкіл еңбек жолым Ақтөбе облысы, Байғанин ауда­нында өтті. Сол өңірде Түгіскен деген аймақта ауданның немесе 9 совхоздың 18-20 мың жыл­қы­сы бағылды. Төлін қоссаң, сол заманға көп жылқы болатын. Ал бүгін одан 1,5-2 есе артық өсіруге болады, себебі қой жоқ. Басқасын, тіпті ішкен-жегенін, күтімін, ұшақпен әкелу құнын есептемегенде, тек қана сол герефорд тұратын бір қора құнына 5000-5500 бас бие сатып алуға болады екен. Кеңес өкіметі кезеңіндегі ең төменгі көрсеткіш 100 биеден 80 құлын алынатын болса, сонда 4400 бас құлын, оны 85-90 мың теңгеге көбейтсең, келесі жылы осын­ша­ма ақша қайтарылады. Қа­зақ­станның табиғатына, жайы­лымға, ғасырлар бойы жердің отына, ауа-райына үйреніскен, ата-бабалардың негізгі түлегі болып қалыптасқан, бір теңгені шөп үшін жұмсамай келер жылы өзінің жарты құнын беретін қасиетті қазақтың жабы тұқымды жылқысын неге өсір­мейміз, неге көбейтпейміз? Оған оқу-ғылым қажет емес, тек адал еңбек керек. Елбасы өзінің халыққа жол­дауларында мал шаруашылығы өнімдерін жедел өндіру жөнін­де тапсырма берді. Ол үшін 150 млрд. теңге ақша бөлдірді. Өте-өте көп ақша, егер орнына жұмсаса артық та. Маған берген жауабында Ақтөбе облыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қар­масы өзі алған ақшаға не істегенін айтпапты. Неге біз өз­ге­нің кез келген ісіне көзсіз ереміз. Шикізатымыз, ұлан-ғайыр жеріміз тұрғанда, тәуелді бол­май­тын затқа тәуелді боламыз. Неге олардың алдында мүсә­пір­дің күнін кешеміз. Қазақтың құ­дай берген өз ақшасына қазақ­тың қажеттілігі неге істелмейді? Кешегі сырттан заттарды тасымалдау жойылған жылда­ры елде қант болмай қалған мезгілде, қант қызылшасын өсі­ріп, ел өзі өндірген қантты жеді. Сұйық май керек деген соң, күнбағыс егіп, Ақтөбеде оны сығатын кәсіпорын ашып, сұй­ық майын өздері өндіріп, пай­да­ланды. Өз елінде, өзінің жерінде өсіріп, өндіруге бола­ты­ны­на көздері жетті. Құдайға шүкір, елдің, жер­дің байлығы жеткілікті, тіпті жетіп артылады да, тек қана сол байлықты игерер, меңгерер, иесі болар қазақ ұлы болса. Іс соны күтіп тұр. Бақберген ҚАРАҚОВ, еңбек ардагері. Ақтөбе.