«Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен Қазақстанның орыс қауымы арасындағы өзара түсіністік пен әріптестік туралы» меморандумға сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті және Қазақстанның Орыс қауымы қазақ тілін меңгерген жастарға қолдау көрсету, тіл мәдениетінің деңгейін көтеру және мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру мақсатында орыс жастары арасында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты республикалық байқауын жариялайды.
Байқауға 14-22 жас аралығындағы жастар қатыса алады.
«Тіл – халық жанын танудың кілті» атты республикалық байқау үстіміздегі жылдың 5 қыркүйек – 25 қараша аралығындағы екі кезең бойынша өткізіледі.
І кезең – аймақтық, ол 2011 жылғы 5 қыркүйектен – 15 қараша аралығында облыстар және Астана, Алматы қалалары бойынша өткізіледі.
ІІ кезең – республикалық, ол 2011 жылғы 25 қарашада Тіл комитеті және Қазақстанның Орыс қауымының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы, Достық үйінде өтеді.
Байқаудың бірінші кезеңінің ұйымдастырушысы жергілікті басқару органдары мен Қазақстанның Орыс қауымы филиалы, ал ақтық мәренің ұйымдастырушысы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мен Қазақстанның Орыс қауымы болып табылады.
Байқаудың бірінші кезеңінің шарттары.
Бірінші номинация – лексико-грамматикалық тест. Орындау уақыты- 40 мин.
Екінші номинация – жазбаша және ауызша тапсырмалардан тұрады:
а) ауызша тапсырма: қатысушылар ұсынылған сөйлемдерден өздерінің қаласы, ауылы, мектебі, ұстазы, т.б. туралы әңгіме құрап, айтады (билеттік жүйе);
б) жазбаша тапсырма: ұсынылған тақырыптарға эссе жазу;
Үшінші номинация қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларынан үзінді оқып, классиктің өмірбаянын қысқаша мазмұндау. Орындау уақыты - 3-5 мин.
Байқаудың екінші кезеңінің шарттары.
Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:
– «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің нышаны» атты ауызша таныстырылым (тұсаукесердің тақырыбын байқауға қатысушының өзі туралы әңгімемен байланыстыру, электронды және басқа нұсқаларды пайдалануға болады). Орындау уақыты 3-5 мин.;
- «Тіл – халық даналығының асыл қазынасы» қазақ сөз өнерін білуге арналған тест. Орындау уақыты - 30 мин.
- қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары үзінділерінің мазмұнын заманауи театрландырылған интерпретацияда баяндап, классиктің өмірбаянын қысқаша мазмұндау (билеттік жүйе). Орындау уақыты 5 минуттен аспауы керек
– Шығармашылық тапсырма «Шабыт жұлдызы»: халық аспаптарында ойнау, ұлттық ән, би, көркем сөз оқу, т.б. арқылы қазақтың ұлттық мәдениетін көрсету (үй тапсырмасы). Орындау уақыты 5-7 минут.
Республикалық байқаудың жеңімпаздары ақшалай және дипломдармен марапатталады. Байқауға қазақ мектептерінде және жоғары оқу орны 4 «қазақ филологиясы» мамандығында білім алушылар, сонымен қатар алдыңғы байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатыстырылмайды.
Ұйымдастыру комитеті
Байланыс телефондары: Астана қ. 8 (717/2) 740510