Кез келген адамның құқын әділ қорғай алу – мемлекеттің міндеті. Осы мақсатты заң аясында орындау үшін шынайы сот төрелігін жүзеге асыруға қашанда ерекше назар аударылады. Ал еліміздің дамуындағы экономикалық, демократиялық жетістіктер мен өскелең заман талабы сот төрелігін жүргізуде тың үлгілерге жол ашуына мүмкіндік берді. Соның бірі ретінде алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізу тәжірибеге енді. Сөйтіп, осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған «Алқабилер туралы» Заң қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін, алқабилердің құқықтық мәртебесін, тәуелсіздігінің кепілдіктерін, олардың қызметін қамтамасыз етудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайтын болды. Мемлекет басшысы алқабилер сотын енгізу қағидатты қадам болды деп атап өтті. Бұл демократияның ажырамас бөлігі ретінде азаматтық қоғам институттарын дамытудағы және адам құқықтарын қорғаудағы жауапты кезеңге айналды.
Одан бері алқабилердің қатысуымен елімізде бірнеше істер қаралды. Жалпы, алқаби дегеніміз соттың қылмыстық істі заңда белгіленген тәртіппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған еліміздің кез келген азаматы. Сондықтан да алқаби сотын – сот төрелігін жүзеге асыруға халықтың қатысуының бір түрі дейміз. Алайда, бұл жай ғана қылмыстық іс жүргізу институты емес, ол ерекше әлеуметтік институт, бұл ретте қаралатын істердің қаншасы оның үлесіне тиесілі екеніне қарамастан, мұндай соттың елде болу фактісінің өзі осы елде жарыспалы сот төрелігінің бар екендігін білдіреді.
Бұл жөнінде біз әңгімелескен Жоғарғы Соттың судьясы Әділ Құрықбаев елімізде алқаби соты орнықты, ол бүкіл қылмыстық процестің мәні мен мазмұнын өзгертетін сот ісін жүргізудің жаңа түрі болып табылады дейді. Арнайы іріктелген адамдар істің нақты мән-жайларын бағалап, шешім шығарады. Азаматтық қоғам мен мемлекет үшін осы институттың құндылығы алқабилердің кәсіби судьяларға қарағанда сот қызметіне істі қабылдауды, өмірлік тәжірибені, ақиқат пен әдептілікті қоғамдық ұғынуды өзгеше енгізуінде болып отыр. Ресейдің атақты заңгері А.Ф.Конидің айтуынша, алқабилер сотта көріп, естігендері бойынша өздері еркін және тәуелсіз құрған ішкі нанымы бойынша істерді шешеді. Ондай наным оларға істі талқылау ықпал еткен түрлі әсерлер жиынтығын іштей өңдеуден туындайды. Қандай да бір дәлелдемелерге сенуді немесе сенбеуді олардың ар-ұжданы шешеді. Бұл сөздер бүгінгі күні де өзекті болып табылады. Алқаби сотын көп жағдайда «қоғамдық ар-ұждан соты» деп айтады, ол қоғамда ақиқат пен әділеттілік туралы ұғымды дерексіз емес, нақты түсініктер арқылы қабылдап, қолдайды.
Қазақстанда алқаби соты енгізілгеннен бері бірнеше жыл өтті, осы кезеңде алқаби соттары біршама тәжірибе де жинағаны анық. Мәселен, үстіміздегі жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша республикада барлығы 208 адамға қатысты 113 қылмыстық іс қаралған. Бұл ретте егер 2007 жылы 61 адамға қатысты 36 қылмыстық іс қаралған болса, биылғы жылдың 8 айында 69 адамға қатысты 35 іс қаралды. Соттардың алқабилердің қатысуымен қарайтын істердің көбеюі оған сенімнің артып отырғанын білдіреді дейді мамандар. Сот төрелігінің осы институтына туындап отырған қызығушылық оның өміршеңдігі мен маңыздылығының белгісі болып табылады.
Аймақтар арасынан облыстық және оған теңестірілген соттарға баруға жататын сотталушылардың алқаби сотын неғұрлым жиі таңдап отырғанын атауға болады. Соның ішінде өткен кезеңде алқабилердің қатысуымен ең көп істерді Алматы облыстық соты және Оңтүстік Қазақстан облыстық соты қараған. Одан кейін Атырау облыстық соты 12 іс, Астана, Алматы қалалық және Маңғыстау облыстық соттары 11 істен қараған.
2007-2008 жылдары Павлодар, Қарағанды облыстық соттары алқабилердің қатысуымен қылмыстық істерді қарамаған, бірақ биыл жағдай өзгерді. Қарағанды облыстық соты 3 іс қарады және жақында Павлодар облыстық сотына бірінші іс түсті. Өткен кезеңде республиканың Әскери соты ғана алқабилердің қатысумен істерді қарамағаны белгілі.
Әрине, біздің елімізде әлі де алқабилер соты алғашқы қадамдарын ғана жасап келеді, сондықтан күдіктер де, сын да айтылады. Атап айтқанда, алқаби сотына қарсы пікір білдірушілер алқаби сотын енгізу әлі ерте, ондай сот біздің менталитетімізге жат деген уәждер келтіреді. Кейбіреулер мұны шығарылған сот шешімінің себептерін заң ғылымына және практикасына ешқандай қатысы жоқ адамдардың, кейбір жағдайда тіпті мамандар үшін де қиын болып табылатын кінәлілігі, дәлелділігі, жауаптылығы туралы аса күрделі мәселелерді шеше алмайтындығымен түсіндіруге тырысады. Кейде алқабилердің төмен әлеуметтік мәртебесі туралы да айтылып жатады.
Бұл пікірлермен бірқатар мамандар нақты келіспесе де алқабилердің қатысуымен жүргізілетін сот ісін жүргізу әлі толық жетілмегендігін алға тартады. Бірақ, алқаби соты демократияның сөзсіз жеңісі екені, оны барынша қорғау және дамыту керектігі анық. Қазақстандағы сот реформасының қазіргі заманғы тұжырымдамасы оны ең алдымен, сот жарыспалылығын ынталандыруға, сол арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын неғұрлым пәрменді қорғауға ықпал етуге арналған институт ретінде қарайды. Осы тұрғыдан алғанда біздің үмітіміз ақталды, оны ақтау үкімдерінің көбейіп келуі көрсетеді. 2007 жылы алқабилер 3 адамды ақтап қалса, 2008 жылы соттар 5 ақтау үкімін шығарған. Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында 9 сотталушы ақталған. Барлық осы кезең ішінде іс жүргізу негіздері бойынша бір ғана ақтау үкімінің күші жойылған көрінеді. Мәселен, Атырау облыстық сотынан сот қызметкері Б.Ғалиев хабарлағандай, онда алқабилердің қатысуымен сот істері қаралуына байланысты көптеген өзгерістер бар көрінеді.
Жалпы, жергілікті халық өкілдері болып табылатын алқабилердің сот шешімдеріне қатысуы, жәй қатысып қоймай, олардың шешім шығаруға нақты ықпал етуіне жағдай жасайтын бұл өзгеріс еліміз ұстанған демократиялық қоғам құру талаптарынан туындады. Алқабилер туралы заң талабы аса ауыр қылмыстарға қатысты қолданылады және де олардың қатысуымен іс тек сотталушының өтініші бойынша қаралады деп заңда нақты көрсетілген. Егер сотталушы бас тартса, қылмыстық іс кәсіпқой судьялардың қарауына алынады. Сондықтан алқабилердің қатысуымен өтетін соттың жетістіктері мен олқы түсіп жатқан жақтары қандай, нендей ерекшеліктері мен өзгешеліктері бар, судьялар мен мемлекеттік айыптаушылардың, алқабилердің сот барысындағы қарым-қатынасы қандай, алқабилердің қатысуымен өтетін сот процестерін ұйымдастырудағы проблемалық мәселелер қандай деген мәселелер жиі көтеріледі. Алқабилердің қатысуымен өткен сот процестеріне шолу жасаcақ құзырлы органдар жүргізген тиісті тексеруден кейін әрбір алқаби мүшесі сот басталар алдында ант қабылдайды. Олар өздерінің ішкі нанымы бойынша шешім шығарады. Сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге, сотқа қатысушыларға судья арқылы сұрақтар қоюға, сот отырысында істің жария етілген мазмұнымен танысып, түсініксіз мәселелер бойынша сауалдар беруге құқылы. Сот ісінде жариялылыққа, тәуелсіздікке қол жеткізу бағытында дүниеге келген алқабилер институтының ең басты ерекшелігі олар кеңесу бөлмесінде бірқатар маңызды мәселеге айрықша назар аударады: әрекеттің орын алғаны нақты дәлелденді ме, бұл әрекетті сотталушының жасағаны расталды ма және бұған сотталушы кінәлі ме? Міне, осы сауалдар арқылы сотталушының кінәлілік дәрежесі анықталып, соған сәйкес айыптап соттауға немесе жауаптан босатуға шешім қабылданады.
Ата Заңымызда белгіленген сот тәуелсіздігі, кінәсіздік презумпциясы, тараптардың теңдігі және жарыспалық қағидатын сақтай отырып, ар-ождан таразысы арқылы адамдардың тағдыры шешіледі. Бұл ретте қоғам мүддесін білдіретін алқабилердің моральдық бейнесі кіршіксіз, азаматтық ары таза, адамгершілік ұстаны жоғары болуына баса назар аударылады. Өкінішке қарай, алқабилер тізімін жасаған кезде құзырлы органдар тарапынан тексеру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі салдарынан олардың қатарына өткен өмір жолы күмәнді, жауапкершілік жүгін жете түсінбейтін, тіпті тәртіпсіз адамдардың да еніп кеткен фактілерінің бар екенін жасыруға болмайды. Мысалға, кейде алқабилердің қатысуымен екі айға созылған сот барысында үкім шығарған кезде алқаби мүшесінің бірі лайықсыз екендігі анықталды. Нәтижесінде екі ай бойғы тергеу, тексеру жұмыстарының барлығы зая кетіп, бәрін қайтадан бастауға тура келді, дейді Б.Ғалиев. Әрине, көш жүре түзеледі дегендей, алқабилердің болашағы зор екені және оны халқымыздың қолдап отырғаны сот жүйесіндегі үлкен өзгерістің дұрыс екендігін айқын көрсетеді. Конституциямыздың 75-бабында жазылғандай, қылмыстық істі қараудағы өзгеріс оған алқабилерді қатыстыру болып табылады. Алқабилер тарихын жазып жүрген Жоғарғы Соттың судьясы Ә.Құрықбаев заңгер зерттеушілердің айтуына сүйене отырып, алқабилер соты Англия королі Генрих ІІ-нің тұсында пайда болған дейді. Ол қалада тұратын өзінің қоластындағыларының әр жүзінен 12, ауылдық жердегі әр жүзінен 4 адамнан шақырып алып, белгілі бір қазылар алқасын құруды міндеттеген. Олар арнайы тапсырмамен жер-жерлерді аралап келгеннен кейін, орын алған қылмыстар және оны жасаған адамдар жөнінде королдің судьяларына ақпараттар беріп отырады екен. Басқаша айтқанда, адамның қылмысқа кінәлі немесе кінәлі еместігін шешетін қазіргі присяжный деп аталатын судьяның ғана емес, олар айыптаушының да, куәнің де және хабаршының да рөлін атқарыпты. Мысалға, ағылшын мемлекетінің сот құрылымын сараласақ, присяжныйлар соты көпке дейін азаматтық істерді, соның ішінде, жер дауларын қарайтын болған. Кейіннен ғана присяжныйлар соты қылмыстық істерді қарауды қолға алыпты.
Ал өз тарихымызға үңілсек, ІV ғасырда қазақ мемлекеті пайда болған кезден бастап, хан билігімен қоса, сот билігінің, яғни билер билігінің қатар дамығанын көреміз. Көшпелі қазақ қоғамында билер құзыреті елдік биліктің ең көп тараған, халыққа жақын әрі түсінікті, оның құрметіне бөленген, сондықтан да мейлінше пәрменді әрі қуатты салаларының бірі болған. Оның үстіне ХV –XVІІІ ғасырлардағы қазақ хандығы монархия мен аристократиялық республиканың элементтерінен тұратын далалық мемлекеттің дәстүрлерін бойына жинақтаған иерархиялық әлеуметтік-саяси құрылым еді. Онда жыл сайын ханмен бірге жалпы мемлекеттік мәселелерді шешу үшін ру ақсақалдары мен билері қатысатын құрылтай шақырылатын. Сол кездегі ру билері соттың және әкімшілік биліктің міндеттерін қатар атқарғаны рас. Бірақ, артынан, қазақ даласы Ресейдің қол астына қарағаннан кейін билер ауқымын тарылтып, орыс судьяларының рөлі басым түсе бастады. Кеңес дәуірі кезінде Қазақстандағы сот әділдігін атқару бір судья мен екі халық заседателінің қатысуымен жүзеге асырылды. Ал 1995 жылдан бастап сот үкімін шығаруды тек кәсіптік судьялар қолға алды.
Әрине, алқабилерді қатыстырып сот ісін қарау жүйесін әңгіме еткенде, зерттеушілер оларды англо-саксондық және құрлықтық құқықтық жүйе түрлері деп екіге бөледі. Қолданыстағы заңдарды пайдаланып, соның негізінде өздерінің сот жүйесін құрған Англия, Америка, Канада және басқа елдер соты англо-саксондық құқықтық жүйедегі болып табылады. Бұл жүйедегі мемлекеттерді присяжныйлар кеңесу бөлмесінде өздері ғана болып, шешім шығарады. Ал құрылықтық жүйедегі мемлекеттерде болса присяжныйлар соты шешімді кәсіптік судьямен бірге отырып шығарады.
Қай жүйеде болмасын бұлар, негізінен, төрт сұраққа жауап беруге тиіс. Біріншіден, қылмыстық оқиға орын алды ма, екіншіден, егер қылмыстық оқиға болса, онда жаңағы айыпталып отырған адамның қатысуымен өтті ме, үшіншіден, ол қылмысты жасады ма, төртіншіден, осы айыпталып отырған адам жасаған қылмысына кінәлі ме?
Алқабилер қатарына мүше болатын адамдарды түрлі деңгейдегі сайлауға түсетін үміткерлер тізімі арасынан әуелі облыс және аудан әкімдері таңдап алуға тиіс. Таңдауға түсетіндер, ең алдымен, 25 жасқа толған, денсаулығы жақсы, ақыл-ойы дұрыс, бұрын сотталмаған жан болуы керек. Бұларды қалалық, облыстық әкімдіктер жинап, іріктегеннен кейін, оларды сот мүшелері тағы да тексереді. Бұл сұрақ-жауап арқылы жүргізіледі. Өйткені, бұрын құқық қорғау органында істегендер, адвокаттар, немесе қазір сондай қызмет саласында жүргендер алқабилер құрамына енбеуі тиіс. Себебі, алқабилердің заңға ешқандай қатысы жоқ адамдар болғаны жөн. Ондай алқабилер шешім қабылдағанда, заңдылықты сақтай отырып, сот талқылауында дәлелдерге шынайы баға береді және шығарған шешімдер қылмыстық оқиғаға сай болып, адамның шын мәнінде кінәлі екенін анықтау жолдары іздестірілуі керек.
«Алқабилер туралы» Заңға сәйкес елімізде алқабилер 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап қылмыстық істерге қатыса бастады. Олардың асықпай шешім шығаруына барлық жағдай жасалған. Нақты бір істі қарауға таңдалған он бір алқаби қанша қажет болса, сонша рет сот процесіне қатысады. Оларға кәсіпқой судьялар жалақысының 50 пайыз көлеміндегі айлық төленеді. Дегенмен, бәрі олардың сот ісіне қатысқан күндер санына байланысты. Ал алқабилер жасақталғаннан кейін босаған қалған үміткерлерге олардың сотқа шақырылған, келген күндеріне ақы төлеу мен қызмет орнындағы айлықтарының сақталуы заңда қарастырылмаған. Алқабилер тізімін жасақтау жергілікті әкімдіктерге жүктелгендіктен, олардың арасына талапқа сай келмейтін адамдар да қоса ілеседі. Сондықтан ол тізімдегі үміткерлерді компьютер арқылы таңдағанда небір адамдардың алқаби болып шыға келетіні сөзсіз. Дегенмен, бұл кемшіліктердің бәрі түзелетін қолдағы іс. Ең бастысы, алқабилер қатысуымен қаралатын сот процестерінің ізгілікті және әділдікті арқау ететіні халыққа үлкен сенім ұялатады. Бұл – сотқа деген сенім.
Александр ТАСБОЛАТОВ.