Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойына тарту ретінде жолға шыққан «Менің Қазақстаным» арнайы пойызындағылар белгіленген бағыттары бойынша Қостанай облысының Рудный қаласы, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы, сондай-ақ Қарағанды облысының Теміртау қаласы мен Жаңаарқа аудандары стансаларына табан тіреп, жергілікті жұртпен жүздесті. Аталған жерлерде оларды жергілікті билік өкілдерімен бірге, тұрғындар салтанатты жағдайда күтіп алды.
Арқалықтан бет алған арнайы пойыз Рудный қаласының вокзалына келгенде күтіп алушылар санында есеп болмады. Пойызды асыға күткен қала жұртшылығы алдында сөз алған «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының арнайы өкілі Қазбек Қазкенов «Менің Қазақстаным» пойызының мақсаты жайын тағы бір пысықтап өтсе, Рудный қаласы әкімінің орынбасары Әбдірахман Ешмұханбетов Астанадан атбасын тіреген қауымға ризашылығын жеткізді.
Халық үшін деп Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай дайындалған бұл пойыздағы мәдени іс-шаралар мен тұрғындардың талап-тілектері бойынша жүргізілген заңдық кеңестер көпшілік көңілінен шығып, олардың сол саладағы өздерін толғандырған түрлі мәселелерден мағлұматтар алуына мол мүмкіндіктер берсе, осы күні түстен кейін «Рудный дауысы» радиосы бұл пойыз жайында тікелей эфир хабарын ұйымдастырды.
Рудный қаласында бүгінде түрлі салалар бойынша іргелі жұмыстар жүргізілуде екен. Олардың қатарында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 900 орындық №7 қазақ орта мектебі мен жалпы саны 170 балаға арналған қалалық балалар ауруханасы кешенінің ғимараттарының пайдалануға берілгенін айтуға болады. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да біршама жұмыстар атқарылыпты. Алпыс жылға жуық тарихы бар бұл шағын шаһарда 130 мыңға жуық халық тұрса, 12 мектепке дейінгі балалар мекемесі мен 23 орта мектеп, сонымен қатар, 1 жоғары оқу орны, 4 колледж, 3 кәсіптік лицей білім аламын деген жасқа өз қызметтерін ұсынуда екен. Өндірісті қаланың өнеркәсіп саласы да жақсы деңгейдегі көрсеткіштермен толығуда.
Мұнан кейін «Менің Қазақстаным» арнайы пойызын Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы тұрғындары қарсы алды. 12 мыңнан астам халық тұратын аудан орталығының мәдениет үйінде «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының өкілдері мен Нұрғали Нүсіпжанов, Айжан Нұрмағамбетова сынды өнер тарландары арнайы жүздесулер өткізіп, 20 жылдағы жетістіктеріміз жайында ой бөлісті. Сонымен бірге, пойыздағы медицина саласының өкілдерімен бірге жұмыс жасаған Ақмола облысының дәрігерлері ауруына ем іздеген 70-ке жуық жанды қарап, кеңестерін ұсынды. Осы ретте аудан тұрғындары Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» және Данияр Саламатовтың «Бәйтерек» киноленталарын көріп, тамашалады.
Тайыншалықтар мен аудан қонақтарын кешкісін болған эстрада жұлдыздарымен өткен думанды концерт ерекше көңіл-күйге бөледі. Күні бұрын хабарланған бұл кешке Көкшетау қаласынан арнайы келген Қуаныш Мағзұмовтың қуанышында шек болған жоқ. «Қазақ әншілері келеді екен дегенді естігенде, әсіресе, соның ішінде замандастарым Нұрғали Нүсіпжанов пен Алтынбек Қоразбаев бар деген хабар құлағыма тиісімен үйде жата алмадым. Алматыға, Астанаға барып концерт көруге расы керек, елдегі ағайынның қалтасы көтере бермейді ғой. Сол үшін осындай шара ұйымдастырып, дүйім жұрттың көңілін серпілтуге ұйытқы болған «Нұр Отан» партиясына алғысым шексіз. Мұның бәрі де, сайып келгенде, егемендігіміздің арқасы екені даусыз. Сондықтан да тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!» – деген ақжарма тілегін жеткізді ақсақал.
Теміртаулықтардың да бұл пойызды асыға күткендіктерін аңғару қиын емес еді. Салтанатты жағдайда күтіп алудағы асқан қонақжайлық осының дәлелі. Түрлі сала бойынша келген мамандар ішінде Ұлттық банк өкілі Құман Садықов тұрғындарға несие алудың алғышарттарын түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап беруі мен «Нұр Отан» ХДП өкілдерінің тұрғындармен алуан мәселелер төңірегінде ой өрбітулері де ешкімді де бей-жай қалдырмады. Сондай-ақ Роза Рымбаева, Жеңіс Сейдоллаұлы, Жазира мен Жанболат, Әлішер Каримов және Жұбаныш Жексенұлы сынды өнер саңлақтарының концерттік бағдарламасын қала жастары асқан ризашылықпен тыңдап, ерекше құрметтерін көрсетіп жатты.
Ән мен жырдың мекені, Сәкендей ақын серіні, даңқты спортшыларды өмірге келтірген Жаңаарқа жұртшылығының «Менің Қазақстаным» пойызын күтіп алуы делегацияны ерекше сезімге бөледі. Мұнда да бағдарламаға сәйкес пойыздағы партия өкілдері мен мамандар өз жұмыстарына кірісіп кетті. «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдаулары партияның Жаңаарқа аудандық филиалында өтсе, өзге заңдық кеңестер Сәкен Сейфуллин мектебінде жалғасын тапты. Әлеуметтік қамсыздандыру мен банк саласындағы кеңес алушылар саны мұнда да аз болмады. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында несие алу жайында кеңес сұрай келген жеке кәсіпкер, көп балалы ана Бағы Исина да бұл пойызды күткенін айтса, Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрлігінен бөлінген маман Гүлзира Сәлемова 22 адамның қабылдауында болғанын және олардың дені жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек, зейнетақы мөлшері жайында кеңестер алуға келгенін жеткізді.
«Менің Қазақстаным» арнайы пойызының іс-шарасы кеше кешкісін орталық Тәуелсіздік саябағындағы эстрада жұлдыздарының гала концертімен өз жалғасын тапты.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
Суреттерді түсірген Құралай ШЕРИЯЗДАНОВА.