Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай халықты ән-жырмен сусындатып, тұрғындармен жүздесіп, оларға заңдық кеңестер беру мақсатымен Астанадан шыққан «Менің Қазақстаным» арнайы пойызы Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласы мен Павлодар облысының Ақсу қаларында болып, өз сапарын абыроймен аяқтады. Бұл жерлерде де оларды жергілікті қонақжай жұртшылық асқан құрметпен қарсы алды.
Пойыз Семей вокзалына келгенде кимешек киген әжелер қазақы дәстүр бойынша шашу шашып, ерекше ілтипат көрсетсе, «Абай» журналының бас редакторы, ақын Мұратбек Оспанов қонақтарға жыр арнады.
Үгіт-насихат пойызындағы кеңес берер сала өкілдері бұл жерде де өздерінің жұмыстарын абыроймен атқарды десек, жаңылыспаспыз. Қоғамдық қабылдаулардағы тұрғындар өтініштері мен ұсыныстарының әрқайсысына ыждағаттылықпен қарап, оларға барынша түсінікті тілде жауап берудің оңай шаруа емес екендігін ескерсек, оларға алғыстан басқа не айтуға болады. Ал, халықтың көңілін көтеріп, бір мезгіл серпілулеріне негіз болатын өнер саңлақтарының орнын ерекше атаған жөн.
Шежіреге толы көне шаһар Семейдегі халық белсенділігі кімді де болмасын таңдандырмай қоймайды. Олардың өнер саласының қай түріне де асқан құрметпен қарайтыны қуантады. Мәселен, қаладағы «Дастан» және «Еңлік- Кебек» кинотеатрларында көрсетілген Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» мен Данияр Саламатовтың «Бәйтерек» фильмдеріне келген жұрттың залдарға сыймай, біразы сыртта тұрғандығын айтсақ та жеткілікті. «Қазақфильм» АҚ қызметкері Мүсілім Күнгүров бұрын- соңды мұндай иін тірескен халықты көрмегенін айтып тамсанды.
Кешкісін «Спартак» стадионында концертке жиналған қала халқы мен қонақтарының аса көп болуы таңданарлықтай еді. Бұл жайында өнер тарландарының да риза екендіктерін де айтқан абзал. «Кешегі Аягөздің орталық алаңына жиналған халықта есеп болмады. Бұл бір жағынан, өнерге деген ел құрметі десек, екіншіден, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына деген қуаныш сезімі деп ұқтым. Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды алыптарды өмірге әкелген қасиетті Семей жерінде қойған бұл концертке ел ықыласының ерекше болғаны бізді аса қуантты», – дейді Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев. Сондай-ақ аталған концертте Нұрғали Нүсіпжанов, Майра Мұхаммедқызы, Мақпал Жүнісова, Сембек Жұмағалиев секілді әйгілі әртістермен қатар, өзге де есімі елімізге белгілі әншілер мен «Әлқисса» фольклорлық ансамблі және «Гүлдер» ән-би ансамблі қала тұрғындары мен қонақтарын әсем әндерімен сусындатты.
Ақсу қаласы да қонақтарды салтанатты жағдайда күтіп алды. Қала әкімінің міндетін атқарушы Балтабай Ақжанов арнайы келген пойыз делегациясына ризашылығын білдірді. Биыл бұйыртса, қазан айында құрылғанына 50 жыл болатын Ақсу қаласында 40 мыңдай халық тұратын болса, жалпы, ауылдық аймақтарды қосқанда 70 мыңнан асып жығылады екен. Таза да әсем шаһардың тыныс-тіршілігі ерекше. Қаладағы орталық көшелердің бірі Астана деп аталады. Бұл елордамыздың 10 жылдық мерейтойына орай берілгенін айтады қаланы қонақтарға таныстырушылар.
Арнайы сала мамандары қатысқан қоғамдық қабылдаулар бұл қалада да жақсы деңгейде өтті. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерде біршама мағлұматтардан хабардар болғандарын айтып жатса, мамандар да жұршылықтың белсенділіктері жоғары болғандығын жеткізді. Осы күні түске дейін де, түстен кейін де кеңес сұрай келгендердің қарасы мол болғанын айтады олар. Осы ретте «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының арнайы өкілі, академик Қазбек Қазкеновтің қалалық мәдениет үйінде өткізген арнайы лекциясын жиналғандардың асқан қызығушылықпен ықылас қоя тыңдағанын айтпай кетуге болмас.
Ән мен әншіні сағынған қала тұрғындары кеше кешке «Достық» стадионында өнер саңлақтарының концертін тамашалап, ерекше күйге бөленді. «Менің Қазақстаным» арнайы пойызы бүгін Астанаға келеді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
Суретті түсірген Құралай ШЕРИЯЗДАНОВА.