Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Ақиқатқа ұласқан арман

172 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін әскери өмірдің айнасына айналу кез келгеннің маңдайына жазылған бақ емес. Осы орайда, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап қорғаныс саласының дамуына қомақты үлес қосып, Әскери байланыс жүйесінде ерен еңбек еткен генерал-майор Мүбәрак Орынбековтің орны бөлек. Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай еңбек демалысындағы қорғаныс саласының ардагеріне хабарласып аз-кем әңгімелескен едік.

Ақиқатқа ұласқан арман

– Әскери өмір сізді несі­мен қызықтырды? Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Әскери радиобайланыс сала­сына қызығушылық бала күнімнен оянды. Мек­тебімізде бірге білім алған 13 баланың талабын байқаған ұстазымыз Альберт Ковонешников бізді үнемі алға қарай талпындырып отыратын. Радиобайланыс бо­йынша түрлі жарыстарға қаты­сып, талай мәр­те топ жардық. Сол кезде бү­кіл республика көле­мін­дегі жур­налға шықтық. Бұл мені одан әрі қанаттандырып, әскери адам болу аттай қалаған арманы­ма айналды. Бала арман ақиқатқа ұласып, кейін осы салада білімімді терең­детуге мүмкіндік туды. Кемеров әскери училищесін, кейіннен Ленинградтағы Әскери байланыс академиясын ойдағыдай аяқтадым. Сөйтіп, әскери адам болып шыға келдім.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дарынан бастап еліміз­дің қор­ғаныс саласында қызмет етті­ңіз. Бірқатар құры­лым­дар­ды басқардыңыз. Өзіңіздің қыз­меттік жолыңызды көз алды­ңыз­дан қайта өткізіп, сол жыл­дарға бір сапар шегіп көрсек?
– Мәскеуде кафедра меңгеру­шісі қызметін атқарып жүрген кезім еді. Сол кездегі еліміздің тұң­ғыш Қорғаныс министрі Саға­дат ағаның шақыртуымен елге келіп, тәй-тәй басқан тәуел­сіз мемлекетіміздің игілігі жо­лын­да қызмет етуге білек сы­ба­на кірістік. Білімім мен тәжі­ри­бемді жоғары бағалап, мені бірден жауапты қызметке тағайындады. Шын мәнінде, ол кездер енді ғана тәуелсіздікке қол жеткізіп, еңсемізді тіктеп келе жатқан елең-алаң шақтар еді. Сол кезең мен дәл б­үгінгі күн­­ді мүлде салыстыруға кел­­мей­­ді. Бойымыздағы бар қа­жыр-қай­­ра­тымызды, білім-білігі­мізді, ерік-жігерімізді Ұлы Отаны­мыз­д­ың тыныштығы жолына ар­нау­­ға міндетті едік. Себебі, бәрі­­міз­­дің ортақ мұратымыз Отаны­­мыз­­дың тыныштығы, отан­дас­­та­ры­­­мыз­дың бейбіт те берекелі өмірі еді. 
Осы салада қызмет атқара жүріп, білімді де білікті кадр даяр­лау мәселесін алдыңғы қатарға қой­дық. Өйткені, ол кездерде ел аума­ғында радиобайланыс сала­сы бойынша білікті кадр­лар дайындап шығаратын оқу оша­ғы атымен жоқ деуге болатын. Оқимын деп талаптанғандар Мәс­кеуге немесе басқа елге сабыла­тын. Көптен көкейді кернеген мәселенің шешімін тауып, «Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік инс­­­титутын» құрдық. Бүгінгі таңда аталмыш оқу ордасы қана­тын кеңге жайып, жыл сайын қаншама білікті мамандарды қанаттандырып отыр. 
Иә, өзіңіз айтқандай, әскери салада өмір бойы еңбек еттім. Жауапты қызметтер атқардым. Оның бәрі Отан алдындағы борышым деп есептеймін. Ең­бегіміз де елеусіз қалған жоқ. Елбасымыздың қолынан 1995 жылы генерал-майор деген шен алдым. Осының барлығы ме­нің ғана емес, осы жолда табанды түрде бірге қызмет еткен әріптестерімнің де еңбегінің бағаланғаны деп білемін. 
– Тәуелсіздік алған 25 жыл ішін­де Қазақстан Қарулы Күш­тері қандай жетістікке жетті. Не ұттық? Неден ұтылдық?
– Тәуелсіздік алған 25 жыл ішін­де Қарулы Күштеріміз ауыз толтырып айтарлықтай жетіс­тіктерге қол жеткізді. Рухы дауылдай, айбары алдаспандай айбынды әскеріміз құрылды. Соңғы үлгідегі әскери техникаларды игеріп кез келген мемлекетпен иық тірестіре алатын жағдайға жеттік. Уақыт көшіне ілесіп, заманға сай дамып келеміз. Мұның бәрі бере­ке мен бірліктің, еңселі егемен­дігіміздің, Елбасымыздың көре­ген саясатының жемісі деп біле­мін. Еліміздегі әскери бөлім­де­р­­дің материалдық тұрғыда жаб­­дықталуын, әскери қызмет­кер­леріміздің әлеуметтік тұрғыда қорғалуын мемлекетіміз әрдайым басты назарда ұстап келеді. Қазақ әскері өзіндік беделін қалыптастырған қуатты әскерге айналды. Сондықтан, осы 25 жыл ішінде ұтқанымыз, көп.
– Өміріңізді осы салаға арна­ған азамат ретінде айты­ңыз­шы, әскери адамның ең не­гіз­гі ұстанымы қандай болуға тиіс?
– Отан қорғау, ел тыныштығын қадағалау, ердің еріне артылатын міндет. Осы міндетті мойныңа алған екенсің, оны аяғына дейін абыроймен атқаруың керек. Жолыңда талай кедергілер мен қиындықтар, түрлі тосқауылдар тап келсе де, әділеттің жібінен аттамауың қажет. Батырлық көз­сіз ерлікте ғана емес, парасат­тылық пен орынды шешім қабылдай білуде. Осынау дархан даланы ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен аман сақтап, кейінгі ұрпақ мына бізге аманат етті. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп, өліп бара жатсаң да намысыңды таптатпауға, я болмаса ешкімге қиянат жасамауға үйретті. Яғни, біздің қанымызда бабаларымыздан мирас болып келе жатқан тектілік пен тазалық бар. Сол тазалы­ғы­мызды жоғалтып алмауы­мыз қажет. Әскери өмірде қызмет ете­тін адам тым қатал да, тым жұм­сақ та болмауы керек. Ең басты­сы, әділет пен ақиқаттың ауы­лынан алыстамағаны абзал. Отанын, туған жерін, ұлтын сүйе алмаған адамнан үлкен ерлік күтуге болмайды. Сондықтан әрбір азамат, әсіресе, әскери адам, Отанының патриоты болуға тиіс деп есептеймін. Ұлтын сүйе біл­ген жан – бүкіл адамзат баласын да сүйе алады.
– Мәңгілік елдің тыныш­тығын кірпік қақпай күзететін ізбасар інілеріңізге қандай тілек айтасыз?
 – Қарулы Күштеріміз жыл сайын қуат алып, Қазақстанымызбен бірге қарқынды дами берсін. Ел іргесі тыныш болсын. Тәуел­сіз еліміз экономикасы дамы­ған, мәдениеті бай, әлемнің қорға­нысы қуатты ең озық елдерінің алдыңғы қатарынан көрінсін. Бабаларымыздан мирас болып қалған ұлан-байтақ жеріміз, жүрегі шуақты, білегі қуатты ержүрек ерлеріміз аман болсын! Мәңгілік елдің көк байрағы көк жүзінде желбірей берсін!
 – Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен 
 Арман ОКТЯБРЬ,
 «Егемен Қазақстан» 
АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар