Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Бірлік жеңіске жетеледі

173 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы «Отан қорғаушылар» мону­­менті маңында өткен салтанатты шара ая­сын­да Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ру­хы­на тағзым етіп, монументке гүл шоғын қойды.

Бірлік жеңіске жетеледі

Ұлы Жеңістің 72 жылдығын атап өтуге арнал­ған жиынға Президент Әкімшілігінің, ел Үкі­метінің, Парламент пен мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері мен Астана қаласында тұратын майдангерлер және қала жұртшылығы қатысты.

Ұлы Жеңістің 72 жылдығын атап өтуге арнал­ған жиынға Президент Әкімшілігінің, ел Үкі­метінің, Парламент пен мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері мен Астана қаласында тұратын майдангерлер және қала жұртшылығы қатысты.

Ресми рәсім аясында жалғасын тапқан салтанатты шара барысында Мемле­кеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі еліміздің Әнұранын орындап, Құрмет қарауыл ротасы Жоғарғы Бас қолбасшының және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің алдында салтанатпен сап түзеп, жүріп өтті.
«Соғыс ардагерлері біздің бақыт­ты өмірі­мізге, тәуелсіздігімізге және аспа­ны­мыздың ашық болуына жол ашты. Біз бүгін «Отан қорғаушылар» мону­ментіне гүл шоғын қойып, хал­қымыздың майдандағы және тылдағы қаһармандығы мен еңбегіне деген зор құрметімізді білдіреміз», – деді Қазақ­стан Президенті.
Мемлекет басшысы Екінші дүние­жүзілік соғыс адамзат тарихында онда­ған миллион адамның өмірі қиылған ең қанқұйлы соғыс болғанын атап өтті.
«Қаза тапқандардың қатарында қазақ­стандықтар да болды. Республи­камыздың 6 миллион халқының 20 пайызы майданға аттанды. Олардың жартысы қайта оралған жоқ», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Жеңістің Қазақстан тәуелсіз­дігі тарихындағы тағдыршешті рөліне тоқталып, оған ел халқының бірлігі арқасында қол жеткізілгенін де атап айтты.
«Біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ерлігінен кем түспеуге тиіс. Жеңіске ең алдымен еліміздегі барлық халықтың бірлігінің, бауырмалдығының және достығының нәтижесінде қол жетті. Біз қазір де осы ұранмен өмір сүріп келеміз», – деді Президент.
Соғыс ардагерлеріне алғыс айтып, олардың жауға қарсы күресте көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығын атап өткен Мемлекет басшысы барша қазақ­стан­дықты Жеңіс күнімен құттық­тап, зор денсаулық және бақ-береке тіледі.
Салтанатты шара соңында Елбасы «Студенттер» саябағындағы ша­тыр­лар қалашығына барып, қарт майдан­герлермен емен-жарқын әңгіме құрды. Жылдағы дәстүрге сай мұнда 11 әскери шатыр орнатылып, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арналған дастарқан жайылған болатын. Айта кетейік, бүгінгі таңда елордамыз – Астана қаласында Ұлы Отан соғысының 121 ардагері тұрады.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»