20 Тамыз, 2011

Қазақ тілін қазақ үйде үйренеді

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағындағы үлкен Шабақты көлінің жағасында Халықаралық бизнес академия­сының ұйымдастыруымен «Ұлытау – қазақ тілін оқытудың инновациялық әдістемесі» атты журналистерге арналған басқосу өтті. Оған ел астанасынан 20-ға жуық БАҚ өкілдері қатысып, мемлекеттік тілді үйренуге барған 30-ға тарта іскер адамдармен жүздесті. «Ұлытау – қазақ тілін оқыту­дың инновациялық әдістемесі» жобасы Елбасы Нұрсұлтан На­зар­­баевтың: «Бүгінгі таңда инно­ва­циялық білім берудің ірі жетістіктерін барынша тиімді түр­де пайдалануымыз қажет. Қа­зақ­­стан азаматтары қазақ тілін үй­ренумен ғана шектелмей, Қа­зақ елінің кешегісі мен бүгін­гі­сін, ата-бабаларымыздың жүріп өт­кен жолын, тарихын білуі тиіс. Мәдениетіміз бен дәстүрі­мізді терең меңгеріп, оны заманмен қатар алып жүру – әрбір адам­ның борышына айналуы керек. Бұл – барша қазақстандық­тар­дың бірігуі жолында таптырмас жол», – деген сөзін орындау мақ­сатында жасалған. Идеяны ұсынған белгілі азамат Дархан Калетаев пен Халықаралық бизнес академия­сы­ның ректоры Асыл­бек Қожах­метов екен. Құ­рылғанына көп бола қоймаған жоба осымен екінші рет бизнес өкілдері арасында мем­лекеттік тілді үйретуге арнал­ған лагеръ ұйымдастырған. Инновациялық әдістеменің басты мақсаты – бизнес сала­сын­да жүрген іскерлерді қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, оны күнделікті қолданысқа енгізуге шақыру. Жасыратыны жоқ, бұл са­ланың қызметкерлері көп жағ­дай­да орыстілді болып келеді. Сон­дықтан, басым бөлігі іскерлер қауымын құраған лагердің қаты­су­шылары 10 күн бойына қала дуы­нан алысырақ, нағыз қазақы ауылда қазақ тілін, оның мәде­ниеті мен салт-дәстүрін, ұлттық тағамдары мен ұлттық ойын­дары­мен танысуға мүмкіндік алады. Халықаралық бизнес акаде­мия­сының ректоры Асылбек Қо­жа­хметовтің айтуынша, лагердің алғашқы жылында 83 адам қа­тысқан. Оның 22 пайызы өзге ұлт өкілдерінен құралған. Ал биылғы жылы тек екі ауысым бойынша 45 адам тіл үйреніп жатқан болса, оның 12-сі өзге ұлт өкілдерінің еншісінде. Естеріңізге сала кетейік, қазақ тілін оқытудың алғаш­қы бастамасы өткен жылы Ұлы­тау жерінде бастау алған болатын. Соған сәйкес, инновациялық білім беру орталығының атауы да Ұлытау аталды. Олай аталуының басты себебі, Ұлытау – тарихи орын. Екіншіден, жақсы атау. Орталықтың басқалардан ерекшелігі – төрт қабырғалы кеңселерде емес, дәрістердің тарихи мекендерден орын алған қазақтың киіз үйлерінде өтуінде. Себебі, қазақ тілін толық меңгеру үшін, оның салт-дәстүрін, ырым-жоралғы­ларын білу маңызды. Ал 10 күн бойына сол киіз үйде жатып, оны өздері тігіп, қолмен ұстап, көзбен көруі, атауларына мән беріп, оған тіл жаттықтыру, тарихи орын­дар­мен табиғат ая­сын­да болу, қазақ тілін үйренуге деген талапкер­лердің құлшыны­сын арттыраты­ны сөзсіз. Жал­пы, 35 күнге жос­парланған жоба үш ауысымда өтеді. Әрбір ауы­сымда 25-27 қа­тысушы тілді білу деңгейіне қа­рай бастауыш, орташа, жалғас­тырушы топтарда білім алады. Оларға мемлекеттік тілді түсіну қабілетіне қарай, 3 оқу-әдіс­те­мелік құрал дайындалған. Алда­ғы уақытта тағы 3 оқулық жарық көретін көрінеді. Қолға алынған инновация­лық жобаның пайдасы мол екен­дігін, Бурабай жеріне аяғы­мыз тиген сәттен-ақ сезіндік. Онда құрылған 12 киіз үй, алты­бақан солардың дәлелі. Таңер­тең «Қа­ра­жорға» биін билеп, түске дейін 4 сағат киіз үйлерде өткізі­ле­тін сабаққа қатысып, түстен кейінгі уақытта сол өңір­дегі Абы­лай ханның тағы сияқ­ты тарихи орындарда болып, кеш­кісін ақ­сүйек, алтыбақан ойын­дарын ой­найтындарына куә бол­дық. Таза ауадағы тіл үйрену­ші­лердің жейтін тағам­дары – қазы-қарта, жал-жая, балқаймақ, су­сы­ны – қымыз екен. Күнделікті өмірде тек орыс тілімен ғана шектелетін іскерлер мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлеп жүрген­дерін көзбен көрдік. Олар тек тіл үйреніп қана қоймай, тамаша демалыс болған­дығын да жасыр­мады. Ұлытау, Бурабайда орныға бастаған лагер келесі жылы Бая­н­ауыл өңірінде жалғасын таппақ . Жұлдыз БАЙДІЛДА.